2024-09-20

«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫ – ІСТІҢ ҚОЗҒАУШЫСЫ

tories/001mang-el.jpg» border=»0″ />

Ата Заңымызда анықталғандай, Елбасы мәртебесі мен міндеттерінің бір парасы жыл сайын халыққа арналған Жолдауын жариялау болып табылады. Алғашқы халыққа Жолдау 1997 жылы жолданды. Содан бері елбасы Жолдауы жылдың маңызды құжаты саналып, елдің экономикалық және әлеуметтік дамуының басым бағыттары мен мақсатын айқындап, тапсырмалар мен міндеттер жүктеген басты оқиғалары қатарына кіреді.

2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауын: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті»,- деп бастады. Бұл орайда елең еткізген жаңалық — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік ел» идеясының жариялануы. Бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу.«Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады.

Елбасымыз «Мәңгілік Ел ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман — әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман — тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық. Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол — Мәңгілік Ел идеясы, Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ — Мәңгілік Қазақтың перзенті», — деп атап өтті.

Міне, сол кезден бері Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауы осы ұлы идея саналатын «Мәңгілік ел» идеясының жүзеге асуына бағыт-бағдар беру аясында елге жолданып келеді. Ата-бабаларымызға асқақ арман болған «Мәңгілік ел» идеясын қолдау мен жүзеге асуы барысында Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде бірқатар істер өз жүйесін тауып, қолға алынуда.

Еліміздің мұратына айналған «Мәңгілік ел» идеясы — халықтың әл-ауқатын жақсартып, ынтымағын арттыратын, елді дамудың жаңа сатысына жетелейтін жаңа қадам. Сондықтан бұл мақсатқа жету барысында елдің жан-жақты дамуы, халқымыздың бәсекеге қабілетті ұлт болып шығу, білім, денсаулық, спорт, әлеуметтік, экономикалық салаларын дамытып, жалпы айтқанда жан-жақты дамып, заман ағымынан артта қалмай алға жылжуымыз керек. Алға ұмтыла отырып өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды, ата-бабаларымыздың асқақ армандары мен жүріп өткен жолын ұмыт қалдырмауымыз да басты назарда.

Биылғы жылы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының түп тамыры да сол «Мәңгілік ел» идеясымен астасып жатқаны белгілі.

Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасы мақаласы негізінде қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру ҚР Президенті Әкімшілігі белгілеген жобалық менеджмент тәсілімен жүргізіліп жатыр. Облыстық әкімдік аппаратының бас инспекторы Бақытжан Әшірбековтің айтуынша, бүгінгі таңда «Туған жер» бағдарламасының 4 жобасы бойынша, 95 жоба республикалық кеңсеге жолданды. Соның ішінде 80-і республикалық жобалар қатарына еніп отыр. Олардың менеджмент жүйесін ҚР Бас прокуратурасы қолға алып, жұмыс жүргізуде. Жобаны жүзеге асыру үшін түрлі мәжілістер, талқылаулар ұйымдастыру емес, нақты өлшемді, қолжетімді, өзекті, критерийлері бар смарт мақсаттар жобалары арқылы жүзеге асырылмақ.

«Жалпы 2022 жылға дейін бюджет есебінен16,2 миллиард теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. Ал, кәсіпкерлер, демеушілер есебінен 2017-2018 жылға 2,3 миллиард теңгені құрайтын 200-ден астам жоба жүзеге асырылады»,- дейді Бақытжан Әшірбеков.

«Мәңгілік ел» идеясы еліміздің жан-жақты дамуымен астасып жатыр. Осы орайда өнеркәсіп саласының да қарыштап дамуы маңызды мәселе санатында.

Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында ОҚО-да 371 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді . Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 250,4 млрд теңгені құрап отыр. Ал, аса маңызды өнімдердің ішінде мақта талшығы — 3,6 есеге (29,9 мың тонна), тауарлық бетон — 44,1% (555 мың тонна), құрылыс кірпіштері — 5,4% (74,6 мың м3), портландцемент — 22,2% (1276,6 мың тонна) артқан. Сондай-ақ, өңірде осы алты ай ішінде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 139,1 млрд. теңгені құраған. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,9 пайызға артық. Ал, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 178,7 мың бірлікті құраса, жұмыспен қамтылғандар саны 331,5 мың адамды құрады. Осы жылғы қаңтар-наурызда шағын және орта кәсіпкерліктегі субъектілердің өнім шығарылымы 158,3 млрд теңге болып отыр.

«Мәңгілік ел» идеясы тереңге кетер тағы бір тамыры — білім саласы. Елбасымыз атап өткендей дәл қазір ең өзекті мәселелердің бірі латын әліпбиіне көшу екені белгілі. Бұл үш тұғырлы тіл жобасы аясында іске асырылып жатқан жобалардың бірі. Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ұйымдастырған «Хакатон» хакерлік марафонының сәтті өткенін атап өткен жөн. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен Елбасы саясатын қолдау мақсатында қолға алынған ІТ мамандары арасында өткен конкурста шымкенттік өнертапқыш Қуаныш Рысқұлов латын қаріпіне көшу кезінде кездесетін қиындықты жеңетін әдіс ұсынып, жоба жеңімпазы атанып 1 млн теңгені қанжығасына байлады.Байқауға студенттер, оқушылар, жас өнертапқыштар мен түрлі деңгейлі ІТ мамандардан құралған 50 адам қатысқан болатын. Олардың ішінен 8 ІТ маманның жобасы үздік деп танылған.

Түрлі идея, бағдарламалардың түпкі мақсаты нәтиже.Ал, нәтижеге қол жеткізетін ой мен сөзге жан бітіретін қам-харекет. Бақылаушы, сын тағушы ұстанымынан шығып, шынайы өмірге араласуы, идеяның орныға түсуіне үлес қосу әркімнің міндеті болуға керек-ті. «Мәңгілік ел» идеясы- істің қозғаушысы. Әрбір адам, әрбір отбасында түлеп, шыңдалып, сананы өзгертуге сеп болған идея іс жүзінде көрінгенде ғана қоғамның санасын өзгерте алады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік психологиясын өзгертпек.

А. БАҚЫТ.

Яндекс.Метрика