2024-09-20

Аяулы ананың ақ тілегі

Осыдан төрт жыл бұрын Ресейдің Сочи қаласында байрағын көтерген Қысқы Олимпиада ойынында Шымкенттің қаршадай қызы алтыншы орыннан көрінді. Сол сәтте қуанышымыз қойнымызға сыймай, Жанботаның үйіне барып құттықтап, сұхбат жүргізген едік. Бұл жолы жалауы қайта желбіреген Олимпиаданың тұсында сәттілік тілеп, шығарып салу үшін шаңырағына бас сұқтық.

tories/1aa.jpg» border=»0″ />

Анасы өзінің тігін бөлмесінде Жанботаның сайыс кезінде киетін формасының балағын сөгіп, кеңейтіп жатыр екен.

– Өзіңіз көріп тұрғандай балағын кеңейткеннен бөлек, жылы болу үшін форманың ішіне мақта салудамын. Ауылдың иісі шығып тұрсын деп, құрт кептіріп жатырмын. Қазы да алып барамын. Қазір олар Ресейдің Краснодар қаласында соңғы дайындықтарын жүргізуде. Жетісі күні Алматыдан Корея еліне ұшып кетеді. Бұл жолы да жарыс кезінде қасына бара алмай, аэропортта қол бұлғап қалатын болдым.

Қызымның болмысы әкесіне тартқан. Бірбеткей мінезі бар. Патриоттық сезімі де ерекше. Сол себепті биік тұғырды бағындыратынына сенімдімін. Соны тілеп, тісімді тісіме тигізбей отырмын. Қоғамдық ортада мені танып, «Сіз фристайл-акробатшы Жанбота Алдабергенованың анасы емессіз бе?» десе, «иә, анасымын. Мұсылманның бір-біріне жасаған дұғасы қабыл болады, менің қызыма дұға тілеңізші!» – деп, айтып жүрмін.

– Қызымды көрмегелі үш ай болды. Қатты сағындым! – дейді аяулы ана.

Жанботаның шаңырағында жаңа жыл жақсы жаңалықпен басталған. Інісі Саттар Алдабергенов Ресейдің Уфа қаласында фристайл-акробатикадан 12-16 жас аралығында өткен халықаралық жарыста бірінші орын алыпты. Әпкесінің жолын жалғаған Саттардың бұл – алғашқы жеңісі.

Өз кезегінде: «Олимпиада біткен сәтте үйіңізге алтынды тойлау үшін келейік!» деп, тілегімізді айтып, қоштастық.

Яндекс.Метрика