2024-09-20

Ордабасыда оң істер бар

Қазақстан өз Конституциясында әлеуметтік бағдар ұстанатынын баса көрсеткен. Еліміздің басты байлығы – адам және адам капиталы, ал оған жасалатын әлеуметтік мүмкіндіктердің болуы заңдылық. Экономика дейтін ғылымда адамға қажетті ең басты қажеттіліктер дегенде, алдымен тамақ, киім-кешек және баспана дейтін категорияларға тоқталады. Бұл үшеуіне қол жеткізу үшін еңбек дейтін күшке жүгінеді. Қазіргі таңда қалыптасқан нарықтық қоғамда ерінбеген кісі еңбек етіп, тамағы мен киім-кешегін реттеп қана қоймай, баспанамен қамтылуына да мүмкіндіктер бар. Баспана мәселесін шешу үшін мемлекеттің заңдық нормаларымен бекітілген тетіктері нәтижесінде жылжымайтын мүлік иелену құқығы қарастырылған. Әлеуметтік қолдаудың үлкені осы болар.

tories/00o.jpg» border=»0″ />

Бүгінгі күнде қазақ елінің басты мәселелерінің бірі – баспана десек, Ордабасы ауданында бұл түйткіл жүйеленген ретпен шешіле бастапты. Бұған аудан орталығы Темірлан ауылына барған сәтімізде көз жеткіздік. Қажымұқан ауыл округі әкімінің орынбасары А.Қарабайды сөзге тартқанымызда, Темірлан ауылында халықты баспанамен қамту мәселесі ретке келіп жатқанын айтты.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде 2 қабатты 2 тұрғын үйдің құрылысы аяқталыпты. Құрылысты жүргізген «СтройЖолСервисKZ» ЖШС жұмысын 2018 жылдың шілдесінде бастап, биыл наурыз айында толық аяқтаған. Қазіргі таңда техникалық құжаттары әзірленіп, ауданның коммнуналдық меншік теңгеріміне өткізу жұмыстары жүргізілуде. Мемлекет меншігіне сатып алу процесі республикалық бюджет есебінен жүргізілмек. Мұндағы әр үйде 12 пәтерден жалпы 24 пәтер бар. Барлық инфрақұрылымдары: электр қуаты, ауыз су, жылу жүйесі тартылып, кәріз жүйесі үшін автономды септик орнатылған. Болашақта кәріз жүйесі жалпы канализацияға қосылады. Бұл үйлер бюджеттік мекеме қызметкерлері: мұғалімдер, медицина және ішкі істер саласының қызметкерлері үшін қызметтік үй ретінде пайдаланатын болады. Алдағы уақытта дәл осындай 2 үйдің құрылысы жүргізілу жоспарланса, олардың құрылысы үшін котлованы қазыла бастаған.

tories/00or.jpg» border=»0″ />

5 қабатты 5 коммуналдық тұрғын үй салынады

Баспана түйіткілін шешудің тағы бір жолы – үйіргелік жер учаскелерін беру. Бұл тұрғыда да темірландықтар үшін жағымды жаңалық бар. Қазіргі талаптар бойынша тұрғындарға үйіргелік жер учаскелерін босату үшін алдымен ол аймақ толығымен коммуналдық инфрақұрылымдармен жабдықталуы тиіс. Ауыл округі әкімінің орынбасары Абай мырза тұрғындарға жер учаскелері берілетін жаңа мөлтекаудан аумағын аралап көрсетті. Қазіргі уақытта мұнда ауыз су, табиғи газ жүйелері тартылып, электр қуатын жеткізу жұмыстары атқарылу үстінде. Жол және аяқжолдардың құрылыстары қызу жүргізіліп, тегістеліп жатыр. Жобаланған мөлтекауданда мектеп және балабақша, ипотекалық жүйемен тұрғын үйдің кезегінде тұрған азаматтарға берілетін 5 қабатты 5 коммуналдық тұрғын үй салу жоспарланған. Жаңа мөлтекаудан 250га аумақты құраса, мұнда ауыл тұрғындарына жалпы 500 жер учаске беріледі. Аталған мөлтекауданда әр отбасыда орташа 5 адам деп есептесек, 2,5 мың шамасында халық тұратын болады.

Абай мырза сөз арасында бір қызықты жағдайдың шетін шығарды. Жаңа мөлтекаудан жобаланған сәтте инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандар құрылысы үшін жер учаскелері толық қарастырылған. Біздің қоғамда мемлекет пен дін арасы ажыратылғандықтан, бұл мөлтекауданда діни мінәжат ететін орындар үшін жер учаскесі қаралмаған. Ауыл азаматтары бастама көтеріп, жаңа мөлтекауданнан мешіт құрылысы үшін демеушілер қаражатымен 2 жер учаскесін сатып алуды ұсынған. Қазір бұл ұсыныс бойынша аудан әкімінің орынбасары төрағалық ететін комиссия айналысып жатыр екен. Комиссияның оң шешімін алса, мешіт құрылысы да басталмақ. Ауыл әкімінің орынбасары алдағы уақытта жоспарланатын жаңа мөлтекаудандарда да бұл тәжірибе ескерілетінін жеткізді.

Ордабасы ауданындағы бір ғана Қажымұқан ауыл округінде 2800 адам үйіргелік жер учаскесінің кезегінде тұрса, жаңа мөлтекауданнан берілетін учаскелер соның 18 пайызын ғана жабады. Абай мырзаның айтуынша, қалған кезектегі азаматтар үшін алдағы уақытта 70га және 500га болатын тағы 2 мөлтекауданнан жер учаскелер беріледі. Осылайша кезең-кезеңімен кезекте тұрған азаматтар толығымен жеке тұрғын үйлері үшін жер учаскелерімен қамтылатын болады.

С.ҚҰДАБАЙ

Яндекс.Метрика