2024-09-21

«Сауапты іс құт береке бастауы» акциясына халық қалаулылары үн қосты

Түркістан қаласында 2013 жылдан бері «Шапағат» мүмкіндігі шектеулі азаматтар қауымдастығы әкімшіліктің ескі ғимаратын жалға алып, омыртқалары зақымданған, арбаға таңылған жандарды өмірге бейімдеу қызметімен айналысып келеді. Бейімдеу жаттықтыру орталығында жеті жылдың көлемінде бел омыртқалары ауыр деңгейде зақымданған 90-ға жуық азамат ем алып шықты. Оның 25-і ходунокта, 7-еуі балдақпен, 30-шақтысы брусья арқылы, 27-і канаткада, 8-і өздігінен қимылдай алатын жағдайға жетті. Тіпті, төсекте жатып отыра алмайтын, тамақ іше алмайтын, тіршіліктен баз кешкен, үміттерінен қол үзе бастаған адамдарға үміт сыйлаған, қанша адамның қуанышына ортақ болған бұл орталықтың директоры Еркінбай Шалтанов мырза да осындай қиындықтарды басынан өткеріп, жеңіп шықты десе де болады. Қазіргі таңда Еркінбай мырза ходунокта жүреді. Басқа салған тағдырдың сынағына мойымай, алға ұмтылып, жігері жасымай әлі де күресіп келеді.

tories/00ar.jpg» border=»0″ />

Еркін ағамыздың басынан кешкен оқиғасы былай басталған еді: 2000 жылы күз айында 22 жасында тракторға шөп тиеп болып, арқанды тартып, түсіп жатқанда, күтпеген жерден шіріген арқан үзіліп, құлап кетеді. Құлаған кезде бел омыртқа сынып, жұлыны қатты жарақаттанады. Қазақстандағы көптеген клиникалардан алған емі аса мықты нәтиже көрмейді. Арасында емшілерге де қаралады. Мұнымен тоқтамай, ары қарай ем алуды жалғастырып, өзі де тыным көрмей арасында қолға күш түсетін жұмыстармен айналысып ақша да таба бастайды. Ж.Досқалиев Денсаулық министрі болып тұрғанда, сол кісінің демеуімен Ұлттық Ғылыми Орталыққа екі рет квота алып емделіп, жұлынға бағаналы жасуша (стваловый клетка) салдырғанымен, оның да аса пайдасын көрмеді. Үшінші ретте дәрігерлер емдеуден бас тартып қабылдамай қойды. Сонда да үміт үзбеді. Мойымады. 2006 жылдан бастап қоғамдық жұмыстармен айналыса бастады.

Тағдырдың басқа салған қиындығына мойымай күресе білген, әлі де күресіп келе жатқан Еркін аға өзі сияқты тағдырлас жандармен бірігіп, ерікті түрде талай қоғамдық жұмыстарды бірге атқаруда. Екі қолы мен аяғы сау адамдардың жасай алмай отырған жұмыстарын істеп, кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақтарға үлгі бола білді. Кезінде шет елге емделуге шығуға қаражат табылмай емі кешеуілдеп қалса да, жанынан жақсылық жасайтын жандар легі көбеймесе азайған жоқ. Соның бірі, Павлодар қаласының тұрғыны, шығыс медицинасын жақсы меңгерген Ғизат Байқабұлов ағаның көмегі ерекше болды. Осы кісінің бастамасымен Түркістан қаласында алғаш рет «Шапағат ақпараттық бейімдеу ресурстық орталығы» жұмыс жасай бастады. Бұл кісі емдеу шараларын ақысыз жүргізіп, шөптен жасаған дәрілерін де тегін беріп көп көмегін тигізді. Қалай жаттығу жасауды үйретті. Соның нәтижесінде 2015 жылдан бастап аяққа тұруға әрекет жасап, ақырындап денені қыздыру арқылы ходунокта жүре бастаған.

Қазіргі таңда аталған орталыққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен емделушілер келіп емделуде. 2017 жылдың статистикасы бойынша Қазақстанда 62 мыңға жуық арбаға таңылған жандар бар және бұл жыл сайын 2,5%-ға өсіп отырады деген мәлімет алғанда еңсесі түссе де, алға қарай ұмтылып, барлық қиындықтармен күресуге және адамдарға көмектесуге бел байлап, нақты шешім қабылдады. Ең болмағанда, бір адам болса да аяғынан тік тұрып жүріп, қоғамға қайта қосылса, үмітін үзбесе екен деген мақсат болды. Павлодарлық дәрігер Ғизат ағай екеуі бірлесіп, Қазақстанда жоқ «Бейімдеу орталығын» қалыптастырды десе де болады. Қазіргі отырған әкімшіліктің ескі ғимаратынан жаңа ғимаратқа көшіруге барынша тырысып, қол арбада отырса да, біршама жұмыстар атқарып тастады.

tories/00arwm.jpg» border=»0″ />

Бүгінде Түркістан қаласы Қызылорда тас жолы аймағында орналасқан «Бейімдеу — жаттықтыру орталығының» тұрақты жұмыс істеп тұруына қаржылай көмек көрсетіп отырған жандар баршылық. Солардың қатарында, Қазығұрт ауданының құрметті азаматы – Сырым Ертаев мырза мен Түркістан қаласындағы «Қуаныш сауда орталығының» басшысы Инара Намазбаева Абдуғаппарқызын ерекше атап өткім келеді.

Жалпы, ғимарат түсіп жатқан жердің басқа жерлерден айырмашылығы – жер астынан өздігінен шығып жатқан 36 градустық адам температурасымен бірдей бұлақ көзінің болуы. Бұл жерде бейімделумен қатар, емдік шаралар да жүргізу жоспары бар.

Осы құрылыстың бастау алғанына байланысты жақында Түркістан қаласында «Сауапты іс құт береке бастауы» атты акциясымен Түркістан қаласы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлжамал Даханова ханым кәсіпкер, жомарт жандардың басын қосып, қайырымдылық ісшарасын жасаған еді. Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Тәжібек Мұсаев мырза да салынып жатқан бейімдеу кешеніне 1 гектар жер телімін жылыжай ісі үшін қосып беретіндіктерін жеткізді. Сондай-ақ, Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы, депутат Қайрат Балабиев мырза алты айлық жалақысын «Шапағат қорына» аударатынын, ал, депутат Нұрмахан Миятұлы мырза да қолдау білдіретіндігін атап өтсе, Түркістан облысының мәслихат депутаты Шәріпбек Жамалбекұлы отбасының атынан үлес қосатынын және демеушілік көрсететінін жеткізді. Түркістанның құрметті азаматы Баймахан Сүлейменов мырза екі көлік құм, екі көлік тас, екі көлік кірпіш (14000 дана) және басқа да көмектер беретінін айтты. Сонымен қатар әріптесі, Шардара ауданының мәслихат депутаты Бақытжан Сермениязов 1 миллион теңге беретін болды. Түркістан қаласы «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев мырза да қолдау білдіріп, екі айлық жалақысына аударым жасайтынын айтып өтті. «Отау строй» компаниясы да қаржылай және материалдық көмек көрсетеміз деген уәде берді.

Басқа да жомарт жандардың жәшікке салынған қаржылары да кішкене де болса көмек болып, салынып жатқан ғимараттың бір шеті болса да біте берері анық. Бейімдеуге арналған ғимараттың іргесін көтергеннен бастап, демеушілігін аямай, барын салып, қадағалап, жанашырлығын танытып жүрген «Қуаныш сауда орталығының» ұжымына мың алғыс! Түркістан облысы бойынша кәсіпкер әйелдер қауымдастығы осы бейімдеу орталығының жанынан түсетін абаттандыру аймағын ісін жүргізуді қолға аламыз деп отыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың жанына үміт отын сыйлап, өмір сүруге құлшындарған кісілердің аты-жөнін тізбектей отырудағы мақсатымыз – «қайырлы, сауапты істер үнсіз жасалады…» деген ұғыммен көбіне, ел жақсылық жаршыларын білмей қалып жатады. Азаматтық міндеті екендіктерін біле тұрсақ та, азаматтарын ел танып, қайырлы істерге барынша жұмылдыру. Аталмыш мүгедек жандарға қаржылай көмектен басқа, рухани қайырымдылық та жетіспейді. Олар үшін жылы көзқарас пен шынайы сезімдер де дертке дауа, жанына шипа. Ендеше, жақсылық істеумен жарысайық, ағайын! Сауабы сізге, қайыры елге болсын!

Гүлзат МҰХТАРҚЫЗЫ

Яндекс.Метрика