«Ауыртып сендік қара мең, қонбайды-ау енді маған ем…»

Ақын Дәурен Айманбетов 1984 жылы 2 қарашада дүниеге келген. Отбасылы. «Сары жапырақ – сарғайған жүрек» және «Аяулы адам» атты жыр кітаптары жарық көрген. 2015 жылдың ОҚО «Жылдың үздік ақыны», 2016 жылдың республикалық «Алтын қалам» номинацияларының иегері.

Бүгінгі әдебиет әлемі айдарында аталған ақынның лирикалық циклді «МЕҢ» атты өлеңін назарларыңызға ұсынып отырмыз. Айта кетейік, бұл жыр «Мәдениет порталында» жарияланып, жастар арасында өтіп жатқан республикалық «Семсер» әдеби конкурсына жіберілген. Осы ретте шайырдың өз туындысы жүлделілер қатарынан көрінуге сенімі мол екенін тілге тиек еткіміз келеді.

tories/00men.jpg» border=»0″ />

МЕҢ (ЦИКЛ)

1.
Ойымнан шықпай бейнең еніп алып,
Ғашық қып кеткендігің сенің анық!
Көзіңнің ұшындағы меңіңе ауып,
Сезім бұл көрсетпекші не бұғалық?

Кіршіксіз қыз қалпың сол балаң өңді,
Қаратқан бəденіңмен бар əлемді.
Жұматай мен боламын саған енді,
Сен Лəйлəм боп қаласың қара меңді.

Бетіңнің шұңқырында күлкі үйілген,
Өтінем, айныма осы гүл күйіңнен.
Көзді арбар оңай емес бір түйір мең,
Шықпай жүр, айттырушы жұрт үйіңнен.

Қашанғы ағызады көңіл селін,
Тəтті де келеді екен меніңше мұң.
Жаңа бір жыр жинағын бастап кеттім,
Ішінен орын алар меңің сенің!

2.
Хақ Тағала бояуымен не түрлі,
Сызарында сенің сұлу бетіңді,
Қаламынан қара сия бір тамшы,
Ажарыңа тамып кеткен секілді.

Сол бір тамшы меңге айналып əп-əсем,
Қонған сынды, айнаңды алып, қара сен!
Қылқаламнан шедевр боп туылған,
Қай ананың жəудіреген баласы ең?

Ұйқыдағы қайта оянып дерт ішкі,
Ғашық жанның күйін кештім ең күшті.
Қара түсті жақтырмайтын жан едім,
Сүйіп кеттім меңің үшін сол түсті.

Меңің керім, үстіндегі көз керім,
Өзің керім, сөйлеген əр сөздерің.
«Əлем мисі» атанғандар басынан,
Сені көрсе шешер еді тəждерін!

Өз-өзімді мүмкін болмай қолға алу,
Дертті болсам, қара меңдім, сен – дəру!
Жұматайдай жырлап өткен Лəйлəсін,
Ынтықтырып бара жатсың, меңді ару!

3.
Сан гүлдердің ішінен бөлек өңді,
Бір гүл көрдім өзі əппақ, ерек енді.
Құмырсқа-бел сабағы үзілердей,
Күлтелері үлпілдек. Жəне меңді.

Самал соқса ырғалған биі əдемі,
Иіскер ем, бұйығы, ұяң еді.
Күн сəулесі құласа мөлдірейді,
Күлтедегі қап-қара сия меңі.

Көбелектер де үйірсек тіпті өзіне,
Үйірсектеу мөп-мөлдір шық та өзіне.
Көрсе-қызар сұлуды жұла салар,
Түспесе екен бұл меңдім жұрт көзіне.

Осылайша ой кешіп мен бір ізгі,
Ақ гүлдегі мең санап теңбіл ізді,
Алақанмен аялап біраз тұрдым,
Өзім ғашық еске алып меңді қызды.

4.
Қымыз толы ішіне тостағанның,
Үңілумен отырдым, мас болармын.
Қымызда да мең болады екен, тоба…
Даяшысын шақырдым ресторанның.

Қазақ келсе, ең кемі қой асыңыз,
Тарқап еді қымызсыз қай асымыз.
Білегіне шашығын іліп алып,
Тез табылды жанымнан даяшы қыз.

Ғашықтықтан күйіп жүр жиі бетім,
Басымдағы істемей түйір етім.
Бірінші рет ішкендей сусынды бұл –
Шатастырып меңменен киік отын.

Жан-тəніммен қап-қара меңге құлап,
Сол сиқырың жүргені сендегі ұнап.
Қара түйір зат көрсем мең көрініп,
Көз алдыма келеді келбетің ақ.

5.
Əттең, менің кейіпкерім ғанасың,
МЕҢің сондай, бағасы жоқ қара асыл.
«Көз тимесін дидарыңа» – деп сенің,
Күйе жағып қойғандайын анашың.

Неге құштар – дейтін едім – бар ақын,
МЕҢ мен үшін жай бір термин ғана-тын,
Жалт бұрылып қарағаның əлі есте,
Ары қарай… қара МЕҢің… қара түн…

Содан бері жүзі өтпей-ақ бір айдың,
Сапарға ертіп кетті алысқа жыр-айдын.
Ноқаттайын МЕҢің маған кəдімгі,
Мұғжизасы болып қалды құдайдың.

«Нешінші жыр, МЕҢ жайында», де бұл күн –
МЕҢсіз-дағы сұп-сұлусың, керім тым,
Осы өлеңнен кейін менің достарым,
Сұрары хақ екеніңді сенің кім.

…Əттең, менің кейіпкерім ғанасың,
МЕҢің сондай, бағасы жоқ қара асыл.
Сені ешкімге көрсетпеймін, айтпаймын,
Кейіпкердей жұмбақ болып қаласың.

6.
Сұлулығың көзді арбайтын қараған,
Сен арбаған мына өңірде көп адам.
Алла өзіңді жаратарда зейін сап,
Әрлегендей көркіңді тыс шамадан.

Жымиысың, жарқыраған жас кейпің,
Ерітеді-ау жүректі де тас дейтін.
Қанша үміттің кеудесіне от жақтың,
Жанартаудың шоғындайын өшпейтін?

Ауылыңда бар әңгіме сен жайлы,
Сен жайлы да, сендегі әсем мең жайлы.
Әр жігітке сені теліп көршілер,
Болашағыңды өздерінше болжайды.

Хаттарды әрбір, ғашықтардың жыр-гүлін,
Саған тасып үлгермей жүр сіңілі, інің.
Ұйқы бермей қас қарайса ысқырып,
Мың құбылар терезеңнен бұлбұл үн.

Қай ауыл ол, болар сендей келінді,
Көргім келер сен таңдаған теңіңді?
Сыймай-сыймай сонда өзіме қалармын,
Қимай-қимай сенің қара меңіңді.

7.
Кірді ақыры Шымкентке мені ұғар күз,
Өзің қашан келесің, меңі бар қыз?
Жапырақтар жауғанын бақылайық
Күнін айтшы, бұ күздің жолығар біз.

«Мені ұғар күз» дегенім – сарғайғаным:
Өзіңді аңсап, өзіңнен шалғайдағы ұл.
Сені маған бермейді «калалық» деп,
Өздерінен болғанын аңдайды ауыл.

Кетсем бе екен сондағы қызығыңды ап,
Ең әдемі өзіңдей қызын ұрлап?..
Келер болсаң осы айдың атын саған,
Берер едік «Меңді» деп, біз ырымдап.

Қыркүйекті атар ек: «меңді күз» деп,
Келсең не етті қалаға енді біз деп?
Жолы қыздың жіңішке, жолым ұлы,
Ауылыңдамын, қайдасың, келдім іздеп?

Аулыңа да жетіпті мені ұғар күз,
Бәлкім, осы дәл қазір жолығармыз?
Шықсаң еді, аяулы меңі бар қыз,
Кетейікші әз бақыт соңынан біз.

8.
Қыз алдында білмейтін мен қысылу,
Тіл байланды алдында меңді сұлу.
Бір ұққаным бүгіннен мына өмірді,
Оңай болмас өзінсіз енді сүру.

Тайдыра алмай көзімді жанарынан,
Тас жұтқандай қарлығып тамағым ал…
Арбауына әбжылан түскендейін,
Күйін кештім қорғансыз бала қыран.

Қиял қуып, аспанға гүл ұшыра,
Қарай бердім жүрісі, тұрысына.
Мүсініне тамсанған сайын менің,
Түсетіндей өзі кеп уысыма.

Әкім де емен қарайтын жер дауын кеп,
Әмір берер соншалық Перғауын ба ек.
Ауылының есімін алып тастап,
Қойғым келді меңі үшін «Меңді ауыл» деп.

Қайсы қазақ өзіне жар етері,
Ауылы қарт Қаратау дәл етегі.
Осы сәттен Қаратау – Мең тауы боп,
Аталса деп біздің бас дәметеді.

Дәл өзіндей сұлу жоқ меңдес керім,
Болса алдына алыстан келмес те едім.
Шымқаланы – Меңқала дейін енді,
Қарсы болмаса егер де жерлестерім.

Кездесуді дәл мұндай неғылайын,
Қоштасудан тұрған соң соңы дәйім.
Бір меңі үшін арудың қиялидай,
Біртүрлі боп барамын, о, құдайым!

9.
Аяқсыз солай қала ма,
Қыдыра шықтым қалаңа.
Мендегі селдей тасыған,
Сезімді, меңдім, бағала!

Қалаңа кіріп келемін,
Келесің бекер демегін.
Белестерді артқа қалдырсам,
Сағындым, сұлу өлеңім!

Көруге құштар Гүлдейін,
Шегінер дерсің кім кейін.
Жүйткиді такси ұшақтай,
Тулаған жүрегімдейін.

Соңғы рет қашан соғып ем,
Айрылмапты әсем көгінен.
Көшелер құдды гүлзардай,
Күнде өзің жүрер онымен.

Құстарың қандай өнерлі ед,
Ұшатын нәзік, мәнерлеп.
Майысқақ қыздай талдарың,
Тұрғандай маған «сәлем» деп.

Тастаған кімдер шеберлей,
Ертегі ішінде келем бе ей.
Көліктер ақбозға айналып,
Тұрғындар періштелердей.

Тастарың бір-бір лағылдай,
Қыз біткен киік лағындай.
Ер біткен ханзададайын,
Басыңа біткен бағың қай?

Жүгірген әрбір сәбилер,
Болашағы елдің, тани бер.
Мәрмардан қашап жасалған,
Хан сарайындай бар үйлер.

Жаратқан тартқан сый шығар,
Қазақтың бағзы иісі бар.
Күйшілер келдім еліне,
Самалынан да күй шығар.

Қайтпасын меселі ақынның,
Көрінші бір рет, ақылдым.
Шықсаңшы, меңді ханшайым,
Мен саған келе жатырмын.

10.
Өзіңдей жанды бір күнде,
Ұмыта салу мүмкін бе?
Байлаған жіпсіз жібермей,
Сендегі сиқыр, шіркін не?!

Қыс түсіп аппақ кәдімгі,
Қара жер қарын жамылды.
Сұлуым, қайда жылуың,
Жылытшы тоңған жанымды?!

Ең алғаш мұңды өпкен күн,
Жандырған жалынды от көркің.
Сезімсіз шақ-ай тәуелсіз,
Тәуелді саған еткен кім?

Жасап ап менен шын ғашық,
Ұстатпай жүрсің шыңды асып.
Шақырып аласың дағы,
Сағымдай кетесің қашып.

Өзіңе тағар айып көп,
Жаза да саған лайық жоқ!
Сезіммен ойнамасаңшы,
Көрініп, сосын ғайып боп.

Ғашық қып, шанши денемді,
Итердің жазуға өлеңді.
Мендік боп, өлеңді мәңгі –
Қойдырсаң не етті сен енді.

Мәжнүннің көзсіз бірі еткен,
Орындалмайтын тілек пе ең?
Енген соң ұмытылмастай,
Өшірем қалай жүректен?

Ауыртып сендік қара мең,
Қонбайды-ау енді маған ем.
Дәл бұлай ғашық болып еш,
Дәл бұлай жынданбаған ем.

Бетті дайындаған – Әділхан АБАЙҰЛЫ

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика