2024-09-21

Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың арасында шешімдер қабылданды

«Turkistan» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Кентау қалалық өкілдігінде «Коммерциялық нысандағы жер учаскілерін алу, сатып алу, мерзімін ұзарту және қайта құру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Аталған тақырып бойынша алғашқы сөз «Turkistan» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Арман Жүсіпбаевқа берілді.

tories/00ke.jpg» border=»0″ />

Нарықтық экономиканың негізі болып табылатын кәсіпкерліктің дамуы – Қазақстанның стратегиялық басым бағыты. Сол себепті де облыс орталығы Түркістан қаласында аталған мекеме құрылып, өңірдің 15 аудан, қалаларында өкілдіктері жұмыс істеуде. Бұл мекеменің мақсаты – «Бір терезе» қағидасы бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсету, кәсіпкерлікті дамытудың тиімді жүйесін құру, кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді жою және оларды қосымша құралдармен қамтамасыз ету. Қазіргі таңда Орталық 4 бағыт бойынша жұмыс істеуде. Олар – консалтинг, бизнес-жоспарды әзірлеу, жобаларды сүйемелдеу және рұқсат құжаттарын алуға көмек көрсету бөлімдері.

Ал дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – кәсіпкерлік бағытты өңір халқына кеңінен түсіндіру және қолдау, көмек беру арқылы Түркістан облысының экономикасын көтеру. Тақырыптың «Коммерциялық нысандағы жер учаскілерін алу, сатып алу, мерзімін ұзарту және қайта құру» делінуі де сондықтан. Бұл туралы мекеме басшысы айтып өтті.

Екінші сөз кезегінде Кентау қалалық «Жер қатынастары» бөлімінің басшысы Асқар Есенбайұлы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін кәсіпкерге ең алдымен жер телімі керек болатындықтан, коммерциялық нысандағы жер телімдерін алуға қатысты Жер кодексінің 44, 48-баптарын баяндап, коммерциялық нысандағы жер телімдерін алудың заңдылықтарын айтты. Ал Кентау қалалық «Кәсіпкерлік және туризм» бөлімінің бас маманы Медет Еркінбекұлы бөлім мамандарының кәсіпкерлерге кеңес беріп және қолдау жасайтындығын қысқаша баяндады. Осы орайда «Сәулет және қала құрылысы» бөлімінің бас маманы Гүлмира Камалова кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау шараларының өзектілігін сөзге тиек ете отырып, слайд арқылы коммерциялық жер телімінің құжаттарын рәсімдеу немесе жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту жұмыстарының сызбасын түсіндірді. Гүлмира ханым алдымен, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту өтініштің ХҚКО-ға өткізілетіндігін, одан соң көрсетілген жер телімі google-картадан қаралатындығын жеткізді. Ал «Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру» бөлімінің бас маманы Қанат Кеңесбекұлы болса 10 жұмыс күнінде жер қатынастары бөлімінен оң жауап келсе, смета жасалатындығын айтты. Оған қоса, бұған дейін осы шараға 30 күн кетсе, қазіргі таңда 12 жұмыс күні ішінде ХҚКО арқылы коммерциялық нысандағы жер телімдері бекітілетіндігін де ескертті.

Аталған дөңгелек үстелде кәсіпкерлер тақырыпқа қатысты өзекті мәселелер бойынша нақты жауаптар алып, ұсыныстар енгізуге мүмкіндіктер алды. Іс-шараның нәтижесінде кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың арасында тығыз байланысты және серіктестікті орнатуға бағытталған шешімдер қабылданды.

Кездесу соңында «Turkistan» Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ басшысы Арман Жүсіпбаев осы іс-шараның мақсаты қатысушылар арасында тақырып аясында өзекті мәселелерді шешу үшін ашық және тікелей диалогты қамтамасыз ету екендігін еске түсіріп, қатысушыларға алғыс білдіріп, облыста кәсіпкерлікті дамытуға бір ауыздан ат салысуға шақырды.

«Қызмет – ақпарат»

Яндекс.Метрика