2024-09-21

«Серпін» бағдарламасы талай жастың арманына қанат бітірді

Әрбір жас мемлекеттің тарих жылнамасына жаңа бастамаларға толы оқиғалардың болатыны заңды. Кейде сол оқиғалар дәуірдегі ұлы көштің басталуымен қарқын алса, ондағы экономикалық дамудағы басты рөл адам еңбегіне бөлінді. Бүгінде Қазақстанның жас ұрпағына мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін орасан зор жауапкершілік артылуда.

Осы орайда соңғы бес жылдықта еліміздегі ең танымал әлеуметтік бастамалардың бірі «Серпін–2050» жалпыұлттық жобасы екендігі баршаға аян. Аталған бағдарлама арқылы талай жас жаңа мүмкіндіктермен қауышты. Атап айтсақ, 2014 жылы «Серпін» жалпыұлттық, қоғамдық жобасы бастау алып, сол жылы жоба аясында 2050 студент оқуға түсті. Ал 2015 жылы 6200, 2016 жылы 11296 студент білім алып, бұл жобаның алғашқы үш жылдығы елімізге қажет жоба екендігін дәлелдеді.

tories/00se.jpg» border=»0″ />

«Серпін2050» жобасы жүзеге асқалы бері бағдарлама аясында оңтүстік жастары шығыс пен солтүстіктен білім алып, аймақтағы халық саны мен экономикасын көтеруге ат салысуда. Әсіресе, Ана тілін ұмыта бастаған аймақтарды қазақыландыруға өз үлестерін қосып келеді. Жобаға бүгінде Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының түлектері қатыса алады.

Сондай-ақ, жоба аясында оңтүстік өңірдің халқы солтүстікке көшіру ісі белсенді түрде қарқын алды. Себебі Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында бүгінгі күні бала туу деңгейі жоғары, көшіп келушілер саны көп. Мұның барлығы жұмыссыздық мәселесін туындатпай қоймайды. Сондықтан жобаның басты мақсаты – халқы көп шоғырланған аймақтың адамдарын жұмыс күшi тапшы өңiрлерге қарай көшiрiп, экономикалық тұрғыдан қолайлы етiп орналастыру.

Міне, осы орайда Түркістан облысының жастары Қазақстанның шет аймақтары, ел-жерімен танысып, бөтен менталитет пен климатқа қалыптасуы үшін солтүстік өңірлерді бетке алды. Бүгінде сол жастарымыздың алғашқылары ЖОО бітіріп, жұмыспен қамтылып отыр. Мәселен, «Серпін» бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі – Әлфараби Мыңбаев. Әлфараби әңгімесін ә дегеннен «Петропавл қаласында қаламын» деп бастады. Бұл біз үшін тосын жаңалықтай естілді.

Әлфараби МЫҢБАЕВ, «Серпін–2050» жобасымен алғаш оқығандардың бірі:

tories/00ser.jpg» border=»0″ />

«Серпін» – лотерея билеті емес, білімге берген үлкен мүмкіндік»

– Ең алғаш 2014 жылы «Серпін» бағдарламасы қарқын алған тұста арманымды арқалап Петропавлға аттанған жастың бірімін. «Серпінмен» оқуға түскен студенттер міндетті түрде жатақханамен қамтамасыз етіледі. Сондықтан менде бөтен қалаға барғанда қайда орналасамын, не кием, не ішем деген қорқыныш болған жоқ. Себебі мемлекет өз тарапынан «Серпінмен» білім аламын деген талапкерге бар жағдайды жасап қойған еді. Біздің оңтүстік өңірден келген студенттердің көбі орыс тіліне шорқақтау болып келеді. Бірақ оқу барысында ұстаздар тіл үйренуге көп жәрдем береді.

Сонымен, аталған бағдарламаның алғашқы жылында Бәйкен Ашимов атындағы Петропавл теміржол колледжіне грантқа оқуға түстім. Бұл сол жылдары менің отбасым үшін де үлкен жеңілдік болды. Колледжді үздік бітірген соң, Манас Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне грантқа оқуға түстім. Менің ойымша «Серпін» бағдарламасы талай жастың арманына қанат бітірді. Бұрын біз ЖОО орындарын тек Алматы, Нұр-Сұлтан сынды алып қалаларда оқу керек деп ойлайтынбыз. Көп жастарымыз мектеп бітірген соң, мегополистерге қарай ағылатын. Өзіңіз білесіз, ол жерде грант саны шектеулі, талапкерлер өте көп. Ал «Серпін» бағдарламасы сол қалыптасқан қағидатты бұзып, өңір жастарына білім алуы үшін еліміздің Батыс, Шығыс аймақтарына даңғыл жол салып берді. Түркістан өңірінің жастары Петропавл, Қостанай, Орал, Павлодар сынды қалаларда ақысыз әрі жеңілдіктермен ЖОО түсуге болатынын ұғынды және бұл өте тиімді шешім еді.

Осы ретте талапкерлерді мазалайтын сұрақтың бірі ЖОО орнын бітірген соң, үш жыл жергілікті жерде қалып, келісімшарт бойынша жұмыс істеу турасында болады. Аталған сауалдың жауабын нақтылай кету үшін жылдың басында Мұрат Әбеновтің сұхбатына сүйенейін.  Мұрат мырза 2014-2015 жылы оқуға түскен студенттерге келісімшарт ұсынылмайтын, бұл келісімшарт тек 2016 жылдан бастап оқуға түскен студенттерге ғана ұсынылатынын айтқан еді. Алайда, ЖОО бітірген студенттерге нақты осы қалада қаласың деген талап қойылмайды. Кейбірі өз қалаулары бойынша қалып жұмыс істеп жатса, бәзбір студенттер оқуларын аяқтаған соң, елге қайтып жатыр. Бір байқағаным – Петропавлда техникалық мамандықтарды бітірген студенттерге жұмыс табу қиынға соғады. Ал гуманитарлық мамандықтарға сұраныс өте көп.

Оқуға түскен осы бес жыл ішінде Петропавл қаласына әбден үйренісіп кеттім. Сол себепті осында қалып, өз ісімді ашуды жоспарлап жүрмін. Өзімнің алға қойған мақсаттарымды тек Петропавл қаласымен байланыстырғым келеді. Осы орайда «Серпін–2050» бағдарламасымен оқуға түсем деп ниет білдірген жас түлектерге айтарым – ешқашан бұл мүмкіндікті уыстарыңыздан шығарып алмаңыздар. Бұл – өте үлкен, келешегі бар мүмкіндік. Өз салаңызда табысты болу үшін алып қалаларда оқу шарт емес. Білім қуған адам қай жерде оқыса да бойында қарым-қабілет болса, алға қойған мақсаттарын жүзеге асыра алады. Сөзімді қорыта айтсам, «Серпін» бағдарламасы лотерея билеті емес, білімге берген үлкен мүмкіндік дер едім.

Сөз арасында бүгінде Петропавл облыстық жастар мәслихатының депутаты болған Әлфараби «Серпін» бағдарламасы бойынша оқу бітірген өзі секілді студенттердің жұмыспен қамтылуына қол ұшын беріп жүргенін де айтып қалды.

Осы ретте жоғарыдағы жас маманнан бөлек «Жастар ресурстық орталығы» КММ әдіскерімен де тілдесіп едік.

Әйгерім КЕРІМБЕКОВА, Сарыағаш ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ әдіскері:

tories/00sere.jpg» border=»0″ />

«Мұндай мүмкіндіктер ешбір елде қарастырылмаған»

– Бүгінде «Серпін» бағдарламасы өңір жастарына  мол мүмкіндіктер берді. Менің ойымша жастардың білім алуына келгенде мұндай мүмкіндіктер ешбір елде қарастырылмаған. 2018 жылдың қазан айындағы мәліметке сәйкес, «Серпін» бағдарламасы бойынша Сарыағаш ауданынынан 214 студент Солтүстік өңірде білім алып жатыр. Оның 142-сі ЖОО оқыса, 72-сі коледждерде оқиды. Көбінесе біздің өңірдің студенттері гуманитарлық ауыл шаруашылық мамандықтарда білім алады. 2015 жылы Сарыағаш ауданынан 61 оқушы бұл бағдарламамен оқуға түссе, 2016 жылы 48 оқушы, 2017 жылы 59 оқушы аталған жобаның игілігін көрді. Оқу бітірген студенттерімізге хабарласқанымызда келісімшарт бойынша Солтүстік өңірлерде қалып жұмыс істеп жатқандығы айтылды. Осы көрсеткіштерге қарағанда біздің өңірде «Серпін» бағдарламасымен оқуға түскісі келетін талапкерлердің саны жыл санап артып келеді деген сөз.

Әдіскер ойын осылай қорытындылады. Иә, Түркістан облысында жыл сайын «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша талапкерлер саны артып келе жатқаны қуанарлық жайт. Ал гранттар санының өскенін де бүгінгі мәліметтен білдік. Мәселен, биылғы оқу жылына жалпы 5109 грант бөлініп отыр екен. Бұл әрине жастарға білім алуда мол мүмкіндіктер береді. Сапалы әрі тегін білім алудан бөлек, әлеуметтік ахуалын жақсарту мен міндетті түрде жұмыспен қамтылуына септігін тигізеді.

«Серпін–2050» бағдарламасының мақсаты мен міндеттері – ең алдымен бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, жастарға қолжетімді сапалы білім беру. Жастарға тың серпіліс берген бұл ұлы көштің басында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Мәңгілік ел идеясы жатыр.

Жәудір НАРТАЙ

Яндекс.Метрика