2024-09-21

«Электронды архитектура» жүйесіне 24 833,0 мың теңге жұмсалған

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы 2019 жылғы бірінші жарты жылдығы ішінде атқарған жұмыстарын қорытындылады. Шымкент республикалық маңызы бар қала аталғалы бұл басқарманың атқаратын шаруалары көбейіп, биылғы 6 ай ішінде біршама тірлік тындырған. Осы ретте баспасөз өкілдерімен болған брифингте басқарма басшысы Жеңіс Байымбетов Елбасының Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» бағдарламасының 46-шы қадамына сәйкес іске асқан жұмыстарды мәлім етті.

tories/00ma.jpg» border=»0″ />

Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы 2019 жылдың 6 айы ішінде құзіретіне сәйкес 19029 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның ішінде қызмет түрлері бойынша тоқталсақ:

Тіреу және қоршау конструкцияларын, инженерлік жүйелер мен жабдықтарды өзгертуге байланысты емес қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконструкциялауға (қайта жоспарлау, қайта жабдықтауға) шешім беру қызметі – 19;

Жылжымайтын мүлік объектілерінің мекен-жайын айқындау бойынша анықтама беру қызметі – 18165;

Эскизді (эскиздік жобасын) келістіру қызметі – 173;

Сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру беру қызметі – 629;

Жарнама құрылғыларына рұқсат беру қызметі – 17;

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттың есептік жазбасы туралы үзінді беру қызметі 26 бірлік қызмет болған.

Басқарма жоғарыда көрсетілген мемлекеттік қызметтерден бөлек өз құзіретіне сәйкес басқа да жұмыстар атқарған. Мәселен, Сыртқы жарнама нысандары бойынша биылғы 6 ай көлемінде басқарма мамандары мен аудан әкімдіктері берлескен жұмыс нәтижесінде рұқсатсыз орналасқан 265 дана жарнамалық қалқан орнынан алынған. Орталық көше бойында орналасқан жарнама құрылғыларын заманауи талаптарға сәйкестендіріп (LED экрандар) қайта орналастыру жұмыстары жүргізіліп, ал сыртқы жарнама нысандары бойынша өндірілген салық көлемі биылғы 6 ай қорытындысымен 126 363,745 мың теңгені құраған. Құрылысы аяқталған 4282 жеке тұрғын үй, 315 коммерциялық нысан, 21 мемлекеттік нысан мемлекеттік қабылдау актісімен пайдалануға беріліпті. Қала аумағында заңсыз және заң талабы сақталмай салынған құрылыстарға мониторинг жүргізу нәтижесінде 104 нысан анықталып, тиісті шешім қабылдау үшін құзырлы мекемеге жолданған.

Шымкент қаласының бас жоспарын іске асыру бойынша да біршама жұмыстар бітіпті. Бас жоспарға сәйкес, қала аумағында жасақталған жобалар жалпы саны 73. Қаланың жалпы құрылыс салу жоспарланған аумағының 90% егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен қамтылған. 2019 жылы 7 аймаққа егжей-тегжей жоспарлау жобалары жасақталу үстінде. 2019 жылға жоғарыда аталған жұмыстарды жалғастыруға жергілікті бюджеттен 77,0 млн теңге қарастырылып, 32500 га аумаққа түгендеу жұмыстарын жүргізу жалғасуда. Қаланың 8500 га аумағы 1986 жылы Кеңес одағы кезінде түсірілген 1:500 масштабтағы топографиялық картада қамтылған. 2019 жылы жергілікті бюджеттен 500,0 млн теңге қарастырылып, 49500 га аумаққа топографиялық зерттеу жүргізіліпті. 2017 жылы 117000 га аумаққа 1:500 масштабта топографиялық зерттеу құны сметалық құжаттамаға сәйкес 3 736,0 млн теңгені (1га аумақ 35–40 теңге) құраса, бүгінгі таңда мердігер компания 1га аумаққа 1:500 масштабтағы топографиялық зерттеуді 5,0 мың теңге қаржыға жүргізуде.

Елбасының Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» бағдарламасының 46-шы қадамына сәйкес, басқармада «Электронды архитектура» жүйесін іске асыру бойынша «Геосервис» ЖШС-мен келісім шарт түзіліп, жалпы құны 24 833,0 мың теңге қаржыға басқарма тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бұл электронды бағдарлама мемлекеттік қызметке жүгінушілерге және мемлекеттік қызмет көрсетушілерге уақыт тиімділігін арттыруға, қағазбастылықты азайтуға әрі сапалы қызмет көрсетуге оң әсерін тигізуде. Мәселен, қызмет көрсету регламенті бойынша мекен-жай анықтамасын беру 7 күн, нақтылау 3 күн мерзімді қамтитын болса, «HalykSaulet» электронды жүйесі арқылы 15 минутта алу мүмкін болды. Жалпы, ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап 498 мемлекеттік қызмет осы жүйе арқылы көрсетілді. Осы бағытта цифрлық форматта жұмыс жүргізуге көшуге байланысты басқарма 3 ай көлемінде қағаз шығынынан 150,0 мың теңге, кеңсе техникаларының техникалық шығындарынан 28,0 мың теңге және 1 әдіскер маман жалақысынан 165,0 мың теңге, жалпы барлығы 343,0 мың теңге қаржы үнемделген. Алдағы уақытта Шымкент қаласында салынатын жеке түрғын үй құрылыстары үшін топотүсірілім (топосъемка) құжатын тұрғындарға тегін беру қарастылуда.

Сонымен қатар, сәулет-жоспарлау тапсырмасын беру мемлекеттік қызметін көрсетуге қатысты талап етілетін монополист мекемелерден (газ, су, жарық) техникалық шарттарды электронды түрде алу әзірленді. Қала әкімінің орынбасары және цифрландыру басқармасының басшысы тарапынан қызметтерді цифрландыру бойынша «ҚазТрансГаз» АҚ басшылығымен бірнеше рет кездесулер және бірлескен жиналыстар өткізілгеніне қарамай, бүгінгі күнге дейін аталған жүйеге «ҚазТрансГаз» АҚ қызметтерін қосу жұмыстары нәтижесіз қалып отыр. Сондай-ақ, Шымкент қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы Жер кодексінің 43, 44-1, 48, 49-1 бабтарына сәйкес әзірленетін қалақұрылыстық қорытындыларын электронды түрде ұсынуға әзір. Алайда, Жер қатынастары және жерді пайдалануы мен қорғалуын бақылау басқармасы және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалы (Жер кадастр) арасында жер телімдері бойынша берілген мемлекеттік актілерін координаттары арқылы нақтылап бекіту жұмыстарын жүргізуді талап етеді.

Басқарма қалаға сәулеттік көрік беру бойынша да бірнеше жұмыстар атқарған. Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың тапсырмасына сәйкес төрт аудан әкімдерімен бірлесе отырып, аудандар аумағында орналасқан көшелердің қасбеттері мен абаттандыру жұмыстарына эскиздік жобалар әзірленіп, ұсынылған. Қаладағы ескі аялдамаларды жаңарту мақсатында бірнеше нұсқада эскиздік жобалар дайындалды. Қошқарата өзені аумағын (30м) ретке келтіру, абаттандыру жұмыстарын жүргізу бойынша, Қабанбай батыр көшесі бойындағы көп қабатты тұрғын үйлердің қасбеттерін қалпына келтіру және көше бойын абаттандыру бойынша эскиздік жоба дайындалды. Нұрсәт шағынауданы аумағына орнатылатын Ж.Шаниннің мүсініне ұсыныс жобасы және Түркістан сарайы аумағына орнатылатын Домбыра мүсіні, Ескі қалашық аумағын қайта құрылымдау және абаттандыру бойынша ұсыныстар әзірленді. Сондай-ақ, Ескі қала аумағындағы тозығы жеткен 29 га учаскесіндегі аз қабатты үйлердің орнын жаңа көп қабатты тұрғын үйлерге (1 мектеп, 1 бала бақшамен қоса) айналдыру бойынша эскиздік ұсыныс жасалды. Темір жол вокзалы алдындағы дүңгіршектерді орнында қалдыру бойынша жаңа эскиздік жоба әзірленіп, әуежайды қайта құрылымдау үшін эскиздік жобасы ұсынылды. «Шымкент-Сити» қалашығында 420 га аумаққа 9–12 қабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар және 47 га аумаққа саябақтың эскиздік жобасы ұсынылды.

«Қызмет – ақпарат»

Яндекс.Метрика