Рахат Арғынбай, «№1 Талант» жалпы білім беру мектебінің директоры: «Мектептегі ғылыми шаралардың санын арттыру қажет»

БІРТҰТАС ТӘРБИЕ

Ел экономикасының дамуына айрықша үлес қосатын кезекті бір сала білім саласы екені айтпаса да түсінікті. Осы саланың қарыштап дамуы арқылы өзге салалардың алға ілгерілеуге мүмкіндігі болады. Бүгінде білім беру жүйесінің дамуында жекеменшік мектептердің де рөлі ерекше артып келеді. Себебі, мұндай мектептер заман талабына айналып отыр.

Осы тұста біз Шымкент қаласында өзіндік орны бар «№1 Талант» жекеменшік мектебіне ат басын бұрған едік. Мақсат – аталған білім ордасының ерекшеліктерімен, білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерімен және болашақтағы жоспарларымен танысу болатын. Мектептің жас директоры Рахат Арғынбай біздерді жылы қарсы алды. Сөйтіп, директордың кабинетінде ашық әңгіме-дүкен құрылып, өзімізді қызықтырған барлық сауалдарымызға толыққанды жауап алып қайттық.

Президент жолдауы білім көрсеткіші мен сапасын арттыруға жол ашады

– Рахат мырза, Президенттің соңғы Жолдауында білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Сіз қалай ойлайсыз, осы бастамалар мектептерде қандай өзгерістер әкелуі мүмкін?

– Жалпы Қазақстанда 3000-ға жуық мемлекеттік бағдарлама бар. Бірақ елге жетіп жатқандарының саны аз. Жаңа Қазақстан болмай жатып бізде көп мәселе тек қағаз жүзінде ғана сайрап, дұрыс емес ақпараттармен толықты. Ал Президенттің биылғы жолдауынан  күтілетін мәселелер өте көп. Біріншіден, білім сапасының көтерілуі. Жалпы, мен жас директор болсам да білім сапасына байланысты жауабын әлі түсінбейтін мыңдаған сұрақтарым бар. Мәселен, заңдылық бойынша егер білім 0,5%-ға артатын болса экономика да 1%-ға арту керек. Енді қараңыз, PISA халықаралық зерттеуі бойынша Қазақстан 73-орыннан 49-орынға, яғни 24 орынға алға жылжыды. Бірақ, экономика 20 қадам да алға жылжыған жоқ. Бұл біздің әлі күнге дейін дұрыс емес, яғни қате көрсеткіштермен жұмыс істеп жатқанымызды көрсетеді. Ал дәл осы жолдау, менің ойымша, алдағы уақытта расымен де білім көрсеткіші мен сапасын арттырады деп ойлаймын. Себебі, Президент өзі арнайы тапсырма берді, арнайы бағдарламасы әзірленді, алғашқы бақылау, зерделеу жұмыстары басқарма тараптан басталды. Алдағы уақытта жақсы нәтиже береді деген ойдамын.

– Түсінікті. Жекеменшік мектептің басшысы ретінде өзіңізден тікелей сұрағым келіп отыр. Жалпы, қаламыздағы жекеменшік мектептердің рөлі қандай?

– Жекеменшік мектептер неге құрылды? Алдымен осы сұраққа жауап беріп кетсем. Қаламыздағы үш ауысымдағы мектеп мәселесін жекеменшік мектептер жояды. Неге? Өйткені мемлекет барлығына бірдей мектеп салып бере алмайды. Бұл – бір. Екінші мәселе – жекеменшік мектептер расымен де шынайы бәсекелестік қалыптастырады. Қаламызда жекеменшік мектептердің арасында қазірдің өзінде бәсекелестік қалыптасып үлгерген. Оны біз Шымкент қаласының білім басқармасы ұйымдастырып отырған байқаулардан, білім бәйгелерінен, ғылыми жобалардан аңғарамыз.

Енді нақты рөліне келетін болсақ, мемлекеттік мектептің рөлі қандай болса, жекеменшік мектептің де рөлі дәл сондай. Күн санап артып та келеді. Себебі, мемлекеттік мектепте жасалмаған жағдай жекеменшік мектепте жасалған. Мысалы, мемлекеттік мектептерде «Мектепке жол» акциясында ары кетсе жүзге жуық балаға қаржы бөлінсе, бізде биылдың өзінде жүз елу балаға қаржы бөлінді.

Екіншіден, егер қандай да бір пәндік олимпиададан оқушы орын әкелсе, ол автоматты түрде (қай сынып оқыса да маңызды емес) бір ай бойы мектеп асханасынан тегін тамақтанатын болады. Одан кейін үздік оқушылар  стипендиямен қамтамасыз етілген. Біз студент болып жүрген уақытта жиырма бес мың теңге деген шәкіртақы жоқ еді. Қазір біздің мектептегі оқушылар жиырма бес мың теңге көлемінде шәкіртақы алады. Осындай ынталандырулардың нәтижесінде қазір үш бала қалалық пікірсайыстан чемпион болып, енді республикалық ойынға дайындалып жатыр. Осы қыркүйек айының өзінде республикалық кезеңге екі бірдей жолдаманы ұтып алды. Жалпы, мұндай дүниелер жекеменшік мектептің рөлінің жоғары екенін білдіреді.

                – Қазіргі заманғы білім беру процесінде цифрландыру мен технологиялар маңызды рөл ойнайды. Сіздердің мектепте бұл бағытта қандай қадамдар жасалып жатыр?

Цифрландыру ұғымына әлем жақындап жатқаннан кейін мектеп басшысы ретіндегі менің де міндетім де сол, оқушыларды цифрландыруға жақындату. Баланы цифрландыруға үйретуіміз керек. Бізде бұл бағытта 1-4 сыныптар және 5-7 сыныптар аралығында робототехнология курстары  ұйымдастырылды. Мұның өзі – цифрландыруға деген алғашқы қадамдар. Бәлкім, осы бағытта оқушылар болашақта үлкен жаңалықтар алып келер. Одан бөлек интерактивті панелдер де бүгінгі күні міндетті құралға айналды. Сондай-ақ, мектептің арнайы телеграм боты бар. Ол да цифрлық түрде жылдам жауап береді. Жалпы алғанда, цифрлық, электронды құжаттармен онлайн жұмыс істеу қарқынды түрде жүзеге асып жатыр.

Ал жасанды интеллект ше? Қазіргі таңда осы бір жаңашылдық мектеп қабырғасына жылдам еніп жатыр… Бұл нәрсеге көзқарасыңыз қалай?

– Негізі жасанды интеллекттің артықшылығы да, кемшілігі де бар. Мысалы, жас маман жасанды интеллект арқылы өзіне ҚМЖ дайындап ала  алады. Ол бір жағы ұстаздың жұмысын жеңілдетеді. Сол жағынан жасанды интеллект өте пайдалы. Бүгінде елімізде көптеген педагогтар оны меңгеріп те, пайдаланып та жатыр. Оған байланысты арнайы курстар да оқуда. Оны оқытатын мамандар да жоқ емес. Бірақ, екінші жағын алып қарасақ, мұғалім ҚМЖ жазып дағдыланбайды. Ал ҚМЖ дегеніміз – мұғалімнің мектептегі негізгі құжаты. Бұл адамды жалқаулыққа, масылдыққа итермелеуі мүмкін. Барлық нәрсе дайын болғаннан кейін адамдарда ойлау қабілеті дамымай, шығармашылық тоқырауға ұшырауы да әбден мүмкін.

Баланың шығармашылығын дамыту өте маңызды

Бүгінгі таңда оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту қаншалықты маңызды деп санайсыз және оны жүзеге асыру жолдары қандай?

– Иә, бұл өте өзекті сұрақ қойып отырсыз. Шынында да, қазір біз осы нәрсемен бас қатырып жатқан жоқпыз. Кезінде Еуропа баланың қиялымен көп жұмыс істеді және ол үшін ертегі кітаптарды көбірек оқытты, нәтижесінде бала қиялының негізінде тың туындылар шығарды. Себебі қиял деген нәрсе – адамның жаңа туындылар шығаратын негізгі көрсеткіші. Ал Қытай балаға тек еңбектенуді үйретті. Сонда батыс пен шығыстың негізгі айырмашылығы – Еуропа идеяны туындатса, Қытай оны өндіріп беріп отырады, болды. Сондықтан да Қытай жаңа фантазияны тудыруға, жасауға келгенде кенже қалып отыр. Бірақ соңғы жылдарда олар да баланың шығармашылығын дамыту мақсатында зор еңбектене бастады.

Енді осы мәселе бізге баланың шығармашылығын дамыту өте маңызды екенін түсіндіреді. Біз мектеп болғандықтан мүмкіндігіміз шектеулі, тек  үйірмелермен ғана шектелеміз. Мысалы, бізде актерлық шеберлік деген үйірме бар. Онда қырыққа жуық бала актерлық шеберлікті үйренуде. Ол жерде тек актер болуды ғана үйретпейді, сонымен қатар сахна мәдениеті, одан бөлек шығармада көрсетілген кейіпкердің жан дүниесін түсіну деген секілді шығармашылық жаққа басымдық береді. Сонымен қатар, мектебімізде би үйірмесі де бар, ол да – шығармашылықтың бір түрі. Одан бөлек, кітап оқу, пікірсайыс, ән, робототехника үйірмелері бар. Жалпы, бізде осындай онға жуық үйірме баланың шығармашылығын дамыту мақсатында жұмыс істеп тұр.

– Президент Жолдауында мектеп мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруға көңіл бөлу керектігі айтылды. Сіздерде бұл бағытта қандай шаралар қолға алынған?   

– Мектеп мұғалімнің кәсіби біліктілігі – өте маңызды нәрсе. Егер мұғалім кәсіби тұрғыдан білікті болса, онда директордың және орынбасардың жұмысы соғұрлым жеңіл болады. Енді осыдан екінші мәселе туындайды. «Сонда жас мамандар елеусіз қала бере ме?» деген сұрақ пайда болуы мүмкін. Жалпы, кәсіби біліктілік деген нәрсе пәленбай жылдық тәжірибемен емес, өмірлік тәжірибемен өлшенеді. Мәселен, үш баласы бар әйелдің жас маманға қарағанда бала тәрбиесінде тәжірибесі молырақ. Содан соң, жас мамандар жұмысқа тұрғысы келе ме, онда оның студенттік уақытта қол жеткізген жетістіктері болуы керек. Мен өз басым жас мамандарды осындай ережемен аламын. Ал енді кәсіби бағдар бағытында ұстаздар жыл сайын міндетті түрде арнайы курстарға барып, оқып қайтады. Одан бөлек біздің мектепте «Болашақ» бағдарламасының түлектері сабақ береді. Бізде Францияда білім алып келген апайымыз бар. Ол кісі де – «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Санаты – зерттеуші. Ұстазымыз оқушыларды IELTS-ке дайындайды. Нәтижесінде өткен жылы бес оқушымыз шетелге оқуға түсті.

Сонымен қатар, бізде мықты логопед маман жұмыс істейді. Ол кісі аталған бағдарламаның түлегі, Польшада білімін жетілдірген. Жалпы, айтқанда мұғалімдердің кәсіби біліктілігі өте маңызды дүние болғандықтан біз бұл нәрсеге міндетті түрде көңіл аударамыз.

– Иә, келісемін. Сондай-ақ, мектеп оқушыларының біртұтас тұлға ретінде дамуы да өте маңызды. Сіздің ойыңызша, мектепте берілетін тәрбие қандай құндылықтарға негізделуі керек және оны қалай іске асырасыздар?

– Бүгінгі таңда министрліктің тарапынан бекітіліп отырған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы – Қазақстан үшін өте қажетті жоба. Алдағы уақытта не нәрсе ауысса да, дәл осы жобаны ауыстыруға болмайды. Себебі бұл жоба  балаларды расымен де академиялық әділдікке тәрбиелейді және бала жақсы қасиеттерге дағдыланады. Ең құрығанда бала сол құндылықтардың атын естиді, маңызын түсінеді. Оны мұғалім бала бойына дарытуға тырысады. Болашақта ол – оқушыға азық болатын дүние. Біз көбіне маман дайындауға мән береміз де, маманға қажетті адамдық қасиеттерді дарытуға келгенде аса  көңіл бөлмейміз. Яғни, тек білім береміз. Білім адамға өмір бойы азық болғанымен адамға мінез де керек. Мінез дағдылардан қалыптасады. Әділеттілік, парасаттылық, кешірімділік, үлкенге сый-құрмет көрсету, ұлттық құндылықтар – барлығы да Қазақстанның болашақтағы мәселелерін шешетін бүгінгі қадамдар деуге әбден болады.

Ата-аналармен тығыз байланыс орнату – бала тәрбиесінде өте маңызды фактор

– Жаңа бір сөзіңізде ұлттық құндылықтар туралы айтып қалдыңыз. Алдағы уақытта ұлттық құндылықтарды насихаттауға байланысты қандай іс-шаралар жоспарда тұр?           

– Ұлттық құндылықтарды сіндірудің түрлі технологиясы бар ғой. Бірақ, оны баланың деңгейіне түсе отырып баланың бойына сіңіру – бүгінгі заманның сұрап отырған дүниесі. Осыған сәйкес мектебіміздің қалалық деңгейде жасайтын іс-шарасын түсіндіргім келеді. Өткен оқу жылында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында республикалық семинар өткіздік. Республикамыздың түрлі өңірлерінен, яғни 17 облыстан 200-ге жуық педогог келді. Мектепте түрлі бағытта жеті киіз үй құрылды. Үлкен іс-шара өтті. Ондағы мақсат не болды? Қарап отырсақ, бізде негізінен ұлттық құндылықтар гуманитарлық пәндердің бүкілінде қарастырылады екен де, физика, математика, жаратылыстану бағытындағы пәндерде дәріптелмей қалады екен. Ал жаңағы іс-шарада физика-математика бағытында білім беруде де ұлттық құндылықтардыдәріптеуге болатынын көрсеткіміз келді. Ол жоба өз мақсатына жетті, істеген жұмысымызға байланысты министрліктен тиісті деңгейде мадақтама да алдық.

Одан бөлек біздің мектептің ұйымдастыруымен 19 қалалық семинар өтті. Мен кез-келген жерде мақтанып айта аламын: мемлекеттік немесе жекеменшік мектептердің ешбірі бұлай семинар өткізген жоқ.

Биылғы оқу жылында қала деңгейінде жайдарман ойынын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Ол жерде де негізгі мақсат – ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

                – Ата-аналармен тығыз байланыс орнату – бала тәрбиесінде өте маңызды фактор. Сіздің мектебіңіз ата-аналармен байланыс орнату үшін қандай тәсілдер қолданады?

– Бізде тамыздың 29-ы күні біріңғай ата-аналармен жиналыс болды, оған 300-ге жуық ата-ана келді. Онда мектептің биылғы оқу жоспары таныстырылды, кейбір мәселелер ата-аналармен бірге талқыланды. Бұның өзі ата-аналардың мектептің ішкі тәртібіне, ережесіне толықтай араласа алатындығын көрсетеді. Мысалы, мемлекеттік мектептерде ата-аналарды  мектептің ішіне кіргізбейді. Ал біз осы мәселеде ашықпыз. Біз не үшін және кімнен қорқамыз? Өзіміздің мектептің ата-аналары, олардан қандай қауіп келуі мүмкін? Олар да мектептің ішкі дүниесін көрсін, мүмкін біз көрмей жатқан қателіктер бар шығар?! Ондай жағдайлар да болды, біз байқамаған қателіктерді бір-екі ата-ана келіп түсіндіріп берді, мамандар сол қателіктерді  жөндеді. Мен сондай ата-аналарға өте ризамын және ата-аналардың маған айтатын ұсыныстарын мен қашанда тыңдауға дайынмын.

– «№1 Talant» мектебінің жаңа оқу жылындағы жоспары қандай?

– Жалпы алғанда әлі де жасалуы керек жұмыстар өте көп. Бізде ғылым дамымай жатыр. Мысалы, бүгінгі күні қатты талқыға түсіп жатқан – АЭС салу мәселесі. Оның өзі бізде мамандардың жоқтығын көрсетеді. Күні кеше карантин уақытында медицина мамандары тапшы болды. Ал мықты мамандар көп болу үшін ғылым дамуы керек. Барлығы ғылымнан басталады. Сондықтан, мектеп басшысы ретінде осы мәселеге мен де жете ден қойып жатырмын. Біздің мектепте бүкіл ұстазға ғылыми жұмыспен айналысу міндеттеледі. Ұжымда жүзге жуық маман болса, соның кем дегенде 80-і ғылыми процеспен айналысады және осы бойынша әр тоқсан сайын мұғалімдер есеп беріп отырады. Бәлкім, мұндай міндеттеуді мемлекеттік мектептерде жұмыс істейтін кейбір педагогтар құп көрмеуі мүмкін, әйтсе мұның артында үлкен нәтиже бар. Мысалы, өткен оқу жылында «Talant» мектебі республикалық кезеңге он бес жолдама ұтып алды. Сөйтіп, Шымкент қаласы бойынша бірінші орын алды.

Жалпы алғанда, бұл тұста қарқынды жұмыс қажет. Ол үшін мектептің ғылымын дамыту, яғни мектептегі ғылыми шаралар санын арттыру қажет. Бізге өткен оқу жылында ата-аналардан «Ғылыми бағыттағы арнайы сыныптар қажет» деген ұсыныс түскен. Қазір осыған байланысты жұмыстар жүріп жатыр.

Ғылым демекші, ғылымның негізі кітапта жатыр емес пе? Біздің кітапханада мыңға жуық әдебиет бар. Оны біз арнайы сатып алып келдік. Мұғалімдер де риза болды. Бұл тұста мектеп басшылығы да мұғалімдерге жағдай жасай алу керек. Оған қоса педагог мамандарға мүмкіндігінше ынталандыру сыйлықтары да беріліп отыру керек деп ойлаймын. Бізде мынадай жүйе бар.

Мысалы, оқушымыз қалалық жарыстардан бірінші орын алатын болса, сол оқушының ұстазының жалақысына автоматты түрде бір реттік елу мың теңге көлемінде сыйақы қосылады. Егер республикадан бірінші орын алса, жүз мың теңге қосылады. Егер екінші, үшінші орын алатын болса, мектеп асханасынан тегін тамақтанады. Мұның өзі – мотивация.

Өткен оқу жылында он екі ұстазымыз министрлікке қарасты департаменттен, ал бесеуі министрліктің өзінен арнайы алғыс хат алды. Ол –  Шымкенттегі мемлекеттік мектептердің қолы жетпей жатқан дүние. Сондықтан бұл да бір мақтанарлық дүние деп ойлаймын.

Ал енді нақты жоспарға келетін болсақ, биылғы оқу жылында 20 қалалық семинар, 5 республикалық шара жоспарланып отыр. Мұның бәрі «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының аясында жүзеге аспақ.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Істеріңізге сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан –Диана БАРАТОВА

 

 

 

 

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика