2024-09-21

Әзіреті Қаратау, әулиенің кені еді…

Жиһанкез жолжазбасы

«Тарихы терең Түркістан» өлкетану ақпараттық туры мәреге жетті. Журналистер мен әлеуметтік желі белсенділері облыстағы республикалық және облыстық маңызы бар 40-қа жуық киелі орынды аралап шықты. Үшінші тур Бәйдібек пен Созақ аудандарындағы қасиетті орындарды қамтып, саяхат соңы Қазақ хандығының алғашқы астанасы – Созақ қалажұртында қорытындыланды. Мұның астарында да өзіндік бір мән бар.

Өлкетану саяхатын Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «OpenKazakhstan» ЖШС ұйымдастырды.

tories/30082019-2.jpg» border=»0″ />

Ақмешіт үңгірінің екі қасиеті

Екі күнге жоспарланған үшінші тур алдын-ала бекітілген жоспарға сәйкес Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірінен басталды. Еліміздегі ғана емес, Орта Азиядағы ең үлкен Карст үңгірі туралы айтар әңгіме де, халық аузында айтылып жүрген аңыз да көп. Сол аңыздардың бірінде жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Қойгелді батыр мен оның он мың қолы қалың нөсерден сағалап, осы үңгірді паналапты десе, енді бірінде қалың әскер майданға шығар алдында қатар тұрып намаз оқып, содан «Ақмешіт» аталыпты деседі. Бәйдібек ауданы тұрғыны, өлкетанушы Ә.Мәуленовтың айтуынша, бұл үңгірдің басты екі қасиеті бар. Біріншісі, адамның қан қысымын реттеушілік болса, екіншісі – мұнда күннің инфрақызыл сәулелері түспейтіндіктен бойдағы теріс энергияны сіңіріп алады екен. Сондықтан болар, мұнда келушілер жеңілдеп, тыныстары ашылып, еркін қимылдап қалады деседі. Ақмешіт үңгірін зерттеп, ғылыми ерекшеліктерін хаттамалаған кісі М.Тоханов деген ғалым екен. Үңгірдің табанының ауданы 1,4 гектар, ұзындығы 162 м., ені 54-57м. шамасында болса, биіктігі 36 м. дейін барады. Күн тұсетін алаңқайда үңгір ішін мекендейтін құстардың саңғырығынан жиналған беткі құнарлы қабатында өскен тұт ағашынан кішігірім тоғай қалыптасқан.

Ақмешіт үңгірінен кейінгі жолымыз Бәйдібек би және Қос ана кесенелеріне бұрылды. Бұл кесенелер қазақ халқының Ұлы жүзіне қарайтын ірі-ірі үлкен рулардың ата-аналары саналатын Бәйдібек ата, Зеріп ана және Сыланды аналарға арнап салынған. Халықтың өз тегі, атасы мен анасына құрметін осы нысандардан көруге болады.

Аудан орталығы Шаян ауылына аялдап, Аппақ ишан мешіт-медіресесіне соқтық. Бұл нысан ХІХ ғасырда қазақ даласының ең ірі білім орлаларының бірі болған. Бұл нысан және одан кейінгі Ысқақ баб кесенелері туралы газетімізді алдыңғы сандарында кеңірек тоқталғанбыз, сондықтан бірден келесі орындарға тоқталайық. Аппақ ишан мешіт-медіресесі, Ысқақ баб кешенінен кейін тобымыз Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесіне барды.

Етегін шеңгел сыдырып, Әулие қоймай қыдырып…

Қаратаудың теріскейіндегі Жылыбұлақ бастауында орын тепкен Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі кейінгі кездері салынған, сәулет ерекшелігі ғана емес, батырлық жырларда аты аталып қалатын қасиеттілігін де танымал. Жылыбұлақ маңында пайда болған кішігірім көлде ірілі-ұсақты балық шоығыр мекен етеді. Шырақшы Асылхан ағаның айтуынша, соңғы кездері алтын түстес балық пайда болыпты. Бұл мекенге арысы сонау Мәскеу, берісі Қазақстанның түкпір-түкіпірінен арнайы ат арылтып келетін зияратшылар көп. Көбіне жақындығынан болар, Жамбыл облысының тұрғындарын көптеп кездестіруге болады. ХІХ ғасырда салынған бастапқы көне кесене сақталмаған, қазіргі кейпі бергі жылдардың еншісінде. Ауызша аңыз деректерінде Баба Түкті Шашты Әзіз Ысқақ бабтың замандасы, жергілікті түркі нәсілді халықтан шыққан ең алғашқы мұсылман болыпты деседі. Соған қарағанда ҮІІІ-ІХ ғасырлар шамасында өмір сүрсе керек. Қазақтың «Алпамыс батыр» батырлық жырында Байбөрі бай мен Аналық бәйбіше «етегін шеңгел сыдырып, әулие қоймай қыдырып», соңында осы келіп түнегеннен кейін Шашты Әзіз түсінде аян береді де, Алпамыс пен Қарлығаш дүниеге келеді. Ал, Алпамыс батыр туралы алғашқы деректер түбі Х ғасырға жататын «Қорқыт ата» кітабында «Бамсы Берек» түрінде айтылатынын ескерсек, Шашты Әзіз баба біз топшылаған ҮІІІ-ІХ ғасырларда өмір сүруі мүмкін. Алпамыстан өзге де «Қобыланды батыр», «Шора батыр» жырларында Әзіз баба туралы айтылып қалады. Ал, «Едіге батыр» жырында Алтын Ордада билік құрған Едігенің түп-төркіні осы әулиеден таратылады. Осылайша, президент Қ.Тоқаевтың Алтын Орданың құрылғанына 750 жыл толуын атап өту туралы сөзін құптарлық бір дерек Созақ жерінде қылаң береді.

tories/30082019-333.jpg» border=»0″ />

Қарабура кесенесі. ХХ ғасырдың соңындағы сурет


tories/30082019-3333.jpg» border=»0″ />

Қарабура кесенесі. Бүгінгі күнгі келбеті

Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесі маңындағы Жылыбұлақтың шипалы суына шомылып алғасын ашық алаңқайға қос тігіп, осында түнедік. Таңертең естелікке фотосуретке түсіп, Шолаққорғандағы Мариям бибі кесенесі арқылы Созақ ауылына бет алдық. Созақ қалажұрты ҮІ-ХІХ ғасырлар аралығында өмір сүрген ортағасырлық қала орны. Мұнда өз заманында ірі сауда жолдары тоғысқан орталық болған. Ең соңғы қалдығы 1920 жылғы «Созақ көтерілісі» кезінде қираған. Қазір ақ топырағы бұрқылдаған төбеге айналған. ХҮ ғасырда Қазақ хандығы өз алдына отау тіккенде шәйбәнидтерден тартып алып, Керей хан астана еткен. Сонысымен де бұл қала қазақ тарихында алар орны бар. Қалажұрттың шығыс тұсынан бастау алатын бұлақ солтүстігін де қапсыра айналып, қорған сыртындағы сулы ор қызметін атқаратын стратегиялық маңызға ие. Бұлақ жағасында жағалай қараталдар өседі. Қалажұрт үстінде Құлақ ата және Мәмет халфе кесенелерінен өзге ешқандай құрылыс атаулы сақталмаған. Тек оңтүстік бетіндегі қақпа орнында біресе Жәнібек ханға, біресе Әбілқайыр ханға телінетін «Хан моласы» деген белгі тұр. Ал солтүстік-батыс тұсындағы қараталдардың арғы жағында Әжі ата кесенесі, одан әріректе Қазаншы ата кесенелері тұр. Созақтағы кесенелердің өзіндік қайталанбас архитектуралық ерекшеліктері бер. Төрт құлақты құрылыс үстіне тіп-тік сүйірленіп бітетін созылыңқы күмбезді кесенені басқа еш жерден кезіктіре алмайтыныңызға сенімдімін. Қарабура кесенесі де өткен ғасырдың 90-шы жылдарына дейін осындай сәулет стилінде болған екен. Тек тәелсіздік алғаннан кейінгі жылдары халық өзінің ата-тегіне бет бұрып, құрметтеуінің арқасында жаңа кесене бой көтерген. Құлақ атаның қандай кісі болғаны туралы дерек жоқ. Ал Мәмет халфе дін тарату ісінде жеке медіресе ұстап, халықтың діни сауатын ашқан кісі болған екен. Әжі ата деген кісі қажылыққа барып-келуінің арқасында «әжі» аталған деп саналса, Қазаншы ата өз заманында қазан құюмен айналысқандықтан қолөнер шеберлерінің пірі саналады. Қарабура әулие туралы аңыз деректері көп. Аңыз белгілеріне, әрі «Бурахан» лақабына қарағанда қараханидтер дәуірінде өмір сүрген секілді. Бұл деректі Қ.Яссауидің шәкірті болғаны туралы, әрі оның жаназасын шығарыпты десетін дерек те растай түсетіндей.

Сырын жоғалтпаған мешіт

Созақ ауылының батыс тұсында орын тепкен Ноғай ишан мешіті өзіндік өрнектерімен ерекшеленеді. Құрылыс стиіліне қарап, Еділ бойынан келген татар стиліне жатқызылады. Мешіттің солтүстік жағындағы ағаш құрылымды айван-баспаналары да татарлық өрнектермен бедерленген. Екі бұрышындағы мұнара ортасындағы портал үсті және үлкен күмбезі қаңылтырмен жабылып, қабырғасы толықтай күйдірілген кірпіштен қаланған. Ескерткіш ХІХ ғасырдың соғы мен ХХ ғасырдың басына жатқызылады. Құрылыстың салынуына ұйытқы болған тұлға осы өлкеге Ноғай ишан деген атпен танымал болған дін иесі – Шаһиахмет (шайқы Ахмет) деген кісі. Ескерткіш негізінен күйдірілген кірпіштен тұрғызылса да оның көптеген құрылымдарына ағаш пен темір пайдаланылған. Құрылыстың жалпы ауданы 32×15 м. Жоспарда төрт бұрышты болып келетін ғимарат бір-бірімен байланысқан бір қатар бөлмелерден және шығыс жағынан Құрбан айт кезінде дүйім жұрттың намазға жығылатын, құбыланы бағыттайтын михрабы бар үлкен айван-галереядан тұрады. Бүйірінде шағын мұнаралары бар кіре-беріс порталы өте қызықты. Оның қуыс-дәлізінің үстінде ағаштан түйін түйгендей етіп аса шеберлікпен жасалған тор терезелі лоджиясы бар. Ғимараттың ортасында үлкен намаз оқу залы орналасқан. Ол шығысындағы айван-галереямен есік ойығы арқылы байланысады. Галерея төбесінің өрнектелген қарыларын ағаш бағаналар тіреп тұр. Намаз бөлмелерінің үстіңгі бөлігі бай өрнектермен нақышталған. Ғимараттың орталық бөлігін пияз іспетті күмбезшемен аяқталатын шатырлы төбе бас залдың төрт қырлы пішіні асқақтатып тұр. Кеңес заманы орнаған тұста, 1930 жылдан бұл ғимарат ауыл клубы қызметін атқарған. Тәуелсіздік алған жылдары ауыл тұрғындарына қайтарылып, мешітке айналған. Клуб болған сәтінде ескі михрабы кірпішпен бекітіліп, қалана салғандықтан, кейін михрабы ашылғанда өрнектердегі ХІХ ғасыр бояуы бұзылмай сақталғаны белгілі болады.

tories/23082019-4.jpg» border=»0″ />

Ноғай ишан мешіті. ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы

Ноғай ишан мешіті сәулет ескерткішінен шыққан тобымыз Созақ ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 7 шақырым қашықта орналасқан Хақназар хан кесенесіне соқты. Бұл жерге баратын 3 шақырым жолдың хәлі өте мүшкіл. Жол сілтеуіш атымен жоқ. Адасыңқырап жүріп, қамыс пен ақшеңгел арасынан  әрең жол таптық. Кесененің батыс тұсы жүгері егістігі болса, шысы мен солтүстігін қамысты батпақ пен ақ шеңгелді шағыл қоршап жатыр. Ал оңтүстік-батысында көне қорымның ізі байқалады. Көңіл бөлінсе, мықты туристік орынға айналары сөзсіз. Өйткені, Хақназар хан алғаш рет қазақ жерінің басын босқан ірі мемлекеттік қайраткер, халық тұлғасы емес пе?

Созақтан шыққан саяхатшылар жолай Домалақ ана кесенесіне соғып, Шымкентке жетті. Ақпараттық тур кезінде бірнеше жерде келеңсіздіктерге куә болдық. Оның үлкені осы Домалақ ана кесенесіндегі шырақшы әпкейдің өзі жасап алған «заңдары» болса, әдепке жатпайтын жеке қасиеттері жалпы ұзындығы 670 км жолдан шаршап келе жатқан тур қатысушыларының ашуына тиді. Ал басқаларына жекелеп тоқталсақ…

 

Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының назарына!

Жердің асты да жекеменшікте ме?

Бәйдібек ауданындағы қасиетті орындардың бірқатары жеке меншікте екен. Мәселен, Ақмешіт үңгірі А.Рүстембеков деген кісінің жеке шаруа қожалығына жайылымдық жер ретінде берілсе, Домалақ ана кесенесі аумағы да жекенің қолында. Бұл туралы өлкетанушы Ә.Мәуленов ашына айтып, мемлекет қарамағына алынса деген тілек айтты. Жеке меншікте болғандықтан ақпарат көздерін бірізділендіру, туристерге ыңғайлы қызмет көрсету, құрылыстар салу секілді жұмыстарды аудан әкімдігі атқара алмай отыр екен. Басқасын былай қойғанда, табиғи үңгір туралы алып-қашпа ертегі сықылды әңгіме құрастырып, келушілерді еліктіре жалған ақпарат таратып жатқанын баса айтты. «Жер үстін жайылым ретінде пайдалану бір басқа, жердің астыңғы қабатын пайдалану екінші басқа нәрсе емес пе? Бұл нысанға келетін жол, жарық, әжетхана, сілтеуіш белгі секілді инфрақұрылымды мемлекет қаржысы есебінен жасалады да, жеке меншік иесі ретінде туристік табыстарынан бір тиын да салық ретінде бюджетке төлемейді» дейді Әбдіразақ аға. Бәйдібек ауданындағы қасиетті орындар басына орналасып алған шырақшылардың бейкәсіби әрекеттеріне өкпелеп жүргенде, Созақ ауданындағы киелі жерлердің денінде тіпті ондай шырақшыны да кезіктіре алмадық. Бейкәсіби гид қызметін ұсынса да күтімін жасап отыратын шырақшы таппай қиналдық. Газетіміздің өткен сандарында мәселе көтеріп, әр ауданнан бір-бір қорық-музей ашу керек деп жүргеніміз де осы еді ғой. Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы сол көтерілген мәселені жылы жауып қоя салып еді. Енді оған жергілікті әкімдіктердің Хақназар хан кесенесіне баратын жолды реттемегені мен жол сілтеуіш белгілерін орнатпағаны қосылды. Ал Ысқақ баб кешені аумағындағы ХІХ ғасырда салынған медіресе ғимаратын музейге айналдырса, тек Ысқақ баб кесенесі мен медіресе ғана емес, іргедегі ортағасырлық жқмбақ қала Баладж қалажұртынан табылған жәдігерлерден-ақ экспонат жасақтауға болар еді. Осы сауалдарды тиісті мемлекеттік құрылымдарға тағы да жолдасақ, мәселе шешуге белсене кірісер ме екен? Әй, қайдам! Тағы бір жалтарма жауаппен құтылуға асығар. Көрейік…

Әйтсе де, «Тарихы терең Түркістан» өлкетану ақпараттық туры пайдалы болды. Интернетшіл халайық әрбір постқа елеңдеп, қайда орналасқаны, қалай жететіні туралы және өзге де қызықты мәліметтер сұрап жатты. Кішірек жазылған пост пен суреттерді қызыға лайктап, пікірлерінен ақпаратқа қанбай қалғанын байқауға болады. Турдың мақсаты да сол – жарияланымдар арқылы халайық назарын аудару, сол арқылы ішкі туристер ағынын арттыру емес пе? Олай болса, ақпараттық тур діттеген мақсатына жетті деген сөз. Ендігіде Сіз де осы маршрутпен Түркістан облысының қасиетті жерлеріне саяхаттағайсыз, оқырман!

Сейдалы ДҮЙСЕБАЙҰЛЫ

Фото А.Әссанди, М.Жаримбетовтікі

Яндекс.Метрика