2024-09-21

Түркістанда: Өнімділік туралы әңгіме басталды

Кәсіпке қолдау

 

Түркістан диқандары қала маңындағы егістік алқаптарын АҚШ-тан әкелінген арнайы техника арқылы жаңбырлатып суара бастады. Мамандардың айтуынша, бұл – өте тиімді тәсіл. Бұл әдіс арқылы егістік өнімділігі 2-4 есеге дейін артып қана қоймай, қаланың микроклиматтық жағдайы өзгереді деп отыр.

tories/18102019-22.jpg» border=»0″ />

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2019 жылғы 19 маусымдағы тарихи шешіміне сәйкес Түркістан қаласы облыс орталығы болып бекітіліп, үкімет тарапынан «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» қабылданған болатын. Осы жоспарға сәйкес, облыс әкімі Ө.Шөкеевтің бастамасымен Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және су нысандарын қалпына келтіру жобалары іске асырыла бастады. Кешенді жоспар аясында аграрлық салаға, оның ішінде Түркістан қаласы аумағында 11 мың гектар алқапқа азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ағын су тапшылығын жою мақсатында су нысандары құрылысын жүргізуге үлкен басымдық беріліп отыр.

Қолға алынған «Азық-түлік белдеуін қалыптастыру» жобасы шеңберінде Түркістан қаласы шекарасы аумағынан радиусы 15 шақырымды құрайтын интенсивті технологиялар қолданып, ғалымдардың сүйемелдеуімен жұмыстар басталып кетті. Кешенді жоспар бойынша жалпы құну 70,0 млрд теңге қаржыны құрайтын 8 ірі инвестициялық жобаларды іске асыру көзделген. Нәтижесінде жыл сайын қосымша 30,0 млрд теңге ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2500-ден астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Биыл жыл басында «Түркістан Агро ХХI» ЖШС-нің бастамасымен «Ынтымақ – 2019» кооперативі құрылып, оған 131 шаруа қожалық біріккен. Бүгінде аталған кооперативтің 1445 гектар егістігі болса, оның 733 гектар алқабына 18 бірлік жаңбырлатып суғару технологиясы машинасын орнату жоспарланған. Жобаның құны – 500,0 млн. теңге. АҚШ-тың «T-L» маркалы технологиясын елімізге Нидерландының «APH Group B.V.» компаниясы жеткізген. Сондай-ақ мұнда 600,0 млн теңге қаржыға МТС құру жобасы іске асырылуда. Жобалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы мақұлданды. Бұл құрылғыларға мемлекет тарапынан субсидия бөлініп, шаруаларға үлкен қолдау көрсетіліп отыр.

Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н.Бадырақовтың айтуынша, бүгінде Түркістан қаласы маңында 4 бірлік жаңбырлатып суару машинасы орнатылған. «Қазір бұл алқапқа күздік бидай егіліп жатыр. Келесі жылдың мамыр айында егістік жиналып алынғаннан кейін оның орнына сүрлемдік жүгері егу жоспарланған. Осылайша бір егістік алқабынан бір жылда екі өнім аламыз деп отырмыз. Жаңбырлатып суару технологиясы арқылы дақыл түріне қарай өнімділік 2-4 есеге дейін артады. Мысалы, бидайдан орташа өнімділік гектарына 15-20 центнер болса, осы технология арқылы ол 40-45 центнерге жетпек. Дәндік жүгеріден де бұған дейін әр гектардан 48,5 центнер алынса, жаңа технология арқылы өнім түсімін 115-130 центнерге дейін жеткізуге болады. Жалпы, келесі жылы Түркістан қаласының айналасындағы алқаптарда жаңбырлатып суару әдісі енгізіледі. Осы арқылы азық-түлік белдеуі қалыптасып, елдің әлеуметтік жағдайы көтеріліп қана қоймай, қаланың экологиясы ақуалы да жақсарады»,-дейді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда облыс орталығының азық-түлік белдеуі аумағында «Түркістан Агро ХХI» ЖШС «1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасы» жобасын іске асырыла бастаған. Бұдан бөлек «SPK-SAURAN» АШӨК («Сити Строй» ЖШС) «10 000 бас ірі қара мал бордақылау кешені» жобасын іске асыру жұмыстарын бастады. Сондай ақ, «SPK-SAURAN» АШӨК «1 мың гектар алқапта жаңбырлатын суару жүйесін орнату» жобасын қолға алды. Қазір онда «Valmont Industries» компаниясынан 3 жаңбырлатқыш машиналары жеткізілген. Бұдан бөлек, жылына қуаттылығы 20 мың тонна етті бағыттағы құс фабрикасы («Стандарт ойл» ЖШС), 500 гектар заманауи жылыжай кешені («YDA INSAAT» түрік компаниясы), «Жылына 2,5 мың тонна түйе сүтін қайта өңдеу кешені» жобалары дайындалуда.

 

tories/18102019-3.jpg» border=»0″ />

Н.Бадырақов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

«Гектарына 130 центнерге дейін өнімділікті арттыруға қол жеткіземіз»

Бұл жоба «Түркістан Агро ХХI» ЖШС және «Түркістан» ӘКК бірігуі нәтижесінде іске асырылып жатыр. Бұл жобада ғалымдардың сүйемелдеуімен 328 гектар аумаққа жүгері, жоңышқа және сүрлемдік жүгері дақылдарын егіп, биылдың өзінде басқа технологиялармен салыстырғанда 2 есе жоғары өнім алуды көрсетті. Енді осы өнімді 4 есеге дейін ұлғайту үшін жаңбырлатып суару технологияларын қолға алып отырмыз.

Биыл «Түркістан Агро ХХI» ЖШС-нде 733 гектар егістікке 18 бірлік жаңбырлатып суару агрегаттары орнатылатын болады, қазірдің өзінде америкадан 4 данасын голландиялық мекеме жеткізіп, орнатып берді. Қалғаны жыл соңына дейін толық орнатылатын болады. Бұл технологияның артықшылығы – басқа тәсілдерге қарағанда 2-4 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Яғни, облыста гектарына орташа деңгейде 45-48 центнерден алынса, осы тәсіл нәтижесінде 130 центнерге дейін өнімділікке қол жеткіземіз. Ал бидайды бұған дейін облыс бойынша орташа өнімділік 15-20 центнерден алып келсек, жаңа технология әсерінен 40 центнерден өнім аламыз деп отырмыз. Қазірдің өзінде міне күздік егіс басталды. Күздік бидай егісі 160 мың гектар жоспарланып, 5 мың гектары егілген. Қазір осы «Түркістан Агро ХХI» ЖШС-нде күздік бидайдың «Стекловидно-24», «Алмалы», «Суперэлита» және «Элита» репродуктілерін егіп жатырмыз. Бұл бидай дақылы келесі жылдың мамыр айында орылып, екінші өнімді, яғни сүрлемдік жүгері дақылын егуге кірісеміз. Бұл дегеніміз – бір алқаптан екі өнім алып, шаруалардың да салып отырған қаржысының тез қайтуына және табысының екі есе артыруға жол ашатын болады.

Сондай-ақ, аптап ыстықты Түркістанның айналасында қалыптасатын жасыл желекті белдеу қала микроклиматына аздап болса да өзінің ықпалын тигізетін болады. Кезінде Нұр-Сұлтан қаласының айналасында егілген орман белдеуі елорда климатына қалай әсер етсе, жаңбырлатып суару арқылы пайда болатын егістік алқаптар қалаға соғатын шаң-тозаңды желді тоқтатады деп жобаланып отыр.

 

tories/18102019-4.jpg» border=»0″ />

Н.Мырзахметов, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының орынбасары:

«3,5 млн текше метр ағын суды үнемдейді»

Қазір 4 жаңбырлатып суару агрегаты орнатылды. Мұнда электр қуатымен қамту және ағын су мәселелері толықтай шешілген. Су жинайтын алаң-камера мөлшері 24х18 метр болса, тереңдігі 3 метр. Бұл су жинайтын орын 5 машинаға су жібереді. Мұнда бір мезетте су жиналып, 200 гектар аумақты суландыруға жоспарланған. Бір агрегаттың суару радиусы 310 метрден 460 метрге дейін.

Қазір «Арыс-Түркістан» каналы арнасын бетондау жұмыстары жүргізілуде. Қазір ұзындығы 200 метр жерге бетон құйылды. Болашақта бұл канал бойында ағаш көшеттері егіліп, серуендеу жолу ашылады. Онда жаяу жүргіншілер аяқжолдарынан бөлек, веложолақ та жоспарланған.

Бұған дейін «Арыс-Түркістан» каналы бойында су сіңіп, филтрациялық шығын көп болып, Түркістан қаласы айналасындағы егістіктерге су жетпей, игерусіз жатқан еді. Канал арнасын тазалап, бетондау нәтижесінде 3,5 млн текше метр ағын суды үнемдейді екенбіз. Бұл – ешбір жаңалық енгізбей-ақ, тек күрделі жөндеу нәтижесінде ғана.

 

tories/18102019-5.jpg» border=»0″ />

Б.Байжұматов, «Ынтымақ – 2019» кооперативінің төрағасы:

«Жоңышқалықтан 8 орымдық өнім аламыз»

Біз осы жобаны іске асыру үшін Шаға ауыл округіндегі 74 ұсақ шаруа қожалықтарын біріктіріп, «Ынтымақ – 2019» деген ауыл шаруашылық өндірістік кооператив құрдық. Кооперативтің егістік алқабы 1018 гектарды құрайды. Осы егістікті жаңбырлату тәсілімен суару үшін жеткізуші мекемелермен келісім шарт түзіп, жұмыс жүріп жатыр.

Қазір жер айдалып, өңделіп болып, күзгі бидай егумен айналысып жатырмыз. Бүгінге дейін орнатылған 4 жаңбырлату қондырғысы 150 гектар жерді қамтамасыз етеді. Жыл соңына дейін тағы 18 қондырғы толық орнатылса, 733 гектар жер суландырылатын болады. Осы 733 гектардың 400 гектарына күздік бидай егілсе, қалған 333 гектарына суармалы жоңышқа егуді жоспарлап отырмыз. Егер, қарапайым ағызу арқылы суарылатын жоңышқадан 4 орым өнім алынса, жаңбырлатып суарылатын жоңышқалықтан 8 орымға дейін өнім алынады деп күтілуде. Ал, егістіктің өзінен жылына 2 рет өнім алатын боламыз.

Қазірдің өзінде осы жұмыстарымызды көрген өзге де ұсақ шаруа қожалықтары ісімізге қызығып, жер телімдерімен бірге біздің кооперативке кіре бастады. Егістіктегі суару қондырғылары үшін су жинау бассейндері жасақталған. Оларға су «Арыс-Түркістан» каналына келеді, ал су болмай қалған жағдайда арнайы қазылған скважиналардан жерасты суларын пайдаланатын боламыз.

 

tories/18102019-6.jpg» border=»0″ />

В.Кузьмин, «Kelet» АҚ-ның аға инженер-электронщигі:

«Станциялар 1400 текше метр сумен қамтамасыз етеді»

 

«Kelet» АҚ ауыл шаруашылығы агрегаттарын жеткізу, орнату және оларға сүйемелдеу қызметін көрсетеді. Қазір Түркістан қаласы айналасына жаңбырлатып суару қондырғыларын орнатып, мамандарын үйретумен айналысып жатырмыз. Біздің кәсіпорын суару қондырғыларына су жеткізіп беретін сапалы әрі сенімді станциялар орнатып келеді.

Бұл станциялар ауыл шаруашылығы жерлерін суаруға арналған. Мына бір станцияның өзі 5-6 барға дейінгі қысымға есептелген. Қалыпты жағдайда жұмыс істегенде 1000 текше метр суға дейін, ал максималды жұмысында 1400 текше метр суға дейін қамтамасыз ете алады. Жылма-жыл өзіміз орнатқан станцияларға сүйемелдеу қызметін көрсетіп қана қоймай, оларды жаңартуға да қол ұшын береміз.

 

tories/18102019-7.jpg» border=»0″ />

Д.Логинов, голландиялық «APH Group B.V.» компаниясының сервистік инженері, координаторы:

«Машиналар күніне 80 гектар алқапты суарады»

 

Біздің компания астаналық «Green-Star» компаниямен бірге жаңбырлатып суаратын «T-L» агрегаттарының шашырату және су құбырлары жүйелерін орнату мен монтаждау жұмыстарын жүргізді. Біздің жүйелер – гидравликалық жүйе, электрлендірілген жүріс бөліктегі басқа жүйелермен салыстырғанда өте жатық бір қалыпты жүрісімен, бірдей мөлшердегі су себу жүйесімен ерекшеленеді. Яғни, гидравликалық жүйе жем-шөп алқаптары, сондай-ақ көкөніс алаптарын суаруда өте тиімді.

Біздің компания картоп және көкөніс өнімдерінің құрал-жабдықтары мен жаңбырлатып суаратын «T-L» жабдықтарының жеткізушісі саналады. Әр машина өзінің радиусына қарай су жұмсайды. Мысалы, радиусы 190 метр болса, онда ол күніне 20 гектарға дейінгі алқапты суарады. Егер, радиусы 460 метр болса, күніне 80 гектарға дейін суландырады. Яғни, машинаның жүйесіне, су қысымына байланысты. Біз осы Түркістан қаласы аумағына орнатылған машиналарды тәулігіне 12 мм мөлшердегі жауынға лайықтап жасадық.

tories/18102019-8.jpg» border=»0″ />

Жаңбырлатып суару өңірге келген жаңа әдіс. Егжей-тегжейлі зерттелгені көрініп тұр. Мамандардың әңгімесіне соң Түркістанның тағы бір бес жылда желге тоқтам жасаған бау-бақшасы самысқан, егістік алқаптары жайқалған келбеті бөлек көк желекті қалаға айналатынына сеніп қайттық. Осының бәріне суды ысырап етпей- ақ қол жеткізеді. Түркістан түрленіп жатыр. Екі-үш жылды араға салып қайта соқсаңыз танымай қалуыңыз әбден мүмкін.

С.Дүйсебайұлы

Яндекс.Метрика