tories/11112019-10.jpg» border=»0″ />
Шымкент қаласындағы Қаратау ауданы әкімі А.Әліқұлов 2019 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші мен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы бойынша БАҚ алдында есеп берді. Әкімнің айтуынша, 10 ішінде төмендегі жұмыстар атқарылған.
Аудан бойынша 47 202 жеке тұрғын үй болса, оның 37 511 яғни, 79,5% тұрғын үй тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтылған, 5 211 тұрғын үй, 11,2% — кесте бойынша, ал тасымал сумен қамтылғаны 4 431 үй, бұл — 9,3% құрайды. Қазіргі уақытта, Сайрам тұрғын алабы жаңақұрылыс аумағы тұрғындарын сапалы ауыз сумен толық қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2019 жылдың соңы. Достық шағын ауданында ауыз сумен қамту құрылыс жұмыстары атқарылуда. Пайдалануға беру мерзімі 2020 жыл. Ал, Тассай тұрғын алабы мен Тұран ш/а ауыз сумен қамту жұмыстары қаржы тапшылығына байланысты уақытша тоқтап тұр. Сонымен қатар Асар-2 шағынауданының ішкі орамдық көшелері мен Қайнарбұлақ тұрғын алабының магистралды ауыз су құбырының ЖСҚ-сы дайын. Құрылыс жұмыстары 2020 жылы басталатын болады.
Биыл Сайрам аумағы Тассай бөлімшесі мен Қайтпас, Нұртас шағынаудандарындағы 594 отбасы сапалы электр жарығымен қамтылды. Асар-2, Достық шағынаудандары мен Тассай, Шапырашты, Өтеміс тұрғын алаптарында электр жарығымен қамту құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2020 жылы 6 146 отбасы толық сапалы электр жарығымен қамтылатын болады. Ал, Қайнарбұлақ тұрғын алабын сапалы электр жарығымен қамту мақсатында ЖСҚ-сы әзірленген. Құрылыс жұмыстары 2020 жылға жоспарланған.
2019 жылы санитарлық тазалау жұмыстарын атқаруға 180,6 млн.теңге бөлініп, «Qazaq Stroy Zhol» ЖШС тарапынан қазіргі таңда аудан аумағындағы 3740 куб күл-қоқыс шығарылып, 79 шақырым ирригациялық арық және бордюр жанын тазалау жұмыстары атқарылды.
Аудан аумағында жалпы ұзындығы – 1 110 шақырымды құрайтын – 1 272 көше бар. Оның 481 шақырымы, яғни, 375 көше – асфальт, 518 шақырымы, 751 көше – шағал тас, ал, 110 шақырымы топырақ көшелер, бұл – 146 көше.
Қаратау ауданы аумағында жалпы 352 көп қабатты тұрғын үй 152 аулаға біріктірілген. Қазіргі таңда аудан аумағындағы 57 аулаға біріктірілген 139 көп қабатты тұрғын үй аулаларына заманауи үлгідегі сапалы балалар ойын алаңдары және спорттық жаттығу тренажерлары мен 20 ашық спорт алаңшаларын орнату мен күтіп ұстау жұмыстарын мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «Бай-Болашақ» ЖШС-і тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудан аумағындағы жалпы ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын Тассай тұрғын алабындағы 2 көшеге аяқжол орнатылды. Сонымен бірге, аудан аумағындағы Нұрсәт, Азат, Достық, Бозарық, Ақжайық, Қайтпас, Нұртас шағынаудандары мен Қайнарбұлақ, Тассай, Таскен, Өтеміс, Шапырашты тұрғын алаптарындағы 66 орынға жаңа аялдама орнатылды.
ҚР Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен көшелерге кісі есімін беру тоқтатылған (мораторий). Алайда, жер-су, таулардың, табиғи көріністердің атауларын беру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінге дейін, аудан аумағындағы көшелерге атау беру мәселесі бойынша тұрғындармен өткізілген жиналыстардың хаттамалары толтырылып, 287 көшенің құжаттары қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына жолданды. Ал ауданымыздағы атауы жоқ 81 көшеге атау беру бойынша тиісті жұмыстар жалғасын табуда. Сонымен бірге, ауданымыздағы 319 көп қабатты тұрғын үйге «QR-code» үлгісіндегі тақтайша орнату жұмыстары атқарылды.Сонымен қатар, жаңақұрылыс аумағындағы 9 аялдамаға атау беру бойынша тұрғындармен хаттамалар толтырылып, Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жолданды.
Шымкент ақпараттық коммуникациялық орталығы
Фото С.Қосаевтікі
Leave a Reply