2024-09-22

XIX ғасырдағы Шымкент қаласының әлеуметтік, экономикалық және мәдени даму тарихы

Бұл кезеңде дәстүрлі қазақ қоғамына нарықтық қатынастардың элементтері еніп, аймақтық өнеркәсіп пен ұлттық капитал қалыптасып, кәсіпкерлік тенденциялар дамыды. Осы тұрғыдан қарасақ тарихымыздың аз зерттеліп, әлі де күрделі де, өзекті болып отырған мәселесі — ол жалпы Қазақстанның оңтүстік өңірінің, нақтырақ айтсақ, оның Шымкент қаласының ХІХ ғасырдағы әлеуметтік-экономикалық даму жүйесінің рөлі. Қазақстанның оңтүстігі, соның ішінде Шымкент шаһары ерте дәуірлерден бері геосаяси, әлеуметтік-экономикалық, этно-демографиялық және мәдени жағынан маңызды аймақ болып табылады. Зерттелініп отырған Шымкент қаласының экономикалық тарихына, әсіресе, ХІХ ғасырдың екінші жартысында қалыптаса бастаған сауда жүйесін дамытудағы нәтижелеріне объективті баға беріп, зерттейміз.

tories/20122019-27.jpg» border=»0″ />

А.И. Левшин, В.В.Вельяминов-Зернов, Г.И.Данилевский, А.И.Макшеев, Н.И.Веселовский, Н.И.Гродеков, М.Г.Юдин, Л.Мейер, т.б. еңбектерінде көрсетілген.

Оңтүстік Қазақстанды мекендеген қазақтардың рулық құрылымы, олардың қайдан шыққандығы және этникалық жақындығы жөнінде қызықты материалдар жариялаған Н.А.Аристов.

Біздіқ тақырыбымыздың тарихнамасы Қазақстан мен Орта Азия халықтары арасындағы өзара байланыс, соның ішінде сауда қатынасы, мұндағы Оңтүстік Қазақстан аймағының рөлі мен маңызы жөнінде еңбектер жазған Ж.Қ.Қасымбаев, С.Мадуанов, У.Х.Шалекенов, М.У.Шалекеновтердің монографиялық зерттеулерімен толыға түседі.

Қарастырылып отырған мәселенің тарихнамасын қазақ жеріне қоныс аудару мәселесі бойынша жазылған әдебиеттер де толықтыра түседі. П.А.Скрыплевтің еңбегінде Шымкент қаласы маңындағы орыс мекендерінің шаруашылық жағдайы қарастырылады.

XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы материалдық өндірістің негізгі түрі мал шаруашылығы болды. Қазақтардың далада еркін әрі шектеусіз қозғалыста болғандығы және мұның, әсіресе, XVIII ғасырдың аяғына дейін кең көлемде дамығандығы туралы қазақ халқының тарихы мен тұрмысын жақсы білген Шоқан Уәлиханов та айтқан.

Мал шаруашылығы көшпенділер үшін игілік пен байлықтың негізгі көзі болды. Өмірдің, әдет пен салттың мәні, жалпы көшпенді қазақтың барлық өмірі мен қызметі үнемі көшіп-қонумен тығыз байланысты. Бірақ, мұны кең даладағы берекетсіз қозғалыс кейпінде түсінуге болмайды. Қазақтардың мал шаруашылығында ғасырлар бойғы тәжірибелерінің негізінде жайылымдарды, өрісті алмастырып отырудың тиімді әдістері мен тәсілдері қалыптасты.

Сырдария бойындағы Қоңырат, Дулат, Қаңлы және Шанышқылы рулары қысы-жазы малын Қызылқұмда ұстаған, тек қар түскен соң ғана Сырдария бойына келіп, осы арада қыстап қалған, ірі қара мал мен жылқыға арнап шөп дайындады.

Егіншілік кәсібінің тағы бір кең дамыған ауданы Шымкент маңы болды. Мұндағы жер шаруашылығымен айналысқандар саны 104 мыңдай адам болып, 17 мыңнан 22,5 мың десятина жерге егіс еккен. Суармалы егіс көлемінің аз болғандығына қарамай, егін шаруашылығымен айналысатындар одан көп өнім алды. Қазақ егіншілері 600 мың пұтқа дейін бидай алып, оның 200 мың пұтын шетке шығарып сатқан.

Сондай-ақ, егінші қазақтар суды өзеннен арықтарға айдап шығару үшін ұсақ тастан, қамыстан, шөп-шаламнан тосқауылдарды пайдаланды. Оңтүстікте ірі суғару жүйелері де болды. Мәселен, Шымкент төңірегінде бір арықтың орташа ұзындығы 3,6 верст, ал оның суы шамамен 123 десятина көлеміндегі жерді суғаруға жетті. Ең үлкен бас арықтар, әдетте жеке ру ұлыстарының меншігінде болатын да, солардың атымен аталатын.

XIX ғасырдың 2-ші жартысының өзінде Шымкент өңіріндегі су жүйелеріне бар болғаны 2 арық-ақсақалы басшылық жасады.

Оңтүстік Қазақстанның егіншілері негізінен бидай, арпа, тары, сұлы еккен. Ал, күріш пен мақта ғасыр аяғына таман капиталистік қатынастар белгілерінің енуіне байланысты, олардың тауарлық маңызы өскен кезден бастап көптеп егіле бастады. Мақта егісі суармалы егіс көлемінің жалпы өсімі есебінен емес, дәнді дақылдар көлемінің азаюы есебінен дамыды.

Шымкент жанында бау-бақша өсірудің негізгі орталықтары болды. Осы жерден Сайрамсу, Арыс, Масат, Бадам, Ақсу, Бөген, Боралдай тағы басқа өзендері бойындағы кедейлер тобы бау-бақша өсіруді негізгі кәсіп етіп, жылдың үш-төрт айы бойы өз отбасыларын соның өнімімен асырап отырды. Міне, осылайша Оңтүстік Қазақстанның егін шаруашылығы жан-жақты әрі біршама табысты дамып, шаруашылықтың бір саласы ретінде толықтай қалыптасты.

XIX ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстік аудандарының шекаралары Бұхара, Хиуа және Қоқан сияқты үш ортаазиялық хандықтардың жерлерімен шектеліп жатты. Осы кезде ортаазиялық ірі жер иеленушілер, мұсылман дін басылары және байлыққа ашкөзденген көпестер өздерінің байлықтарын еселей түсуге ұмтылып, Қазақстанға байланысты жыртқыш, отаршылдық саясатын күшейтті. Әсіресе, Қоқан хандығы мен Хиуа өздерінің аса агрессивтілігімен көзге түсті.

Оңтүстік өлкедегі қоқандықтарға алғаш рет үлкен қарсылық көрсеткен қала Шымкент болды. Бұл туралы белгілі тарихшы Е.Б.Бекмаханов Әлім-Махмуд қажының «Тарих-Түркістан» еңбегіне сүйене отырып, былай деп көрсетеді: «Әлім хан өз әскерімен Ташкенттен шығып, екі күн өткен соң Шымкент қаласына жетті. Қаланы қоршап алып, атқылай бастады. Қаланы қоршау 20 күнге созылды және күн сайын атыс болып тұрды. Әскер Дешті Қыпшақ далаларында орналасқан Әулиеата және Түркістан қалаларына жетіп, оларды түгін қалдырмай тонауға кірісті, сөйтіп малдарын тартып алып, адамдарын қырып тастады».

XIX ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Қоқан хандығының қол астында, Оңтүстік Қазақстан тарихын кең зерттеген Р.Бекназаровтың пайымдауынша, шамамен 150 мыңдай қазақ отбасылары қалған. Автор, одан әрі жекелеген қазақ руларының кіріптарлығын баяндайды, атап айтқанда, Шанышқылы руынан — 200, Дулаттан — 450, Бақтиярдан — 2950, Қыпшақтан — 100, Арғыннан -200, Алшыннан — 100, Қоңыраттан — 115 және Шымкент пен Ташкент аралығында көшіп жүрген Кіші жүз руларының 450 отбасы, Шымкент төңірегінде көшіп жүрген Дулат руының 23 мың отбасы.

Сыр бойынан басқа Шу бойында, Тоқмақ, Піспек, Сарысуда, Қаражар, Төртқұман, Ұлытау қамалдары салынды. Осындай бекіністер тізбегі көшпелі қазақтардың жазғы жайлауы мен қысқы қыстақтарының арасын үзіп, жолдарын қырықты, олар бекіністердің бақылауына алынды.

Қоқандықтар өз бекіністері арқылы саяси үстемдікке қана емес, сондай-ақ экономикалық та ықпалын нығайтуға ұмтылды. Зиялы адамдардың жеріне қоныстанған егіншілер, хан жарлығы арқылы дін иелеріне немесе бай-шонжарларға қосылмайтын болса, салықтың ең ауыр түрін төлейтін болған: бұл өнімнің оннан бірі, бестен бірі, үштен бірі, тіпті тең жартысына дейін баратын. Мұндай салықтар заттай, ал ерекше жағдайларда ақшалай өндіріліп отырған. «Херадж» салығы қос өгізбен айдалатын жерден де өндірілген. Финанстық, әкімшілік өлшемі жоқ салықтың мұндай мөлшері зорлық-зомбылық жасау үшін салық жинаушыларға көп мүмкіндік берген.

Жерге салынатын «танап» салығы бақша, бау, жүзімдік, жоңышқалық тағы басқа сияқты дақылдар өнімінен алынған. Жоңышқа мен бақша егістігі жердің әр танабынан 1 сомнан, бау орналасқан жерден 2 сомнан салық жиналған. Жер салығына «Саман пұлы» да жатқан. Егін салығы хан жігіттерінің пайдасына алынған да, қоныстар мен үй басына түсетін салық делдалдар үшін жиналған. Сонымен, Хиуа және Қоқан хандарының қазақтарға қатысты барлық саясаты тонау, зорлау және табалау болды. Осыған төзбеген халық бұқарасының салық жинаушыларға қарсы шығуы жылдан-жылға көбейе түсті. Ал, мұның өзі әбден ашынған Оңтүстік қазақтарының енді ашық түрде Қоқан және Хиуа хандықтарына қарсы бас көтеруіне алып келді.

Ортаазиялық хандықтардың ауыр салық жүйесі Оңтүстік өлке жұртшылығын әбден жүдеткен еді. Бұларға қарсы күрестері сәтсіздікпен аяқталған және олардың озбырлығына шыдамаған қазақтар Қоқан, Хиуа иелігіндегі жерлерден көшіп кетіп, қорғаныс іздеп, орыс бекіністеріне жақын жерлерге келіп қоныстана бастайды.

XIX ғасырдың басында Оңтүстік Қазақстанның көп бөлігінің Қытай мен Қоқан қоластында жатқандықтан, Ресейдің бұл бағыттағы саясаты Қазақстанның осы аймағының «тәуелсіздігін қамтамасыз» ету болды. Патша өкіметінің осы саясатын Е.Б.Бекмаханов ашып көрсете алды. Бұл негізінен, үш бағытта жүргізілген шаралардан тұрды: біріншісі, гарнизондарды қаптата отырып, тізілте және жекелеген бекіністер салуды жеделдетуден және осы бекіністерге жапсарластыра қазақтардың тұрақты елді мекендерін орнатудан көрінген әскери тұрғыда бекініп алу бағыты.

Екіншісі, ең әуелі округтар мен округтік приказдар құрып, әкімшілік басқару реформаларын жасап, содан соң нәтижесінде қазақтардың саяси құқықтары күрт шектелетін, басқарудың дистанциялық (бөліктік) жүйесін енгізуден көрінген саяси тұрғыда орнығып алу бағыты.

Ең соңында, үшіншісі, қазақтардың жерін жаппай басып алудан, салық салуды және әртурлі монополияларды (балық аулауға, ағаш кесуге, тағы басқа монополия алу секілді) енгізуден көрінген экономикалық тұрғыда бекініп алу бағыты.

Әрине, бұл осы жерлерді өз иелігі санайтын хандықтардың заңды қарсылығын туғызды. Осы жағдай, Қазақстанның оңтүстігін Ресей мен Орта Азия хандықтары арасындағы өзара қызғаныш, бәсеке-күреске толы аймаққа айналдырып жіберді.

Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының, сауданың дамуы. Қоғамдық еңбек бөлінісінің артуы және тауарлы өндірістің өсімі секілді қазақ қоғамының өндірістік негізінде орын алған өзгерістер, сауданың ұйымдасуына да бірқатар өзгерістер әкелді. Қазақстан өлкесінің біртіндеп капиталистік қатынастар сферасына енуі халықтың экономикалық өміріне, оның ішінде сауданың түрі мен мазмұнына өзгеріс әкелді.

Зерттеушілердің сауда түрлеріне қатысты пікірлерін талдай отырып, XIX ғасырдың соңы — XX ғасырдың басында Қазақстандағы сауда түрлерін төмендегідей топтастыруға болады.

Қазақстандағы сауданың бастапқы түрі айырбас сауда, екінші түрі жәрмеңкелер, үшіншісі стационарлы (тұрақты) сауда болды.

Мал шаруашылығы өнімдері саудасы. Мал, көшпенділердің ең басты байлығы, бұл туралы А.К. Гейнс былай деп жазды: «Бұл халықтың материалдық жағдайы ең алдымен малдың санына тәуелді: оның санына қарай қазақтарды үшке бөлуге болады: бай, орташа және кедей». И.Ф. Барламбергтің айтуынша «мал шаруашылығы — қазақтардың байлығының қайнар көзі, сол себепті мал шаруашылығы олардың ауқаттылығығының сенімді өлшемі бола алады».

1886 ж. облыстағы мал саудасы айналымы бойынша бірінші орында Шымкент уезі, яғни мал саудасының 60 пайызын құраған, одан кейін Әулиеата, Перовск, Қазалы уездері тұрды. Одан кейінгі жылдары бірінші орынды Әулиеата уезі иеленді. Шымкент уезінде ең ірі мал базарлары: Шымкент, Түркістан, Сайрам және Қарабұлақ базарлары болған. Әулиеата уезінде ең ірі мал базарлары Әулиеата, Меркі, Шақпақ және Дмитриевка селениесінде болған.

С.Мадуановтың мәлімдеуінше XIX ғ. 40-50 жылдарынан бастап қой шаруашылығы өзінің саны және маңыздылығы жөнінен бірінші орынға шықты. Оның дамуы ет және сүт өнімдерін өндіру қажеттілігімен, сонымен қатар жүн, тері секілді шикізаттарды өндірумен байланысты болды.

Қой түлігін қазақ негізгі байлықтың көзі санаған: «Қой — байлық, жылқы сәндік», «қойлы бай, қорлы бай» деген. 1906 ж. жүргізілген санақ бойынша Сырдария облысында қой малын өсіруде бірінші орында Әулиеата (30,2%) және Шымкент уезі (28,8%) тұрды. Одан кейінгі орындарда Қазалы (15,7 %), және Перовск (11,5%) уездері тұрды.

Оңтүстік өлкеде қой тұқымының үш түрін өсірген: құйрықты қазақ қойлар, қаракөл және орыс қойлары. Аталған қой тұқымы түрлеріне жеке-жеке тоқталайық. Құйрықты қазақ қой. Жайдары (қазақ тұқымы мен гиссарлық тұқымның будандасуынан т.б.) деп аталатын құйрықты қой тұқымы Оңтүстік Қазақстанның, Ташкент оазисінің және Ферғана даласының отырықшы және жартылай отырықшы қазақтар мен өзбектердің арасында кеңінен тараған.

Қаракөл қойы. Қаракөл қойын ең алғаш Бұхар хандығының Қара-көл деп аталатын жерінде өсірген, бұл жерге аталған қой тұқымын ертеректе Аравия жерінен әкелген. Қара көл қойының еті мен жүнінің салмағы құйрықты қазақы қойдан аз болғанымен, жаңадан туылған қозының, әсіресе еркек малдың терісі өте мамық әрі жұмсақ болды. Сол себепті қаракөл терісі өте жоғары бағаланды. Қаракөл қойының жүні құйрықты қазақы қойдың жүніне қарағанда қымбат бағаланды.

Орыстардың келуімен, қаракөл елтірісіне деген сұраныс артып, қаракөл шаруашылығы қарқынды түрде дамыған. Қазақы қойлармен салыстырғанда, қаракөл қойлары суыққа төзімсіз келді. Қаракөл қойларын Қызылқұм құмдарында, Шымкент уезінде және Әмудария бөлімшесінде өсірді.

Биязы жүнді орыс қойы. Биязы жүнге деген үлкен сұранысты байқаған жергілікті отырықшы тұрғындар, меринос қойларын көптеп сатып алған, нәтижесінде Шымкент уезінің көпшілік тұрғындарында биязы жүнді қой тұқымы кеңінен таралған. Шымкент уезінде Арыс өзенінің бойында орналасқан Обручев селосында биязы жүнді қойлар мен астрахандық ірі қара мал өсірілді.

Шымкент уезінің Ванновка селосында 1894 жылдан бастап волош қой тұқымы өсіріле бастады. Аталған қойдың жүні меринос қойларымен салыстырғанда сапасы төмен болғанымен, орыс қоныстанушылардың арасында кеңінен таралған. Орыс тұқымды қойлардың жүні бағалы болғанымен, қазақы қойлардың еті жоғары бағаланған. Құйрықты қазақ қойлары орыс тұқымды қойлардың 20-35%-ға қымбат болған.

Түйені көбіне қазақтар өсірген. Кейбір орыс шауралары да нан астығын тасымалдау мақсатында түйе өсірді. Қарастырып отырған кезеңде, түйе саны жыл сайын азайып жатты. Оған себеп, темір жолдардың салынуының нәтижесінде, қатынас жолдарда түйенің сирек пайдалануы.

Ірі қара мал саудасы. Сырдария облысының көшпенді және отырықшы тұрғындары ірі қара малдың екі түрін өсірді: Әулиеата және Шымкент уездерінде қызыл сиыр, қалған уездерде қара мал. Қызыл сиырлар астрахандық сиыр тұқымдарына жақын болды. Бұл сиырды орыс қоныстанушылары өздерімен бірге Жетісу жеріне әкелген, ол жерден біртіндеп Сырдария облысына таралған деген мәліметтер бар. Қызыл түсті ірі мүйізді малды көбіне ауыл шаруашылығында жұмыс күші ретінде пайдаланды, басқа сиыр тұқымымен салыстырғанда сүтті аз берген.

Сырдария облысына ірі қара мал көбіне Әулиеата, Шымкент уездері және Жетісудан әкелінді, бұл малдың үлкен бөлігі Ташкент базарына жіберіліп, ары қарай Түркістан өлкесінің ірілі-ұсақ орталықтарына жөнелтілген. Қазалы және Перовск уездерінде ірі қара мал саудасы шамалы дәрежеде болды. Себебі, аталған уездерде шөлді жерлердің басым болуы ірі қара малды өсіруде өте қолайсыз еді.

Егін шаруашылығы өнімдерін өндіру жағынан Сырдария облысында бірінші орында, тек облыс орталығы ғана емес бүкіл Түркістан өлкесінің орталығы болған, Ташкент уезді тұрды, одан кейінгі орындарда Шымкент, Әулиеата, Перовск, Қазалы және ең соңында Әмудария бөлімшесі тұрды.

Сырдария облысында егілген негізгі нан астықтары: күздік — қарабидай, бидай, арпа; жаздық — қарабидай, бидай, арпа, күріш, қара құмық, тары, жүгері, бұршақ, жасымық, атбас бұршақ; майлы астықтар — зығыр, қарасора, күнжіт, көкнәр, күнбағыс, қыша; техникалық дақылдар — картоп, кендір, сұлы, мақта, темекі, қант қызылшасы; жем-шөп өсімдіктері — жоңышқа, сабан; жеміс ағаштары — алма, алмұрт, өрік, шабдалы, алхоры, шие, қызыл шие, бадам, грек жаңғағы, жиде, шарап жемістері, анар, бете, пісте, тұт ағашы және т.б.; бақша дақылдары — қауын, қарбыз, сәбіз, пияз, қызыл бұрыш, аскөк, қияр, асқабақ, үрме бұршақ, шалқан және т.б. көкөністер өсірілді.

Жабайы өсімдіктердің ішінен мия (солодковый корень), дермене өсімдіктерін ерекше атап кеткен жөн. Мия тамырынан лакрин дайындаған. Мия тамыры, сыртқа, батыс елдеріне экспортталған жабайы өсімдік түрі. Дермене тұқымы саудасы Сырдария облысындағы басты сауданың бірі болды. Қазақтар жыл сайын шамамен 100 000 п. дермене жинап, жергілікті алып-сатар татарларға 1 пұтын 15 т. сатты. Жиналған дермене Шымкент және Ташкент қалаларындағы заводтарда өңделіп, одан алынған «сантонин» өнімі бүкіл әлемге таралды.

Нан астықтары саудасы. Қазақстанның оңтүстігінде ауылшаруашылық дақылдарының ішінде нан астығы бірінші орында тұрды, олар халықтың негізгі қорегі болды. Орыстар жаулағанға дейін Қазақстанның оңтүстігінде, тары астығының өнімділігі бидайға қарағанда төрт есе жоғары болған. Күрішті тек ауқатты адамдар ғана асқа пайдаланды. Өлкені орыстар жаулағаннан кейін бұл жағдай күрт өзгерді, нан астықтары ішінде бидай бірінші орынға шықты.

Сырдария облысында «Қызыл Сырдария облысында ең мықты қауын мен қарбызды Түркістанда өсірді. Шымкент және Түркістан қаласының аумағы бақша өсірудің ірі орталығы болды. Жақын маңдағы өзбек қышлақтары диқаншылардың бау-бақшалары қазақ халқы үшін өзіндік мектеп болды. Әсіресе, бұл дақылдар үлкен көлемде Сайрамсу, Арыс, Машат, Бадам, Ақсу, Шаян, Бөген, Боралдай өзендерінің жағалауларында өсірілді.

Жүзім саудасы. Жүзім өсіру кәсібі Түркістан өлкесінде ертеден келе жатқан кәсіптің бірі болғанымен, кең өндірістік сипатта болған жоқ, себебі бұл кезеңде шарап қайнату және дайындау кәсібінде қолданбаған (құран бойынша мұсылмандарға шарап ішімдігін ішуге тиым салынған).

Қазақстанның оңтүстігі мен Орта Азияда жүзімнің 30-дан астам сорттары өсірілген, олардың арасында шараптың арнайы сорттарын дайындайтын европалық сорттар да кездесті. Жүзім дақылын Сырдария облысында негізінен Шымкент, Ташкент уездерінде өсірді. 1906 ж. жүзім дақылы 1793 дес. жерге егіліп, одан 500 000 п., 1911 ж. 2 345 десятинадан 909 мың п. жүзім жиналды.

XIX ғ. 60-70-жылдары Түркістан өлкесінде бастапқы геологиялық зерттеулер, көмір кен орындарын іздестірумен байланысты болды.

1863 ж. полковник М.Г. Черняев Қаратау тауының солтүстік сілемдерінде көмір кен орнын ашты. Ал 1865 ж. инженер А.С. Татаринов Қаратау тауының оңтүстік сілемдерінде бұдан да бай көмір кен орнын тапты. Нәтижесінде 1866 ж. Шымкенттен 100 км қашықтықта бірінші капиталистік сипаттағы тау-кен кәсіпорны — Татариновтың көмір кен орны пайда болды (осы орынды ашқан инженер А.С. Татариновтың есімімен аталды).

1868 ж. Оңтүстік Қазақстандағы Боролдай көмір кені орнынан (Татаринов кені) Ташкент пен Шымкентке 10 мың п., Арал кемелері үшін 70 мың п. көмір шығарылды. 1868-1874 жылдар аралығында барлығы 300 мың п. көмір шығарылды. 1874 ж. Боролдай көмір кені орнындағы жұмыстар темір жолдардан шалғай орналасуына, барланған қорлардың таусылуына және игерудің қиындығына байланысты жабылды. 1909 ж. бұл кен орны қайта ашылып, 1911 жылға дейін бұл жерден 124 мың п. көмір өндірілді.

1895 ж. Шымкент уезінде Савинковтың Ольгинск шахтасы ашылды. Аталған шахта 1896 жылдың 1-қаңтарынан 15-мамыр аралығында 15 мың п. көмір өндірді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 мың пұтқа артық еді. Савинковке тиесілі «Шуфр №2» шахтасы да 1896 ж. өз жұмысын тоқтатты, бірақ бұның алдындағы 1895 ж. бұл шахтадан 17 990 п. көмір алынды. Өндірілген көмірдің барлығы сантонин заводының қажеттіліктері үшін жұмсалды.

Шымкент қаласынан 30 км қашықтықта Леңгір қоңыр көмір кені орналасты. Ол көмірмен сантонинді завод пен Шымкент қаласының басқа да тұтынушылар қамтамасыз етілді.

Көмір өндірісі төңкеріс алдында неғұрлым жоғары қарқынмен дамыды: Түркістан өлкесінде 1911 ж. — 6 631 622 п., 1912 ж. — 5 944 464 п., 1913 ж. — 8 406 562 п., 1914 ж. — 9 900 879 п., 1915 ж. — 10 314 214 п., 1916 ж. — 12 315 105 п. көмір өндірілді. Көмір өндірісінің ұлғаюы Түркістан рыногында жаңа минералды отынның тұтынушысы — жергілікті халықтың пайда болуына ықпал етті, бұған дейін жергілікті тұрғындар өз шаруашылығында тек тезек, қамыс және сирек жағдайда сексеуіл пайдаланған.

Қазақтардың тіршілік кәсібіне қарай тікен тас тұзын және ас тұзын дайындау ісі де тәуір орын алды. Шымкент уезіндегі тұз өндірілетін жерлер: Қаракен мекеніндегі Қараколь жерлерінен, Көк-алыкен, Көк-Алыкенттегі өзендер топтамасы, Қаратаудың шығыс жағы.

Қаракен жеріне алынған тұз бүкіл Сырдария облысына әйгілі болған, «қараколь» тұзы деп аталды, ал базарларда қара-текен тұзы деген атпен белгілі болды. Сол кезеңдері, Шымкент уезінің Қаракен көліндегі тұздың қоры 10 миллиард пұтқа тең екіндігі анықталды. Тұздың бағасы ара-қашықтыққа және тасымалдаудағы қиыншылықтарға байланысты 4-25 т. аралығында болды.

Мақта тазалайтын кәсіпорындар. Шымкент уезінде алғашқы мақта тазалайтын кәсіпорын 1894 ж. ашылды.

1900 ж. Шымкентте үш мақта тазалайтын заводтардың өндіріс көлемі 6 965 р. болды. Ол заводтар арнайы су двигательдерімен жұмыс істеген, олардың әрқайсысының қуаты 12 жылқы күшіне тең болды. 1911 ж. Сырдария облысында барлығы 41 мақта тазалайтын завод тіркелді, оның 7-і Ташкент қ., 7-і Ташкент у., 8-і Шымкент у., және 19-і Әмудария бөлімшесінде орналасты.

1913 ж. Сырдария облысында мақтаны тек Ташкент және ішінара Шымкент уезінде ғана өсіргенімен (40 мың п. мақта талшығы), мақта тазалайтын заводтар, облыс бойынша саны жағынан басқа заводтармен салыстырғанда бірінші орында тұрды. Әрине мақта тазалайтын заводтардың көпшілік бөлігі Ташкент уезі үлесіне тиді (16 завод), ал Шымкент уезінде 1913 ж. 6 мақта тазалайтын завод тіркелді (2-і Түркістан қ. және 4-і Шымкент қаласында, оның ішінде 3 завод 1913 ж. жұмыс істеген жоқ).

Сантонин саудасы. Петербург мақта комбинатының мүшесі Н. Малаховтың айтуынша сантонин 1830 ж. ашылып (бұл жаңалықты 1830 жылы Каhler мен Аlms ашқан болатын), 1833 жылдан бастап медицинаға енгізілді. Шымкент уезінде өсетін бұл өсімдікті жергілікті тұрғындар дермене деп атайды. Шымкент уезінің негізінен Шаян және Арыстанды өзендерінің бойында өскен. Дермене тұқымы, дермене гүлінің ең басты әрекет етуші бастамасы, flores cinae — сантонин. Міне, осы өсімдік жыл сайын мыңдаған пұт дермене тұқымын берген. Бұл өсімдік тұқымын жергілікті қазақтар мен сарттар тамыз айында жинап, көпестерге өткізген. 1870-1875 жылдары дермене тұқымын шикізат ретінде, тек дәрілік мақсаттарда пайдаланған болатын.

Жеті жыл ішінде завод (1885-1897 жж.) 5537 п. таза сантонин және 388 п. 26 ф. шикі сантонин өндірді. XIX ғасырдың соңында Ташкентте сантонин өндіретін тағы да үш завод ашылды, олардың егелері В. Пфафф, Никитин және Бычков болды, ол заводтардың техникалық құрылғылары өте қарапайым болды және тек шикі сантонинді өндірді. Шикі сантонинді Гамбургтегі дрогист, Меркке өткізді. Бычковтың заводы ұзаққа барған жоқ, себебі завод өндірісіне заводтардың арасындағы және шетелдік дрогистер арасындағы бәсеке кері әсерін тигізді. Әлемдегі сантонинге деген жылдық сұраныс 1000 пұттан асқан жоқ.

1911 ж. сантонин бағасының күрт өсуі сұраныстың артуына және бұл бағалы дәрінің географиялық қолданысының артуына байланысты болды. Егер бастапқыда сантонинді негізінен Германияға өткізсе, енді Шымкенттің сантонинді әлем шарының барлық жерлері сатып ала бастады. 1916 ж. жарты жылдың ішінде: Лондонға — 350 кг., Жапонияға — 100 кг., Швецияға — 50 кг. сантонин сатылды.

Май шығаратын кәсіпорындар. 1890 ж. Шымкент уезінде 42 май шайқайтын кәсіпорындар болды, онда 45 адам жұмыс істеді, өндіріс айналымы 2300 р. болды. Мақта тұқымын май шайқайтын заводтарға, мақта тазалайтын заводтарда талшық пен линтерден тазартылғаннан кейін әкелді. Әдетте май шайқайтын заводтар, мақта тазалайтын заводтардың маңайында орналасқан етін, сол себепті, шикізаттың бір бөлігін осы жерден алды.

Сиыр сүтінен сары май өндіретін басқа заводтар күнбағыс, көкнәр, зығыр, анаша, қыша, сарбас дәндерінен май өндірген. Сырдария облысынан 1910 ж. Ортаазиялық темір жол арқылы Орта Азияға 1584 п. сиыр майы, 1348 п. өсімдік майы шығарылды. Сырдария облысында мақта дәндерінің шамалы бөлігі (390 200 п.) Нижний Новгородтағы май шығаратын заводтарға шығарылды.

Диірмендер. Тамақ өнеркәсібінің маңызды салаларынының бірі ұн тартатын өндіріс болды. Диірмендер өлкенің барлық қалаларында, ірі ауылдарында станицаларында болды. Ондағы құрылғылар өте қарапайым болды, жел, су, жылқы күшін қолдануға негізделді. Диірмендерде ұнды негізінен қала халқы мен қоныстанушылар үшін тартты; байлардан басқа, ауыл тұрғындары өздерінің қол диірмендерін пайдаланды. XIX ғасырдың аяғында — XX ғасырдың басында бу двигательдері қолданылған неғұрлым ірі диірмендер пайда болды.

Сырдарияя облысында (су дөңгелегімен жұмыс істейтін диірмендер есепке алынған жоқ) 1913 ж. барлығы 28 диірмен тіркелді, оның 21-і жұмыс істеп тұрды. Онда 1 155 мың п. бидай жармаланды.

Шарап өндірісі. Тамақ өнеркәсібінің келесі саласы шарап дайындау өндірісі болды. Өлкедегі шарап дайындайтын өндірістің негізгі ерекшелілгі оның мерзімдік сипатта болуы еді. Жүзім дақылын Сырдария облысында негізінен Шымкент, Ташкент уездерінде өсірді.

1913 ж. Сырдария облысында жалпы 2500 дес. жүзімдіктерден 1 млн. пұттан астам жүзім жиналды. Жиналған жүзімнің 20 пайызын кептіріп, кептірілген жүзім Европалық Ресей мен Сібірге шығарылатын басты тауарлардың бірі болды. Қалған 50 пайызын жаңадан піскен күйінде шығарды, 15 пайызын жергілікті халық тұтынды, шамамен 15 пайызынан шарап жасалды.

Балауыз шамдарын шығаратын кәсіпорындар. 1875 ж. Сырдария облысында балауыз шамдарын дайындайтын екі завод жұмыс істеді. Балауыз шамдарын дайындайтын және май шайқайтын кәсіпорындардың өндірісі сабын қайнататын кәсіпорындардыкімен ұқсас болды. Бұл заводтарда қойдың жоғарғы сортты тоң майынан балауыз шамдарын жасаған. Жылдан-жылға олардың саны артып, 1885 ж. 27-ге жетті. Балауыз шамдарын дайындау процесі қарапайым болды. Балауызды мыстан жасалған қазандарда ерітіп, қалыптарға құюда, арнайы қол машиналарын қолданды.

Сабын қайнататын заводтар. Мал шаруашылығы өнімдерін өңдеумен айналысқан, ұсақ өнеркәсіп салаларының бірі — сабын шығаратын өнеркәсіп болды. 1868 жылы Шымкентте 4, Әулиеатада бірнеше сабын заводтары ашылды. Сабын дайындау кезінде қойдың төменгі сорты майы мен соданың тазартылмаған ерітіндісін қолданды. Сол себепті жергілікті сабындардың жағымсыз иісі болды.

Сабын қайнататын өндіріс, ұсақ тауарлы сипатта болды. Сабынды дайындау үшін қой майы, құйрық майы, терісі, каустик (натрий гидроокисінің техникалық атауы), сексеуіл күлі және т.б. заттар қолданды. Сонымен қатар сабын қайнату үшін әк, тұзды да пайдаланған. Сабынды ағаштан жасалған арнайы қалыптарға құйды. Сабын дайындаудың қарапайым технологиясы осындай болды. 1909 ж. Ортаазия темір жолы арқылы Сырдария облысынан сыртқа 4 561 п. сабын шығарылды.

Тері илейтін кәсіпорындар. Жеңіл өнеркәсіптің ішінде тері илейтін өндірістің маңызы жоғары болды, олар негізінен ұсақ шеберханалардан тұрды. Сырдария облысында европалық типтегі ең алғашқы тері илейтін завод Ташкентте 1868 ж. ашылды. Оның егесі орыс көпесі И. Хлудов болды.

XIX ғасырдың 90-жылдары Н. Иванов Қарасу арығында ташкенттік тері илейтін заводты ашты (1911 ж. оны Сорокин мен Емельянов сатып алды) және 40000 дана елтірі шығарылды. 1902 ж. Сырдария облысынан Ресейге 297 917 п., Сібірге 18 596 п. мал жүні шығарылды.

Ірі жүн жуатын кәсіпорындардың құрылуында Қазақстанның Ресей, Орта Азиямен сауда-экономикалық байланыстары маңызды роль атқарды.

1895 ж. Сырдария облысының жүн жуатын кәсіпорындары Шымкент қаласында шоғырланды, онда 120 жұмыс орны бар 4 кәсіпорын жұмыс істеді. Олардың өндіріс айналымы 24 500 р. құрады. 1910 ж. Сырдария облысында 402 жұмыс орны бар, өндіріс айналымы 18 860 р.-ге тең жүн жуатын кәсіпорын жұмыс істеді. 1914 ж. Шымкент уезінде ашылған 2 жүн жуатын кәсіпорынның өндіріс айналымы 61200 рубльге тең болды.

Кірпіш шығаратын заводтар. Өлкедегі заводтар мен тұрғын үйлер құрылысының жандануы, құрылыс материалдары өнеркәсіптерінің дамуына түрткі болды. Зерттелініп отырған кезеңдері құрылыс материалдар өндірісі өлкеде айтарлықтай дәрежеде дамыды. Кірпіш зауыттары шоғырланған ең басты аудан Ташкент қ. болды, одан кейінгі орындарда Шымкент қ., Әулиеата уезді тұрды.

Сыра шығаратын кәсіпорындар. Сыра қайнататын өнеркәсіп бастамасы Ташкент қ. қаланды, онда 1870 ж. Түркістан өлкесіндегі ең алғашқы сыра қайнататын завод ашылды. Н.И. Тошкеевичтің мәліметтері бойынша, 1904 ж. Сырдария облысында 3 сыра қайнататын завод болды. 1913 ж. сыра қайнататын заводтар 465 859 шелек сыра қайнатты.

1913 ж. Сырдария облысында барлығы 15 минералды су шығаратын завод тіркелді, олардың өндіріс айналымы 101 028 рубльге тең 77 641 шелек минералды су шығарды.

Сырдария облысында кәмпит шығаратын ең алғашқы завод 1902 ж. Ташкент қаласында ашылды, жалпы кәмпит шығаратын заводтардың барлығы Ташкент қаласында шоғырланды. 1913 ж. Сырдария облысында барлығы 6 кәмпит шығаратын кәсіпорын тіркелді, олардың өндіріс айналымы 137 997 рубльге тең болды. Кәмпитті дайындауға қажетті шикізаттың ішінде ұн, жеміс және сірне жергілікті жерден алынды, ал қалған шикізат Мәскеу, Рига, Варшавадан әкелінді. Завод шығарған кәмпит тауары сыртқа шығарылған жоқ, ол өнімдерді жергілікті тұрғындар мен Ферғана және Самарқан облыстарының тұрғындары тұтынды.

Зерттелініп отырған кезеңдері, Сырдария облысында барлығы екі әк шығаратын завод тіркелді, біреуі Шымкент сантонин заводының жанынан, екіншісі Қауыншы қант-қызылша заводының жанынан ашылды. Ең алғашқы әк шығаратын завод 1900 ж. Шымкент уезінде ашылды. Аталған завод 1913 ж. 17 500 әк өңдеді (7 875 р.).

Өңдеуші және тау-кен кәсіпорындарының даму сипатына өлкенің отарлы жағдайы өз әсерін тигізді: империалистік буржуазия қазақтардың ұлттық экономикасының жан-жақты дамуына барынша кедергі жасады. Сыртқа шығарылатын шикізатты өңдейтін кәсіпорындардың (мақта тазалайтын, жүн жуатын және т.б.) кеңеюін қолдап, ұлттық өнеркәсіптің, әсіресе ауыр индустрияның дамуына жол бермеді, яғни жергілікті өңдеуші кәсіпорындар негізінен ішкі рынокқа емес, сыртқы рынокқа жұмыс істеді, себебі жергілікті өнеркәсіптер Ресейдің тоқыма өнеркәсіптеріне қажетті шикізатты шығарды.

XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басында Қазақстанның оңтүстік өлкесі, Орта Азия және Ресей араларында сауданы дамытуда едәуір роль атқарған. Бұл елдерді бір-бірімен байланыстыратын, сондай-ақ Қытаймен жалғастыратын сауда жолдары осы өлкеден өткен. Жалпы, қатынас жолдар, су жолы және құрлық жолы деп екіге бөлінді. Зерттелініп отырған кезеңдері, сауда тасымалы, құрлықтағы жолдар: керуен жолдар, тас төселген жолдар, темір жолдар және кеме жолдары арқылы жүзеге асты.

Керуен жолдар. Өлкеде темір жолдар жүргізілгенге дейін сауда-саттықта керуен жолдардың алған орны ерекше болды. Ресей мен Қазақстан, Орта Азиялық хандықтар және басқа да Шығыс елдері арасын ұлан байтақ, шөлді, құмды жерлер алып жатты. Шөл «кемесі» аталған, түйе малынан басқа ешбір мал бұл жолға шыдамаған. Сондықтан керуен жолдар осы кезеңдері тиімді бірден-бір жол торабы болды.

Түркістан өлкесінде ежелгі замандардан бері, Европа мен Азияны байланыстыратын сауда жолдары өткен. Жол бойында керуендер, керуен-сарайларға тоқтаған, керуен- сарайлардың сауда қатынасындағы маңызы өте жоғары болды, себебі онда барлық тауарлардың, шикізаттың экспорты мен импорты жүзеге асты, сонымен қатар керуен-сарайлардың ақпарат пен жаңалық орталығы ретінде маңызы болды, себебі онда келген саудагерлер өздерімен бірге, елде, шетелде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтарды алып келді. Керуен-сарайларда әр түрлі саяси және басқа да оқиғалар талқыланып, сауда келісімдері жасалды. Өткен, осыған байланысты форттың саудада оның ішінде транзиттік саудадағы маңызы жоғары болды.

XIX ғасырдың 80-жылдары тасымалдаудың керуен әдісі, өлкенің экономикалық дамуына, Қазақстан, Орта Азия мен Ресейдің өсіп келе жатқан шаруашылық байланыстарына сәйкес келмеді, олардың дамуын тежеді. Теміржолдардың жоқтығы Орталық Ресей мен Қазақстан арасындағы пошта байланысын да қиындатты.

Осылайша, жетпісінші жылдары патша үкіметінің алдында темір жол құрылысын жүргізу арқылы Қазақстан, Орта Азия мен Орталық Ресей арасындағы көлік байланысын түбегейлі жақсарту міндеті тұрды. Темір жолдарды жүргізудің қажеттігі бірқатар саяси, әскери-стратегиялық және экономикалық себептерге байланысты болды.

Темір жолдар. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда қатынасын күшейткен фактордың бірі — теміржол құрылысы болды. Қазақстанның оңтүстігі арқылы өткен ең басты жол торабы Ташкент қ. арқылы өтетін Орынбор-Ташкент темір жолы болып табылады. Бұл темір жол 1901-1905 жылдары салынып, Орта Азия мен Қазақстанды Ресеймен байланыстырды.

Орынбор-Ташкент темір жолын салуға, оның алдында жүргізілген Ортаазиялық темір жолдың әсері үлкен болды. 1880-1888 жылдардың өзінде Түркменияны жалуап алу мақсатында Ресей үкіметі әскери ведомствоның талабы бойынша Каспий форты Красноводскіден Самарқанға дейін созылған Заскаспий темір жолын салған болатын, 1899 ж. бұл жол Ташкентке дейін жеткізілді. 1900 жылдан бастап, бұл жол Ортаазиялық темір жол деп атала бастады, ұзындығы 2368 верстке тең болды. Бірақ Ортаазиялық темір жолды пайдалану барысында бірқатар қиыншылықтар мен қолайсыз жағдайлар орын алды. Ең алдымен бұл жол айналмалы жол еді.

1887 ж. Түркістан өлкесін басқару туралы ереже енгеннен кейін, Хожент уезі жаңадан құрылған Самарқан облысы құрамына енді, Түркістан уезді таратылып, оның территориясы Перовск және Шымкент уездеріне бөлініп берілді, Сырдария облысына сонымен қатар Әмудария болімшесі қосылды, Кураминск уезді Ташкент уезді деп өзгертілді. Сырдария облысы: Ташкент, Әулиеата, Қазалы, Перовск, Шымкент уездері және Әмудария бөлімінен тұрды.

Ресей енгізген салық жүйесінде оны жинаудың екі түрлі механизмі болғанын көреміз: 1) салық көлемін ауылдағы әрбір түтінге қарай жайып салып төлету (раскладка) 2) салықты төлетудің айлық ақылық (окладтық жүйе) жүйесі.

Түтін салығы. Зерттеуші К. Несипбаеваның мәлімдеуінше, салық бірлігі ретінде түтін бірлігін (кибитка) қолдану, уездерді 1000-2000 киіз үйден тұратын болыстықтарға және 100-200 киіз үйден тұратын ауылдарға бөлу жүйесін қалыптастыруға ықпал етті, қазақ халқын тіркеуге алуға және қатаң бақылауға мүмкіндік берді. Кедей және ауқатты шаңырақ иелері түтін салығын бірдей мөлшерде төледі, яғни олардың материалдық жағдайы есепке алынған жоқ. Сырдария облысында әр үйден 2 р. 75 т. мөлшерінде түтін салығы жиналды (1867 ж. қабылданған Уақытша Ереже бойынша), ал 1886 жылғы ереже бойынша Түркістан өлкесінде әр шаңырақтан 4 р. көлемінде түтін салығы жиналды.

Жер салығы. Алғашқы кезде Сырдария облысының отырықшы тұрғындарының жер салығын төлеуі екі жолмен жүргізілді: 1) жер көлеміне; 2) пайдаланатын су көлеміне қарай. 1886 жылғы Ереже отырықшы тұрғындардың төлейтін жер салығына өзгерістер енгізіп, 285, 287 бабына сәйкес жеке меншіктегі, қауымдағы барлық суармалы жерлер орташа түсіміне қарай 10% жер салығын, 288 бапқа сәйкес төлімі жерлерден жиналған өнімнің орташа түсіміне қарай салық төлеуге міндеттелді.

Зекет салығы. Қазақстанның оңтүстігін орыстар жаулағанға дейін, Қоқан хандығында саудагерлерден салық жинаумен арнайы зекетші шенеуніктер айналысты. Саудагер өз керуендерімен сыртқа шығар алдында зекет жинаушыны хабардар етіп, зекетші өз кезегінде көпестің жүгін тексеріп, зекеттің мөлшерін анықтағаннан кейін, саудагер, зекет төлемін жасап, зекетші оған арнайы «рұқсат қағазын» берген, ол арқылы көпес бір жыл бойы аталған хандықтың территориясында алым-салық төлемей сауда жасаған.

Зекетшілерге хандық тарапынан айлық төленбеген, тіпті осы қызметке тұру үшін олар көп қаражат жұмсаған, сол себепті зекетшілер, көпестерден зекеттен бөлек тағы да басқа алымдарды алуға тырысқан (әдетте, әр түйеден бір «теңге» немесе «қоқан» алған).

1867 ж. Ереже бойынша зекеттің екі түрін де қоғамдық шаруашылық басқарма жинаған. Олар белгілі бір мерзім ішінде саудагер немесе кәсіпкерден бір жыл ішіндегі айналымда болған сауда капиталы мөлшері немесе сырттан әкелінген тауарлардың мөлшері жайында жасаған хабарландыруын алып, тексеріп, зекет мөлшерін белгілеп төлеттіргеннен кейін қолдарына түбіртек берген. Бұл түбіртектер сауда куәліктерін алмастырған, дәл осындай түбіртектер, сауда айналымы 40 «ділдәдан» аспайтын тұлғаларға да берілген.

XIX ғасыр қазақ қоғамындағы ірі бетбұрыстар дәуірі. Бұл кезең қазақ халқының өміріне өте маңызды өзгерістер әкелген уақыт есебінде ерекшеленеді.

XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Қоқан және Хиуа хандықтарының үстемдігі қазақтардың шаруашылық дамуына кері әсерін тигізді. Үнемі болған тонаушылық жорықтар, қазақтардың өз арасындағы барымтаның күшеюі ел тұрмысын нашарлатты. Бұған себеп, біріншіден, Қазақстанды мал шаруашылығы шикізатын өндіретін арзан рынок ретінде сақтап қалу болса, екіншіден, бекіністердегі қазақтар мен Ресейдің орталық аудандарынан көшіріліп әкелінетін орыс шаруалары үшін сақтау қажеттілігі еді.

XIX ғасырдың бірінші жартысында бүкіл Оңтүстік Қазақстан аймағын Қоқан және Хиуа хандықтары жаулап алды. Қарапайым халық ортаазиялық феодалдық-монархиялық мемлекеттердің езгісіне түсіп, әр түрлі ауыр алым-салық төлеуге мәжбүр болды.

Салық саясатының белгіленген тәртібі мен жүйесі болмай, хан қазынасын толтыру қажеттілігі туған кезде қазақ ауылдарына салық жинаушылар отрядтары шығып отырған. Мұндағы асыра сілтеушілік пен бассыздық жергілікті әкімдердің өз мүдделерін ерекше ескеруінің нәтижесінде, салық көлемінің үнемі өсіп отырғандығынан көрінді.

Ресей империясының Оңтүстік Қазақстанға соның ішінде Шымкент уезіне ішкерілей енуі Орта Азия хандықтарын мазасыздандыра бастады. Олар өз еншісіндегі қазақтардан айрылып қалмау және шекараларын нығайту үшін бекіністер тізбегін салды. Сол бекіністер арқылы орыстар қол астына өткен қазақ ауылдарына шапқыншылықтар жасап, оларды өздерінің иелігіндегі жерлерге көшуге көндірмекші болды.

Ресей өкіметі XIX ғасырдың 40-шы жылдарының орта кезінен бастап  өзінің қоластына өткен Оңтүстік аймақтарға қатысты әкімшілік реформаларды жүзеге асырды. Шымкент уезінің әлеуметтік және экономикалық жағдайы бақса қалаларға қарағанда жақсы дамыды. Дегенмен Ресейдің қол астында дамыған Шымкент уезі Оңтүстік өңірдегі ірі сауда орталықтарының бірі болып қала берді. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Шымкент қаласы геосаяси жағдайдағы ірі стратегиялық пункт болып саналатын.

Қарастырылып отырған кезеңдері Қазақстан экономикасының жетекші саласы мал шаруашылығы болды. Қазақтар қой, жылқы, түйе, ешкі және ірі қара малды өсірді. Қазақстанның Ресейге қосылуы және капиталистік қатынастардың қазақ қоғамының экономикасына енуі мал шаруашылығына да өз әсерін тигізді. Тауарлы өндірістің дамуы және сауданың кеңеюі қазақ көшпенділерін рынок жағдайына бейімделуге мәжбүр етті.

Ғасырдың аяғына қарай темір жол, су және почта-телеграф қатынасы Қазақстанды Мәскеумен, Петербургпен, Орталық Ресеймен, Сібірдің, Алтайдың және Орта Азияның басқа да қалаларымен тікелей жалғастырды. Қатынас құралдарының дамуы халықтың өзара байланысын тездетіп, тауар тасымалын арзандатып, жылдамдатып, тауар айналымының дамуына кең жол ашты. Темір жолдарда мұздатқыш құрылғылардың орнатылуы көп мөлшерде тез бұзылатын тауарларды тасымалдауға жағдай жасады.

Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстандағы капиталистік қатынастардың басты ерекшелігі рулық қоғамдық қатынастардың капиталистік қатынастармен тығыз байланысып, үйлесуі болды, бірақ Қазақстандағы капитализм оның отарлы жағдайына байланысты бастапқы қор жиналу кезеңіндегі өсімқор сауда сатысында қалды, яғни оның жоғарғы формасы өнеркәсіптік капитализмге дейін көтерілген жоқ.

Гулнар Нурбет

т.ғ.к., доцент профессор м.а.,

Қ.А.Иассауи атындағы ХҚТУ

Түркістан қаласы

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика