2024-09-22

Іскерлік қарым-қатынас әдебі

Адам адам болып өмірге келген соң қарым-қатынас арқылы дамитыны сөзсіз. Адамдардың қарым-қатынас жасауда өзін дұрыс ұстауы – әдептіліктің белгісі болып табылады.  Бүгінгі заман талабы білімді, қабілетті, мәдениетті іскер маманддарды қажет етеді.

Ал, іскери қарым-қатынастың өзіне тән ерекшеліктері, қалыптасқан нормалары мен талаптары болады.  Сол талаптардың бірі – тіл мәдениеті. Тіл – қарым-қатынас орнатудың маңызды құралы болып табылатыны баршамызға аян. Іскери қарым-қатынаста тіл мәдениетін сақтау – сауаттылықтың көрсеткіші. Қызмет барысында құжат дайындау, келіссөз жүргізу, келісім-шарт жасау, пікір алмасу, жиналыстар, дөңгелек үстелдер өткізу үшін іскерлік қарым-қатынас тілі маңызды рөлге ие. Сондықтан да, сауатты сөйлеп, ойды дұрыс жеткізу әрбір қызметкерге қойылатын талап десек те артық болмайды. «Адамзатқа не керек: сүймек, сезбек, кейімек. Харекет қылмақ, жүгірмек, Ақылмен ойлап сөйлемек»,  — деп дана ақынымыз Абай Құнанбаев айтқандай, ақылмен ойлап сөйлеу адамның бойында адами қасиеттер мен құндылықтардың, әдеп пен мәдениеттіліктің болуына байланысты. Себебі, кез-келген жерде, кез-келген адаммен қарым-қатынас орнату барысында адамның жеке басының мәдениеті мен тәрбиесі, әдептілік деңгейі көрініс береді. Іскери қарым-қатынас орнатуда бірнеше талаптарды ұстанған жөн:

  • Сөзіңізді айтардан бұрын, ойыңызды жинақтап, сауатты, анық жеткізу,
  • Сөйлесу барысында балағат, дөрекі сөздерді қолданбау,
  • Сөз тіркестері мен әдетке айналған сөздерді қолданбау,
  • Сөз саптауда барынша нақты, іске қатысты ойды дұрыс әрі анық жеткізуге тырысу.

Тіл мәдениеті даму барысында адамның бойында кішіпейілділік, сыпайылық, мейірімділік сияқты қасиеттер де дамып, әдептілік деңгейі көрініс береді. Қорыта айтқанда, әрбір қызметкер сөз байлығын игеру нәтижесінде кәсіби іскер маман ретінде ғана емес, сонымен қатар, әдепті әрі мәдениетті адам ретінде танылып, рухани құндылықтарын айқындай алады.   

Жанат Оразханқызы Абдукаримова

Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің Кадр саясаты бөлімінің аға инспектор – психологы, азаматтық қорғау майоры

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика