2024-09-19

АҚТАСҚА МЕКТЕП КЕРЕК!

Шымкент қаласында Абай ауданына қарасты жаңадан бой көтеріп келе жатқан Ақтас және Арғымақ деген шағынаудандар бар. Бұл аймақты негізінен Өзбекстаннан оралған қандастар мекен етіп жатыр. Аталған аудандарда жыл санап тұрғынүйлер қатары артып, тұрғындар саны да өсіп келеді. Біздің тілшіге жолыққан осы аудан тұрғындары өтініштерін қала басшылығы назарына жеткізуді сұрап еді.

Тұрғындардың айтуынша, қазіргі уақытта, Ақтас шағын ауданында 300-ден астам, ал Арғымақ шағын ауданында 50-ден астам жеке тұрғын үйлер орналасқан. Жеке үй құрылысы қарқынды жүргеніне қарағанда алдағы уақытта бұл сан тағы да артады. Олай болса, осы шағынаудандардың балалары үшін жақын жерден арнайы мектеп ашу қажеттігі күн тәртібінде тұрған мәселе. Бүгінде осы шағынауданның мектеп жасындағы балалары қаланың өзге аймақтарындағы, әсіресе көршілес Қазығұрт пен Ақжар шағынаудандарындағы мектептерге қатынап, оқуға мәжбүр. Егер, ертеңгісін немесе кештетіп қала ішінде қатынайтын №147 автобусқа міне қалсаңыз, ауыр сөмкелерін арқалаған оқушыларға лық толғанын көрер едіңіз. Күн сайын ары-бері жолаушылау әсіресе бастауыш сыныптарда оқитын балақайлар үшін ауыр соғады.

Осы мәселені ескеріп, Ақтас шағынауданына кіреберістегі аумақтан 600 орындық мектеп құрылысын салып берсеңіздер деген өтінішіміз бар дейді тұрғындар.

Олардың айтуынша, мектеп құрылысы үшін қосымша жер учаскесін іздеудің қажеттігі жоқ. Ол мақсатта Шымкент қаласының Бас жоспарында арнайы жер учаскесі қаралған екен. Ақтас шағынауданындағы (географиялық координаты 42.241329, 69.522003) арнайы учаскенің нысаналы мақсаты мектеп құрылысына лайықталған.

Шымкент қаласының Бас жоспарында Ақтас шағын ауданында мектеп құрылысына қаралған жер учаскесі бар

Егер, осы жерге мектеп құрылысын жүргізіп, пайдалануға берілер болса, онда тек Ақтас шағын ауданындағы оқушыларды ғана емес, Арғымақ шағынауданының да мектеп жасындағы балаларын қамтуға мүмкіндік болар еді. Өйткені, аталған учаске мен Арғымақ шағынауданының арасы 1,5 шақырым ғана.

Арғымақ шағын ауданы мен мектеп салуға қаралған учаске арасы 1,5 шақырым

Тек, екі арадағы жолды реттесе болғаны, бірінші кезектегі мәселе шешімін таппақ. Осылайша, аталған шағынаудандардағы мектеп қажеттілігін уақытша болса да өтеуге мүмкіндік болар еді дейді ақтастықтар.

«Құрметті Мұрат Дүйсенбекұлы, ұсынысымызды назарыңызға алып, 600 орындық мектеп құрылысын жүргізуге ықпал етуіңізді сұраймыз» дейді Ақтас шағынауданы тұрғындары.

Тұрғындардың шағымын жазып алған: С.Дүйсебайұлы

Яндекс.Метрика