2024-09-22

Түркістан облысының әкімі, Өмірзақ Шөкеев: «Әлеуметтік сала басты назарда»

Жылдық есеп

Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев 14 ақпанда тұрғындарға есеп берді. Өңірдің экономикалық және әлеуметтік даму жағдайы жайында цифрлармен дәйектеп баяндама жасады.

Жиынға тек әкім ғана емес, тиісті салаға жауапты мемлекеттік орган мамандары да сақадай сайланып, тындырған шаруаларының есеп-қисабымен қоса, қарапайым бұқара халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға әзірленіп келгендей әсер қалдырды. Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ университеті Мәдени орталығының фойесіне қаздай тізілген арнайы орындарда тұрғындардың арыз-шағымын қабылдауға мүмкіндік қарастырылып, тікелей сауал жолдау үшін зал ортасынан микрофондар, аудандардан онлайн байланыс, арыз-шағым жәшіктері орнатылып, арнайы хатшылық ұйымдастырылды.

Әкімнің айтуынша, Түркістан облыста 142 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істеп жатыр, бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада Алматы қаласынан кейінгі 2 орында екен. Облыс басшысы «Түркістан облысы туу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда. Сол себепті, бұл өңірде әлеуметтік сала басты назарда» дей келе, жалпы әлеуметтік қамсыздандыру саласына 2019 жылы 82 млрд теңге қаржы қарастырылғанын айтты.

Биыл, қазан айында Түркістан қаласында Түркі елдері Басшыларының жиыны өтеді. Бұл шара – күллі Түркі халықтарының рухани-мәдени орталығы – Түркістан қаласының туризмін жаңа бағытта дамытуға, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, «Ұлы Жеңістің» 75 жылдығы және композитор Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар облыстың рухани өміріне айтарлықтай үлес қосады деп сенемін» деген Өмірзақ Естайұлы өңір тұрғындарын жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Әкімнің есеп беруі кезінде Арыс оқиғасы мен қайта қалпына келтіру жұмыстары және Түркістан қаласын түлету шаруалары, Арыс-Түркістан каналын жаңарту нәтижесінде шығынсыз су жеткізу мүмкіндігі туралы да айтылды. Жаңа суару технологияларын орнату облыс орталығын жасыл желекті қалаға айналдырып қана қоймайды қаланың микроклиматында өзгертеді деген сөзі тұрғындар көңілінен шықты.

Есептің сұрақ-жауап бөлімін күтетін халайықтың қарасы бұл жолы да мол болды. Залдан тікелей түскен және аудандардан онлайн қойылған сауалдарға облыс басшысы тиісті сала басшыларына сілтеме жасай отырып жауаптарын берді. Алайда, сұрақ-жауап бөліміне аз уақыт қаралғандықтан, залдағы сауал қоюға асыққан тұрғындарға толық мүмкіндік болмады. Сондықтан да келесі жылғы есепте осы кілтипан ескеріліп, айтылар пікір-сауалдар көкейде өлмеуі қаралса деушілер көп болды. Сондай-ақ, өңір басшысының жыл сайынғы есебінің Шымкент қаласы әкімі есебімен қабаттасуымен ақпанның екінші жұмасына қойылуының себебін іздеушілер де табылды.

Түркістан облысының әкімінің есебіне «жақсы» деген бағаны тұрғындар атынан жарыссөзге шыққан жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты М.Байғұт ақсақал берді. «Түркістанға адалдық танытқанға бұл өлке бақ сыйлайды. Ал, Өмірзақ Естайұлы Түркістанды түлетуде адалдығы мен іскерлігін ұштастырып, ұтымды шешімдер қабылдап жатыр» деді ол.

С.Дүйсебайұлы

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика