Ал сол кезде…
Осы күні өткен Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың есебінде қатысушылардың назарын баяндамадан гөрі «Сұрақ-жауап» бөлімі аударды. «Түркістан» сарайының сыртында «сығалап» қалған адам болған жоқ. Үлкен залдан әкім есебін тыңдаймын деген қалалықтардың бәріне орын табылды. Есепке қатысушылар қала басшылығына келгеніне бір ай да тола қоймаған әкімді ескі танысындай қабылдады. Сұрақ барысында тапсырма беріп жатқандар да табылды.
Қалабасы осы және алдағы аптаның жұмасында «Тұран» және «Самал-3» мөлтекаудандарының тұрғындарымен кездеседі. Осы аумақтың мәселесін айтқан сөйлеушілер әкімді тұрғылықты жеріне шақырып, бұл ұсыныс құп алынды. Жиында мәлім болғаны Шымшахардың сын көп айтылатын денсаулық саласы қалабасының қатаң бақылауында тұр екен. Қордаланған мәселелер шешімін тауып қана қоймайды, медицина саласы жаңа заманауи деңгейге сай жұмыс істейді. Нақ осы салаға шетелдік инвесторлар қаржы салуға құмбыл болып отыр.
Жаңа әкімнің командасы да елгезек көрінді. Өз саласына қатысты сұрақтарға орындарынан ұшып тұрып жауап беріп жатты. Бұл халық үшін қызмет ететін мемлекеттік қызметшінің жаңа келбетінің қалыптаса бастағанын көрсетті. «100 нақты қадам» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы 10 қадамында айтылатын кәсіби мемлекеттік аппарат құру тапсырмасының нәтижесі дегенде осыны айтуға болады деп түйіп қойдық. Осыдан кейін ел Президенті айтқан «халықтың үнін еститін үкіметтің» болатынына сенім оянды.
Халықтың аты халық артық-ауыс айтып жатқандар да табылды. Негізінен сауалдар тұрмыстық деңгейден аса қойған жоқ.
Ең бастысы Мұрат Әйтенов осының бәрін сабырмен тыңдап, байсалды, кейбіріне орайына қарай қалжыңмен жауап берді. Осылай әкіммен публиканың арсындағы көбіне салқынқабақтық тудыратын әдеттегі ресми байланыстың көбесі сөгілді. Сынағысы келгендердің өзі жаңа әкімнен есеп барысында мін таба алмай, жұмысына сәттілік тіледі.
Шымкенттіктерде әкіммен кездесуге, мәселесін тек әкімге айтуға деген ерекше құмарлық бар. Ол өткен жылдары да ерекше байқалған. Осыны дөп басып, таныған мегаполистің әкім бастаған мемлекеттік қызметшілері ұсынысым бар дегендерді қара кешке дейін «Көрме» орталығында жеке-жеке қабылдады.
«Қызмет-Ақпарат»