2024-09-22

Кәсіпкер жалғызбасты анаға баспана сыйлады

Тұрғын үй тауқыметін тартқан жалғызбасты ана А.Садықова үш баласымен бірге жылдар бойы ауылдағы бір ғимараттың бөлмесін жалдап келген. Жұпыны үйді паналаған бұл отбасыға баспана берер демеуші табылды. Жергілікті кәсіпкер қайырымдық жасап, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған анаға 4 бөлмелі үй сыйлады.

«Болашақ» мөлтек ауданында орналасқан жаңа үй жарық пен табиғи газға қосылып, ауыз су жүйесі жүргізілген. Өңірде қарқын алған «Қамқорлық» жобасы аясында Қазығұрт ауылының кәсіпкерлері жұмыссыз ананың жаңа қонысына үй-жиһаздарын тарту етіп, азық-түлік алып берді. Басыбайлы баспана бұйырған отбасыдағы балалардың қуанышында шек жоқ. Жылдар бойғы қиындықтан құтылған жандардың айтар алғысы айрықша.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарына шынайы ел патриоты ретінде енген Қазығұрт ауданының кәсіпкері С.Ертаев бұған дейін де бірнеше жерлесіне баспана сыйлап, жомарттығымен танылған. Үлгі болар ісімен алғыс арқалаған азамат жеке кәсібін дөңгелетіп, көптеген тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Түркістан облысында жүзеге асып жатқан «Қамқорлық» бағдарламасы өзіңде барды өзгемен бөлісу, мұқтаж, көңілі жарым жандарға қол ұшын беруді меңзейді. Қазығұрт ауданы бойынша 86 отбасыға осы бағдарламасы аясында жетекші бекітіліп, жан-жақты көмек көрсетілген. Жақсы іске жанашыр, ізгі ниетті, ақ тілекті азаматтар әлеуметтік жағдайы төмен мұқтаж жандарға тұрмысқа қажетті заттарын, көмір, отынын молынан үлестіруде. Аталған шараға аудан, қала және ауыл әкімдіктері, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының белсенділері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер демеушілік жасап, атсалысып жатыр. Жалпы, облыс бойынша 2 мыңға жуық отбасыға жоба аясында жан-жақты қамқорлық жасалмақ.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика