2024-09-20

Үйлердің сырты жаңартылуда

Шымкент қаласында ерекше жаңалық жүзеге асуда. Қаладағы Республика даңғылының бойындағы көпқабатты үйлердің сырты кәсіпкерлердің есебінен жаңартыла бастады. Мұндай игі іс бұрын-соңды Қазақстанда жүзеге аспаған екен.

Бұған дейін тек Шымкентте емес, өзге шаһарларда да көпқабатты үйлердің сыртын әрлеу үлкен мәселеге айналған. Аталған жұмысты біресе СПК, біресе жеке компаниялар қарызға атқарған еді. Одан кейін «Тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттің есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ал жақында көпқабатты үйлердің сыртын жаңартуға жеке кәсіпкерлердің өздері ынталы болғанға ұқсайды. Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов журналистерге берген сұхбатында айтты. Республика даңғылы бойындағы үйлердің қасына келген шаһар басшысы өз атынан игі іс атқарып

жатқан кәсіпкерлерге алғысын білдіріп, жеке азамат үшін мұндай ауқымды жұмыстар тек шынайы патриоттардың ғана қолынан келетініне тоқталды. Әрі, осы инициативаны көтерген де кәсіпкерлердің өздері екенін тілге тиек етті. Айтуынша, бірнеше кәсіпкер шаһар басшысының алдына кіріп, қаладағы сырты ескірген көпқабатты үйлерді өз қаражаттарына жөндеп беруге рұқсат сұрапты.

Бүгінде жоспар бойынша шаһарда 41 көпқабатты үйдің сырты жөнделеді деп күтілуде. Осылай қаламыздың сәні кіруіне атсалысып жатқан компаниялар «Отау-строй», «Арт Құрылыс», «Ақ орда», «ҚазМедеоГранд», «Шымкент-строй» серіктестіктері.

Сұңқар САЛАУАТ

Яндекс.Метрика