2024-09-20

Қазақ халқына алғыс айтты

28-ақпан күні Шымкенттегі №27 «Мәртөбе» мектебінде түрік пен әзірбайжан, иран ұлтының өкілдері қазақ халқына алғыс айтты. Ұлтымызға шексіз разылық білдірілген шара 1-наурыз Алғыс айту күніне орай ұйымдастырылған екен. Оған «Ахыска» түрік-этно ақсақалдар алқасының мүшесі Бачат Алиев, Түркістан облыстық әзірбайжан, иран этно-мәдени орталығының төрайымы Рамиля Мустафаева қатысты. Сонымен бірге, қонақ ретінде «Нұр Отан» Мәртөбе бастауыш партия ұйымының төрағасы Оразәлі Эликбаевич, «Ифтихари» жылыжай комплексі директорының міндетін атқарушы Рошаев Шахназа келген.

Жиында сөз алған Бачат Әлиев сонау бір алмағайып заманда өздері қиналып келгенде қазақ халқының күтіп алғанын тілге тиек етті. Қала берді, әр үйдің бірнеше түрік отбасыларын кіргізіп алып, қамқорлық көсеткенін жастарға жеткізді. Бүгінде өзінің де үш келіні қазақ ұлтынан екен. Қазақ жеріне келгелі әулеті бейбітшіліктің бесігінде тербелгендей күн кешіп жатқанына разы. Әрі қарай Б.Әлиев оқушыларды қазақ ұлтының тарихына, мәдениетіне, елдің мемлекеттік саясатына құрметпен қарауға шақырды. Солай ету ғана ұлттық қарым-қатынастың өнегелі өлшемі болатынын айтты. Шара барысында сөзге шыққан әзірбайжан, иран мәдениет орталығының төрайымы өзінің қазақ ұлтына және Президентіне разы екенін және жергілікті ұлттың жүрегі кең, пейлінің дархан екенін білдірді. Сонымен бірге, елді дамытуға әзірбайжан кәсіпкерлерінің атсалысып жатқанын тілге тие ете кетті.

Содан соң «Нұр Отан» Мәртөбе бастауыш партия ұйымының төрағасы Оразәлі Эликбаевич сөз сөйледі. Ол бұл мерекенің әу баста тек қазақ халқына алғыс айту үшін шыққанын, алайда, кейін алғыс айту аясын кеңейту үшін бар адамның бір-біріне разы екенін білдіріп жүргені туралы пікірін білдірді. Сөйтіп, көпшілікті бірі-біріне жылы сөз, алғыс айтудан жалықпауға шақырды.

Келесі кезекте «Нұр Отан» партиясының атынан аталмыш мектеп мұғалімдеріне сый-сияпат берілді. Құрмет көрсетілген ұстаздар арасында

Гүлмира Абидаева, Рабия Сапақова, Гүлбаршын Истеева, Ербол Мырзақұл, Атабек Юлдашовтар болды.

Дина ХАЙТМЕТОВА

Яндекс.Метрика