Облыс әкімі Ө.Шөкеев қала басшысы Р.Аюповпен және жауапты сала басшыларымен бірге Түркістан қаласындағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысын бақылап, жауаптыларға бірқатар міндеттер жүктеді. Қала орталығындағы абаттандыру жұмыстары мен ашық аспан астында орналасқан бассейннің құрылысын өз көзімен көріп, пысықтады. Әлемдік стандартқа сай салынып жатқан спорттық аумақтың айналасы жасыл желекке оранбақ.
Сондай-ақ, 11 гектар жерге жайғасқан «Желілік саябақ» жобасының құрылысын бақылаған өңір басшысы мердігер компания жетекшілеріне бірқатар еткерту айтты. Көгалдандыру жұмыстарына күш салып, қауіпсіздік шараларын ұмыт қалдырмауды ескертті. Жұмыстардың сапалы болуы қажеттігіне айрықша көңіл бөлген аймақ басшысы нысандардың сырт келбетіндегі сәніне де назар аудару керектігіне тоқталды.
2020 жылы көне шаһардың рухани-мәдени орталығында бірнеше ірі нысанның құрылысы қыркүйек айында толық аяқталып, пайдалануға тапсырылатын болады. Өмірзақ Естайұлы қазаны қайнаған құрылыс алаңдарын аралап, 3 гектар аумақта орналасқан көрермен залы 510 адамға арналған драма театр мен ғылыми-әмбебап кітапханасының және «Hampton by Hilton» қонақ үйінің құрылысын тексерді. 4 қабаттан тұратын заманауи үлгіде бой көтерген мәдени ошақтың жалпы көлемі 10 000 шаршы метрді құрайды. Отырар ықшамауданында салынып жатқан кітапхана 1 га аумаққа жайғасқан. Көгалдандырылған аумағы мен кең паркингі бар үш қабатты бірегей кешеннің үлкен сыртқы аркасы шығыс сарайлары мен қаланың тарихи мұрасын еске түсіреді. Торлы жармалар Еуропа елдеріндегі әлем астаналарының кітапханаларының жарқын мысалдарын бойына сіңірген. Мұнда бағалы кітаптарды сақтауға оңтайлы микроклимат жасау үшін автономды қазандық қарастырылған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі