2024-09-20

САЙРАМДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСЫ НЕГЕ ТОҚТАТЫЛДЫ немесе Исфиджаб құпиясы

«Рухани жаңғыру» жобасының «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» деп аталатын бағдарламасы барын білесіз. Осы бағдарлама аясында республиканың түкпір-түкпірінен жинақталып, 100 киелі орын нақтыланғаны белгілі. Шымкент қаласында қалыптасқан «Киелі орындар» тізбесіне 7 нысан осы тізімге еніп, республикалық маңызға ие болса, соның бірі Исфиджаб қалажұрты. ҮІ-ХҮІІІ ғасырлар арасында өмір сүрді делінетін бүл қалажұрт қазіргі Шымкент қаласының Қаратау ауданына қарасты Сайрам ауылының орталығында орналасқан. Археологиялық ескерткіш соңғы кездері қала басшылығымен арнайы жоба ретінде қаралып, «Шахристан» деп аталалып жүр. Мемлекет қамқорлығында ерекше қорғалатын бұл нысанның тек қазақ тарихында ғана емес, адамзат өркениетінің дамуында алар орны ерекше. Бұлай деп айтуымыздың себебін де сезіп отырған боларсыз. Бұл – ХІ-ХІІІ ғасырға дейін Исфиджаб деп аталған, одан кейін Сайрам деген атаумен қалыптасқан қамалы мығым ортағасырлық өркениет ошағы ғой. Географиялық орналасуы жағынан Орта Азия мен Шығыс Еуропаның, Көне Қытай мен Ежелгі Иранның арасындағы елдер тарихында Ислам діні келгенге дейін де, кейін де елеулі орны болған, бірнеше әлемдік діндердің мекені, сауда-саттық қатынастарының өркендеген жері, мәдени және әкімшілік орталығы қызметін атқарды. Осынау ерекшеліктерінің арқасында бұл қала басынан небір саяси және әскери қақтығыстарды басынан өткерді десеңші.

Тағы да көне теңгелер…

Исфиджаб қалажұртының қазіргі тарихи қорғау аумағы 32,6 гектарды құраса, үлкендігі мұндай болатын ескерткіш Шымкент қаласында жоқ. Қаладағы ең үлкен ескерткіш осы (республикада 42 гектарды құрайтын Саураннан кейінгі орында). Осыншама кеңістіктің кез-келген жерін түртіп көрсеңіз, Сайрамның қилы тарихынан сыр ақтара жөнеледі. Соның айқын бір дәлелі, 2013 жылы осы маңдағы бір сауда орталығының құрылысы кезінде кездейсоқ Х-ХІІ ғасырларға жататын монша қалдығы табылып, археологтар қазба жұмысы барысында тандыр ішіне жасырылған көне қазынаға кез болған. Кішірек құмырада сақталған 2600-ден астам монета ХҮ-ХҮІ ғасырларға телінгені жөнінде баспасөз беттерінде жазылып жатты. Осындай бір көне жәдігер биыл да табылып отыр. Бұл жолы монета ғана емес…

Табылған көне құдық

Өткен аптаның соңында әлеуметтік желі лентасында Сайрам тұрғын алабының орталығында құрылысы жүріп жатқан жолдың қазылған табанынан құдық тәрізді көне нысан табылғаны жайында мәлімет тарады. Сондай-ақ, тағы бір бейнежазбада жол үстін тегістеу үшін төселген шағал қабатын металл іздегіш құралмен көне заман монеталарын іздеп жүрген мамандардың ісі де көпшілік назарын аударды. Екінші бейнежазбада табылған монеталардың кейбіреуі ХҮІІІ-ХІХ ғасырларға, кейбіреуі Қоқан хандығы тұсындағы Құдияр ханның заманына жататыны айтылады. Осы екі бейнежазба біздің де қызығушылығымызды оятты. Көне Сайрамға барып, көне жәдігерлерді көзбен көруге және ол жайында тисті сала мамандарының сөзін оқырманға жеткізу мақсатына жетеледі.

Табылған құдық саны үшеу

Бүгінде Көне Сайрамның тарихи қабаты мен қорған-қамалының орны осы заманғы құрылыстармен араласып кеткенімен, біршама жақсы сақталған. Шахристанның ХІХ ғасыр соңында сызылған карталарда көрсетілген ескі жол сүрлеулерін қазіргі Сайрам тұрғын алабының көшелері сұлбасынан ажыратуға болады. ХІХ ғасырда «қала» деп аталған Сайрамның төрт қақпасы болғаны белгілі, олар: Белқақпа, Шымкентқақпа, Қарамұртқақпа және Базарқақпа деп аталған. Оңтүстік бетіндегі Сайрамсу өзені жағынан, Қазы Байза кесенесі жанындағы Базарқақпадан кіретін жол өзге қақпалардан кіретін жолдармен шамамен бірдей қашықта түйіседі. Бүгінде бұл көне жол сүрлеулерінің орнында Ю.Сареми және Әмір Темір көшелері жатыр. Қазіргі Сайрамның ірі сауда және қоғамдық тамақтану орындары  осы екі көшенің бойына жайғасқан. Ежелден саудаға бейім сайрамдықтар бұл маңайды қызу базарға айналдырып алған, адам аяғы сиремейді. Қазіргі таңда Ю.Сареми көшесінің Базарқақпа мен Әмір Темір көшесінің қиылысы арасында жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Жоғарыда аталған құдық осы аймақта табылып отыр. Табылған құдық саны үшеу. Екеуінің қабырғасы кәдімгі топырақты болса, біреуінің қабырғасы қара тастан қиюластырылып ерекше өріліп қаланыпты. Құдық ернеуінен тереңге қарғанымызда, қара тасты қабырға қараңғылыққа ұласып, түпсіз секілді көрінді. Ернеуінің кеңдігі бір адам сиярлықтай, 50 см шамасында болса, тереңдеген сайын кеңейе түседі екен. Жергілікті тұрғындар бұл нысанды ерте заманғы құдыққа балап отырса, кейбіреулері жерасты жолының желдеткіші болуы мүмкін дейді.

Тұрғындар жаңа табылған құдықты тамашалап тұр

«Сайрамның жауға берілмеу себебі – құдықтарында»

Біз барғанда жаңа табылған құдық айналасында тамашалап бір топ жергілікті тұрғын тұр екен. Өзін Мұқсымбай Исаметов деп таныстырған кісі қолындағы қолшаммен терең шыңырауды меңзеп, түбіне жарық түсірді де,

– Кеше арнайы тас байлап, жіп салдық. Тереңдігі 21 метр болды. Құдық па деп отырмыз. Арнайы зерттеуші мамандар әлі келмеді. Әншейінде су желісін тарту үшін жер қаза қалсақ, басымызда тұратын мамандар әлі жоқ. Бұл Сайрам шаһары – қадыми шаһар. Есте жоқ атам заманнан бері әскери бекініс болған. Сайрамның қай жерінде қай ғасырдан қалған зат тұрғанын ешкім де тап басып айта алмайды. Мына құдық та сондай ешкім білмейтін жер болып тұр. Бұл туралы еш аңыз-әпсана естімеппіз –дейді.

Сайрам тұрғыны Т.Ергешов

Өзін Тахир Ергешов деп таныстырған Сайрамның келесі бір тұрғыны:

– Көне Сайрам – сыртқы қамалы мықты әскери қала болған. Қамалдың беріктігі сол, Шыңғыс ханның өзі 3 жыл бойы ала алмаған деген дерек бар. Оның басты себебі, осындай жерасты су көздерінің, құдықтардың көптігінде. Міне, мына құдықты қараңыз, қалай таспен әдемілеп қалаған? Құдықтардың қандай маңызды болғанын осыдан біле беріңіз –дейді.

Сайрам тұрғыны К.Мавланов

Тағы бір Камалжан Мавланов деген кісі құдық жайында пікірін былай білдірді:

– Бұрын бұл құдық шыққан жерде жол болған емес, Кеңес одағы кезінде салынған. Оған дейін көне қаланың тұрғынжайлары жайғасқан, ал қала көшесі тар болған екен. Кейін жол кеңейгенде үйлер бұзылып, құдық үсті жабылып кеткен. Жолдың кейін түскеніне мысал, мына жерде Қазы Байзы деген мазарат бар, жолдың екі шеті де мазар. Яғни, кейіннен салынған жол мазар үстінен өткен болып тұр. Егер, жол ескі болса, мазаратты қақ жарып жол салынуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Демек, жол кейін түскен. Ал, мына құдық көне қаланың ортасында болғандықтан үлкен маңызға ие болған сияқты. Өйткені, Сайрамның әкімшілік орталығы – Шахристанда болып тұр ғой. Құдықтың ернеуі мен қазіргі жол бетіндегі қабат арасының қалыңдығынан арада қанша ғасыр өткенін бағамдауға болса керек. Осы құдыққа қатысты және бір әпсана естідім, ескіде қала тұрғындарының малы немесе бала-шағасы ауыра қалса, құдыққа тиын-тебен тастап, құдықты айналдырады екен. Сондай жоралғы жасаса, кеселінен тез жазылып кетеді екен. Негізі, Сайрамның кез-келген жерін қазар болса, құнды жәдігерлер табылады.

«Жерасты жолының желдеткіші болуы ғажап емес»

Кездейсоқ табылған нысан жайлы жергілікті мамандардың пікірін білмек болып, Сайрам ауылында орналасқан өлкетану музейіне бұрылдық. Музей елдегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты карантинге жабылыпты. Ешбір қызметкерін жолықтыра алмадық. Музей басшысы Меруерт Әлімбековаға тек телефон арқылы хабарласудың реті келді.

– Жаңа табылған құдық пен монеталар жайында хабарым жоқ. Қайбір жылы Б.Байтанаев бастаған археологтар тапқан күміс монеталар мен әшекей бұйымдар біздің музейге тапсырылмады. Соңғы кездері Сайрамнан табылып жатқан жәдігерлердің барлығы Нұр-Сұлтан қаласына, Ұлттық музейге алынып кетеді. Біздің музейде жергілікті тұрғындар тапсырған этнографиялық бұйымдар, киім-кешектер, қазба жұмыстары кезінде табылған құмыралар, ауыз су және кәріз жүйелерінің құбырлары, тастан жасалған жабдықтар қойылған. Олардың дені тұрғындар тауып, бізге өткізіп отырған экспонаттар. Құдық табылып отырған аймақ Сайрамның Шахристаны деп аталады, оның айналасында 37 түрлі қолөнермен айналысатын рабаттар болған. Шахристандағы Қызыр мұнарасы маңында мешіт орны мен жерасты жолының басы бар. Түркістан тарапқа бағыт алатын жерасты жолының аузы бүгінде бекітіліп қалған. Әлгі құдық деп отырған нысан да сол жерасты жолының ауа ағысын реттейтін желдеткіш жүйесінің аузы болуы ғажап емес. Оны енді арнайы мамандар айтар, — дейді Меруерт Ешентайқызы.

Сайрам өлкетану музейі алдындағы экспонаттар

  Сайрам тұрғын алабы қарайтын Қаратау ауданы әкімдігінің «Рухани жаңғыру» жобасына жауапты әкім орынбасары Ерлан Бекназаровқа хабарласып, телефонмен сөйлесу мүмкін болмады. Есесіне осы ауданның Халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің Сайрам тұрғын алабы бойынша маманы Зафар Базарбаевпен тілдестік. Зафар мырзаның айтуынша, Сайрамнан өтетін КХ-82 «Шымкент-Қасқасу-Көксәйек-Сайрам-Шымкент» автожолының 83,8-103,3 (19,5) шақырымының күрделі жөндеу жұмыстарына тапсырыс беруші Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, ал мердігер компания «Әлем-Транс Жол» ЖШС екен. Қаргі уақытта табылған құдықтың археологиялық сараптама жұмыстары жүргізіліп жатқанын білдік.

«Жол деңгейі бұрынғы қалпында қалуы мүмкін»

Жол құрылысына тапсырыс беруші Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілі, бас маман Қайрат Пазылов бізге былай деп түсінік берді:

– Күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысан «КХ-82 «Шымкент-Қасқасу-Көксәйек-Сайрам-Шымкент» автомобиль жолының 83,8-103,3 шақырымы» деп аталады. Яғни, жөнделіп жатқан жол ұзындығы 19,5 шақырым. Мердігер компания «Әлем-Транс Жол» ЖШС жұмысты 2017 жылы бастаған, биыл аяқталып, пайдалануға деп күтіп отырмыз. Жөндеу жұмыстары Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бөлінбей тұрып басталып кеткендіктен, жобаға жауапты біздің мекеме болып отыр. Жол жөндеуден өтетін учаскесіне археологиялық сынама жасалған, сол кезде Сайрамның орталығы «Шахристан» деп аталатын археологиялық ескерткіш екені, оның қорғалуы тиіс тарихи қабаттары бары айтылды. Соған байланысты, құрылыс кезінде археологиялық сүйемелдеу (археологическое сопровождение) жасалуы міндеттелді. Былтырғы жылы Сайрамның орталығы мен Белқақпа арасында жол жөндеу жұмыстарына сондай қызметке жүгінген болатынбыз. Биыл да сол процеспен жұмыс істеп жатырмыз. Мердігер мекеме археологиялық ұйыммен өзара келісім шартқа тұрып, археологиялық қадағалау жұмысын қатар атқаруға келіскен. Егер, археологиялық зат табылатын болса, жөндеу жұмыстарын тоқтатып, археологиялық ұйым жұмысына кірісуі тиіс. Қазір құдық табылды, осыған байланысты жол жөндеу жұмыстары тоқтатылды. Енді, келісім шартқа сәйкес, археологиялық мекеме жұмысына кірісу керек. Ол ұйым белгілі бір уақыт ішінде табылған заттың тарихи құндылығын анықтап, қорытындысын бергеннен кейін жол құрылысы тоқтайтыны, немесе жалғасатыны нақты болады. Құдықтың тарихи маңызы бары дәлелденсе, жол құрылысы тоқтайды, не өзгеріс енгізіліп, бағыты өзгеруі мүмкін. Ерекше құнды зат болып шықпаса, онда жол құрылысы жалғаса береді. Яғни, шешім шығаратын ұйым – археологиялық мекеме мен Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институт болып тұр.

Бұған дейін осындай жағдай Ордабасы ауданындағы Бадам станциясынан Арыс қаласына баратын облыстық маңызы бар автомобиль жолының жөндеу жұмыстары кезінде болған. ол жерде жол Мыңтөбе (Бөржар қорымы) оба-қорғандары деп аталатын археологиялық ескерткіштерінің үстінен өтеді екен. Жобада жол 5 метрге төмендеу керек болған, қазып жатқан кезде жолдың астынан қорым шықты. Сол кезде археологиялық институт мамандары келіп, жол жөндеу жұмыстарын тоқтатып, зерттеді. Олардың айтуынша, жол бағытын жылжыту керек, немесе 5 метр төмен түсірмей дәл бұрынғы қалпында қалдырып, жалғастыру беру керек деп қорытынды беру керек екен. Сол кезде жолдың бағытын өзгертуге 98 млн теңгеге жуық қосымша қаржы қажет болды да, бюджеттен ондай қаржы табылмағасын, сол күйінде қалдыруға шешім қабылдағанбыз. Сайрамдағы табылып отырған құдықтың жағдайында да осы тәсілді пайдаланатын шығармыз. Ол жерді қазуының себебі, жол қозғалысының қауіпсіздігі ескеріліп, дөңестеу жерді тегістеу мақсаты болатын. Яғни, құдық құнды жәдігер деп танылып жатса, жолдың деңгейі бұрынғы қалпында қалдырылып, құрылыс жалғасуы мүмкін -дейді жауапты маман.

Жөндей жұмыстары жасалып жатқан Ю.Сареми көшесі

Монета тапқан маман ұрыс естіді

Мердігер компания «Әлем-Транс Жол» ЖШС-нің өкілі Есберген Бердәліге хабарласып, құдықтың бүгінгі таңға археологиялық зерттелуіне қатысты мән-жайды сұрағанымызда:

– Жол құрылысы басталмас бұрын археологиялық сараптама алынып, «Инженерная археология» ЖШС дейтін мекемемен археологиялық сүйемелдеу қызметін көрсету жайында келісім шарт түзілген. Қазіргі таңда аталған мекеме Сайрам ауылының жол құрылысы учаскесінде зерттеу жұмыстарын жүргізуді бастады. Жұмысы аяқталғаннан соң тарихи-мәдени қорытынды береді. Біздің мекеме қазір соны күтіп, жұмысын тоқтатып тұр, -деп жауап берді.

Археологиялық тексеру жұмыстары басталды (фотосурет әлеужеліден)

Ал, қазіргі таңда археологиялық тексеру жұмыстарына кіріскен «Инженерная археология» ЖШС-нің ғылыми қызметкері Азамат Ергешбаев болса, былай дейді:

 – КХ-82 «Шымкент-Қасқасу-Көксәйек-Сайрам-Шымкент» автомобиль жолының Сайрам ауылынан өтетін учаскесінен табылған құдыққа қатысты археологиялық сараптау жұмыстарын енді бастап жатырмыз. Қазір алдын-ала қорытындымыз жоқ. Өзіңіз білесіз, қазір ауа райы құбылып, жаңбыр жауып, қолайсыздықтар туғызуда. Осыған байланысты, құдық ішінде зерттеу жүргізе алмай отырмыз. Ауа райы жақсарса, сараптама жасап, қорытындысы белгілі болады. Қазірге, жолдың үстіңгі қабатынан табылған өзге де заттарды қарастырып жатырмыз. Әлеуметтік желіде тарап кеткен металл іздеу құрылғысымен монета тауып жүрген кісі біздің Александр деген маманымыз. Бірнеше монета таптық. Ол – қазба жұмысы емес, бақылау шаралары ғана. Мұндай жұмыс кезінде мәдени қабатқа тиіспейді, қазбайды, тек сыртқы бөліктердегі детальдерді қарастырып, шашылып қалған жәдігерлер болса, соларды жинайды. Қазір жақсы болып қалды ғой, барлық нәрсені бейнежазба жасап, интернетке сала қою оңай. Кеше Александрға ұрыстым, «жұмыс кезінде бөгде адамдарға телефон камерасына түсіруге рұқсат бергеніңмен қоймай, оларға әр монета туралы мәлімет бергенсің» деп. Ондай кезде, жұмыс учаскесінен бөгде азаматтар шығарылу керек еді. Монеталардың қай дәуірге жататыны, құдықтың қай заманнан келе жатқанын қазір нақ басып айта алмаймыз. Алдағы уақытта маңызды бір қомақты ақпарат пайда болғанда ғана ресми хабарлайтын боламыз. Қазірге, біздің археологиялық сараптама жасау жұмысын бастағанымызға енді бір-ақ күн болды, жұмыс істеумізге де мұрша болмай жатыр.

Сайрамда табылған құдық, әлде жерасты жолының желдеткіш тесігі ме, қазірге белгісіз нысан жайлы тиісті сала мамандары осылай дейді. Алдағы уақытта қандай қорытынды шықса да, бұл жәдігер көне Исфиджабтың бүгінге жеткен бір мұрасы. Шымкент қаласының даму жоспарында болашақта бұл маңда «Шахристан» деп аталатын этно-археологиялық кешен бой көтеретіні айтылып жүр. Қазірдің өзінде осы археологиялық ескерткіш орнында ортағасырлық монша қалдығы, кәріз жүйелері, тандыр орындары табылса, оған тағы 3 құдық қосылып отыр. Бұл жәдігерлерге Қызыр мұнарасы мен мешіті және жерасты жолын қоссаңыз, «Шахристан» этно-археологиялық кешенінің алғышарттары қаланып та қойды емес пе? Бәлкім, Шымкенттің тағы бір көне туристік нысанының пайда болуына сеп болып, осы бір құдықтың ашылуы күтіп тұрған болар? Не десек те, көне Исфиджабтың әр қадам сайын сыр бүккен құпиялары тарихи танымдық сапарларды сүйетін саяхатшыл қауымды ынтықтыра түскені анық.

Сейдалы Дүйсебайұлы

Яндекс.Метрика