2024-09-22

КИЕЛІТАСТА КЕЛЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІЛІП ЖАТЫР

Тышқан жылы елімізге түрлі сынақтарымен келгені белгілі: пандемияға қарсы жарияланған төтенше жағдай режимі, Мақтааралдағы техногендік су апаты, Ордабасыдағы құйын және соңғысы Түркістан облысының таулы аудандарындағы мол жауын-шашын салдарынан туған сел тасқыны. Жылдың алғашқы жартысының өзінде оңтүстік жұртын жұттың осынша атасы шыр айналдырып өтті. Өңірдің төрт ауданы: Төлеби, Қазығұрт, Сайрам және Бәйдібек аудандарын қамтыған табиғат апатынан ең көп зардап шеккені Төлеби ауданы болса, тосыннан келген сел сол аудандағы Киелітас ауыл округіне зор материалдық зиянын тигізген. Бадам өзенін жағалай халқы тығыз орналасқан ауыл округіне қарасты Сұлтанрабат ауылына барып, апаттан зардап шеккен тұрғындарға нендей мемлекеттік көмек пен қызмет көрсетіліп жатқанын көзбен көріп, атқарылып жатқан шаруалардың басы-қасында жүрген ауыл әкімінің әңгімесін оқырманға жеткізуді мақсат етіп Киелітасқа ат басын бұрдық.

Бағымызға орай, біз барған уақытта Төлеби ауданындағы Киелітас ауыл округі әкімінің кестесіне сай жеке және заңды тұлға өкілдерін қабылдайтын күні екен. Әкімді жұмыс кабинетінен табатын болдық деп қуанып едік, Полат Әшірбекұлы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар мәселесімен қайта салынып жатқан үйлерді аралап жүрсе керек, жолығу мүмкін болмады. Оның орнына ауыл әкімі аппаратының құрылымдық бөлімше басшысы Әзімхан Оспанов мырзаның қабылдауында болдық. Жауапты маманның айтары да, біз көтерген мәселелерге берер жауап сөзі де көп екен.

Киелітас ауыл әкімі аппаратының құрылымдық бөлімше басшысы Ә.Оспанов

23 ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАЙТА САЛЫНА БАСТАДЫ

– Әзімхан Айтжанұлы, 13-ші мамыр күні Төлеби ауданы аумағында мол жауын-шашын салдарынан орын алған тасқын судан зардап шеккен тұрғын үйлер мен оларды қалпына келтіру жұмыстары жайында айтып беріңізші.

– Төлеби ауданында 2020 жылдың 13 мамыры күні қатты жауын салдарынан су тасқыны орын алып, Киелітас ауыл округіндегі 4 елді мекен тұрғындарын біраз әбігерге салған болатын. Округте 1973 үй болса, соның 23 үйін су шайған. Қазіргі уақытта құрылыс орындары тазаланып, жеке тұрғын үй салуға шешім қабылданды. Бүгінде анықталған мердігер компаниялар аталған 23 үйдің құрылысын бастап кетті.

Сондай-ақ, тасқын судан хабардар болып, жан-жақтан көмектер келіп, қол ұшын созып жатқан жайттар да бар. Қолындағы барымен бөлісіп, азық-түлігін жеткізіп, техникасымен көмектесіп, тіпті ақшалай да жәрдемдесіп жатқан ел азаматтары мен мекемелер көп. Одан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасымен біздің округке Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам аудандарының әкімдіктерінің жұмысшылары техникаларымен келіп, ұйымдасқан түрде қираған үйлер жанында болып, көмектерін көрсетті. Қазір олар жұмыстарын толық аяқтап, өңірлеріне қайтты. Көмектескен барлық азаматтарға, мекемелерге, аудан әкімдіктеріне өзіміздің тұрғындар атынан алғысымызды білдіреміз.

Осы орайда айта кетсем, бүгінде біздің мекеме тарапынан жеке техникаларды жалдап, су шайған 9 қоржынтамды (времянка) тазалап, 9 қора-жайды қоқыстан аршу жұмыстарын атқардық. Сонымен бірге, 8 үйге 25 қап цемент жеткізіп көмек көрсеттік және 27 мәшене шағыл тас пен 2 мәшене құм түсіріп берсек, 6 үйге 1,9 мыңға жуық шлакоблок жеткіздік. Қазір сынған, қисайған, шөккен үй-жайлар мен қора-қопсылардың жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесіп жатырмыз. Бүгінгі таңда мұндай жөндеу жұмыстары тоқтаған жоқ, өтініш білдірген тұрғындарға көтергіш арнайы техникалармен, экскаватормен көмек беріп жатырмыз.

Қазір ауылдардағы бүлінген үй-жайларды қалпына келтіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Құрылыс мердігерлері 23 тұрғын үйдің құрылысына қызу кірісіп кетті. Ел болып, халық болып, көмек жалғасуда.

– Су шайған тұрғын үйлердің бұзылатыны, не бұзылмайтынын, қайта салуға жататынын кім, қалай анықтайды?

– Тұрғын жайлардың жарамдылық күйін анықтайтын арнайы комиссия бар. Ол комиссия аудан әкімі жанынан құрылған. Комиссия құрамында облыстық сәулет және қала құрылысы басқарма басшысының орынбасары, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы, арнайы эксперттер және тиісті мекеме басшылары бар. Солар келіп, тұрғын үйлер мен жайларды қарап, саралап, төтенше жағдайлар комиссиясы отырысындағы қабылданған хаттамалық шешімінен кейін ғана бұзылуға жата ма, жатпай ма, қайта салына ма, қалдырыла ма, содан кейін белгілі болады.

Бұзылып, қайта салынып жатқан үйлердің дені негізінен кезінде саманнан салынған үйлер болса, кейбіреулері тіпті ертеректе салынған ескі  үйлер. Қайта салынатын үйлер қазіргі заман талаптарына сай материалдардан бой түземек.

Киелтаста тұрғын үй құрылысын бастаған мердігер компания техникалары

«МАҚТААРАЛДА ТУЫНДАҒАН МӘСЕЛЕЛЕР КИЕЛІТАСТА КЕЗДЕСКЕН ЖОҚ»

– Қазір интернет ресурстарда Мақтааралдағы су басу салдарын жою жұмыстары кезінде кезігіп жатқан мәселелер жайында көптеп жазылуда. Соның бірі, бір жер учаскесінде бірнеше тұрғын үй немесе техникалық паспортта көрсетілмеген қосымша құрылыстар болғаны айтылып, оларға да өтемақы төлеуді, немесе қайта салуды сұрап жатқандар көп екен. Мұндай мәселелер Киелітаста кезігіп отырған жоқ па?

– Су тасқынынан бүлінген үй-жайлар бастапқыда қандай көлемде болса, қайта салынатын баспаналар да сондай мөлшерде болады. Біздің округте де техникалық паспортында қандай құрылымдар болса, сонысын салып беретін болады. Ондай мәселелердің барлығы үй-жайдың бұзылатын сәтінен бастап, жоғарыда аталған арнайы мамандардың зерделеуінен өтіп, комиссия мүшелерінің отырысында алдын-ала қаралады. Біздің ауылдарда бір аулада орналасқан бірнеше үй немесе қосымша құрылымдардың құлауы болған жоқ. Барлығы жеке-жеке тұрғын үйлер. Сондықтан, Мақтааралда туындаған мәселелер біздің ауыл округте кездескен жоқ.

– Жеке тұрғын үйлер құрылысын бастаған мердігер компанияларды кім тағайындайды, немесе қалай анықтайды? Қаржыландыру көздері жайында айтып беріңізші.

Енді, оны аудандағы тиісті жауапты мекемелер анықтайды. Ауыл округі әкімдігі ол процеске қатыспайды. Ауданда арнайы комиссия бар, олардың да өз тәртіптері бар, соған сай атқарылған болар. Қазір барлық мердігер мекемелер анықталды, тиісінше жұмыстар басталып кетті.

Құрылысқа бөлінген қаржы мемлекеттік бюджеттің қаржысы. Демеушілер, немесе қайырымдылық көздер есебінен салынып жатқан үйлер жоқ.

Іргетасы қаланған жаңа үйлер

«ҚҰРЫЛЫС ҚАЛДЫҚТАРЫН БАДАМ ӨЗЕНІ ЖАҒАСЫН НЫҒАЙТУҒА ПАЙДАЛАНЫЛАДЫ»

– Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар ішінде басқа жерден учаске, немесе басқа үй сұраған не өзге аймақтан жаңа үй салып беруді сұрағандар бар ма?

– Жоқ, ондай мәселе туындамады. Жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің бәрі су тасқынынан құлаған үйінің орнына, сол жер учаскесінің аумағына, сол жерге қайта салынып жатыр.

– Егер, басқа жерден учаске беруді сұрай қалса, ауыл округі аумағында ондай жер учаскелері бар ма? Жалпы, жер кезегінде тұрған азаматтарға қашан жер учаскесі берілмек?

– Егер, зардап шеккен тұрғындар басқа учаске беруді сұрай қалса, ауыл округінде оларға бере қоятын дайын тұрған жер учаскелеріміз жоқ. Ал, «елді мекендердің кеңеюі» дейміз, елді мекеннің бас жоспарына сәйкес, тұрғын үй учаскелері кезегінде тұрған азаматтарға арналған болашақтағы мөлтекаудан түсіру жоспарланған жер бар.

Бірақ, ол жерден учаске берудің өз тәртібі бар. Жеке тұрғын үйлерге берілетін жер учаскелері тиісті коммуникациялық желілер, инфрақұрылым жүйелері тартылғасын ғана берілуге жатады. Бүгінде елімізде жер учаскесін жеке меншікке беруге мораторий болғандықтан, нақты қашан берілетіні белгісіз.

– Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандар және шаруашылықтар жайында айтып беріңізші. Қанша мал шығыны болды? Кәсіпкерлерге де беріліп жатқан көмек бар ма?

– Құдай сақтасын, ауыл округте су тасқыны орын алған кезде мал және жан шығыны орын алған жоқ. Жеке тұрғын үй иелерінен мүліктерін қайта қалпына келтіру жайында өтініш-шағымдар түскенмен, кәсіпкерлік нысан иелерінен ондай арызданғандар болған жоқ.

– Жаңа осы жаққа келе жатып Бадам өзені жағалауына соғып едік. Жағадағы «су қорғау аймағына» жататын жерде, тіпті өзен суы ернеуіне дейін құрылыстан шыққан қоқыс тасталыпты. Жаңа тұрғын үй салу процесі табиғатты ластау есебінен жүргізілуі қаншалықты көңілге қонымды? Бұл мәселе бұдан кейінгі су тасқындарынан етектегі елдің зардап шегуіне соқтырмай ма?

Иә, ондай оқиғалар орын алды. Оның себебі мынада, су тасып, ел әбігерге түсіп, абыр-сабыр болып жатқан кезде зардап шеккен тұрғын үйлердің қажетсіз қоқыстарын тездетіп шығару керек болды да, ең жақын, әрі бостау кеңістік іздегенде сол жерге тасталғаны рас. Қазір біз ол жерге құрылыс қалдықтарын қайта тастамау және ол жерді тазалау жұмыстарын жүргізу жайында  мердігер мекемелерге қатаң түрде ескерттік. Құрылыс қалдықтары мен қоқыстарды арнайы бөлінген жерге немесе су шайып кеткен шұңқырларға тастау жайында түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. «Су қорғау аймағында» тасталған қоқыс қайта шығарылады. Сондай-ақ, Бадам өзенінің шайылып кеткен жағалауларының кей жерлерін нығайту мақсатында жағалауға тасталған бетонды қоқыстар трактормен сырылып, тегістелетін болады.

Киелітас ауыл әкімдігі

«ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІНІҢ КӘСІБИ БІЛІГІ ПІСЕДІ»

– Селдің алдын алу және қайта болдырмау мақсатында жұмыстар атқарылған болар? Нендей шаруалар атқарылып жатыр?

– Әрине.Бүгінгі таңда су тасқынының алдын алу және сел осылай қайталанбас үшін қашыртпа су ағынына арнап 9 шақырым ирригациялық арық қазылды. Қолда бар атыздар тазаланды, қоқыстары шығарылды. Алдағы уақытта арық-атыздың тазалығы ұдайы қадағаланып тұратын болады.

– «Тас түскен жеріне ауыр» деген бар. Апаттан кейін елдің күпті көңілі қазір сейілген болар. Дегенмен, елмен жұмыс жүргізу қиын. Әкімдік қызметкерлеріне «Әдеп» кодексі талаптарында сыпайы да сабырлы болу тапсырылған. Төтенше жағдайда мемлекеттік қызметшілердің әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларын сақтау қиын болып жатқан жоқ па?

Үйлері мен қора-қопсыларының қабырғалары тасқын салдарынан сызаттанған кейбір тұрғындар да жеке мақсат-мүдделерін ойлап, мемлекет қаржысына жайларын жөндетіп немесе қайта салдырып алғысы келетіндер кезігіп жатыр. Теріс пиғылмен әкімдікке келіп күнделікті дау-шар туындатып жататындар бар. Қоныстарын су шайған тұрғындардың қайғысымен бөлісудің орнына, «мен де сондай жаңа үй салдырып, өкімет тарапынан алып қалсам» дейтін, материалдық мүдде көздейтін теріс пиғылдылар қай кезеңде де қоғам ішінен табылады. Оларға да біз түсіністікпен қарап, ауыл әкімінің тапсырмасына орай, арнайы түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп отырмыз. Бұл да біздің әкімдік мамандарына қосымша күш пен уақыт жұмсауға әкеп соғуда. «Мал ашуы – жан ашуы» демекші, қызметкерлеріміз тұрғындардың артық сөзі мен эмоцияға берілген қате пікірлеріне барынша сабырлықпен қарап, төзімдік танытып, мәселелерін шешуге әрекет жасап келеді. Бұл – біріншіден біздің міндетіміз болса, екінші жағынан, мемлекеттік қызметшілерлердің әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларын қамтитын «Әдеп» кодексінің тәртібі, үшінші жағынан төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға рухани жағынан морольдік қолдау деп түсінемін. Осылайша, төтенше жағдайдан да мемлекеттік қызметшінің кәсіби білігі пісе түседі.

– Әңгімеңізге рақмет! Ауылыңыз ертерек қалпына келіп, тұрғындар қуанышқа кенеле берсін! Еліміз тосыннан келетін төтенше жағдайлардан аман болғай!

Сұқбаттасқан С.Дүйсебайұлы

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика