2024-09-22

Ел болашағына сенім ұялатқан жас әкім

Еліміздің президенті Қ. Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы тек қана жоғары биліктегілерге арналған десек, жаңылысамыз. Ол атқарушы биліктің барлық буынында жүзеге асуы тиіс. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Алтынтөбе ауыл округінің әкімі Данабек Әлібаевтың жұмысын бақыласаңыз, мемқызметшінің жаңа келбетін көресіз. Елгезек ауыл әкімі, әсіресе, облыстың таулы аудандарында орын алған су тасқыны кезінде ерекше көзге түсіп, ел алғысына бөленді.

Д.Әлібаев мемлекеттік қызметке 2010 жылдың қаңтар айынан бастап араласып, еңбек жолын Қазығұрт ауданындағы Алтынтөбе ауыл округі әкімі аппаратында есепші болып бастаған. Одан кейін 2013 жылдың басынан ауданның қаржы саласында елеулі қызмет атқарып, 2018 жылдың тамызына дейін аудандық бюджеттің атқарылу саласында жетекші маманнан бастап, мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншіктерді басқару секторының жетекшісі секілді түрлі лауазымдарды атқарған. Мемлекеттік қызметтің жергілікті бюджет саласының қыр-сырына қаныққан жас маман 2018 жылдың тамызында аудандық депутаттардың келісімімен Алтынтөбе ауыл округіне әкімдікке сайланады. Содан бері екі жылға жуық мерзім ішінде ауыл тұрғындарымен етене араласып, баласындай болып кетті.

«Елмен етене жақын» дейтініміздің де жөні бар. Данабек ауылға әкім болып барғалы 2 жыл ішінде біршама түйіннің күрмеуі шешіліп, ауылдың да келбеттеніп, ажарлана түскенін ауыл тұрғындары айта жүреді. Мәселен, осы уақыт ішінде жергілікті бюджет есебінен ауылдың жалпы ұзындығы 13 шақырымдай болатын 8 көшесі асфальтталған, Аққұм ауылынан жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілген, 5 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, қазіргі таңда жеке тұрғын үйлерге ендіру жұмыстары атқарылып жатыр. Ауыл округінде 9 мыңға жуық халық, жалпы жанұя саны 1316 болса, оның 900 отбасы көгілдір отын тұтынып отыр. Екі көше жарықтандырылып, Қаржан ауылында 2 шақырым, Орталық ауылында 1 шақырым аяқжол салынды.

Түркістан облысының таулы аудандарында орын алған су тасқыны және елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде «Біз біргеміз» акциясы аясында Данабектің тікелей мұрындық болуымен ауыл округіне қарасты елді мекен жастарымен бірлесе «Жақсылық жасаудан жарысайық» атты эстафета өткізілді. Шара барысында тұрғындардан 3 миллионға жуық қаражат жиналып, 128 отбасыға заттай көмек көрсетілді.

Ауылда тазалық жұмыстары ұдайы жүргізіліп, көгалдандыру шаруаларына да ерекше көңіл бөлінеді. Соның бір жарқын мысалы – ауыл орталығынан ашылған жаңа «Жастар саябағы». Бұл жерге егілген арша, қайың, қарағаш секілді ағаш көшеттері ауылға көрік беріп тұр. Сонымен қатар,іскер әкім тұрғындарды  жұмылдырып, ауылдың орталық клубы жанында тозығы жетіп қирап-қаңырап бос тұрған бастырманы реттеді. Қазір бұл жер жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына бағытталған спорт залына айналып отыр.

Алда келе жатқан тамыз айында әкім орнындығына отырғанына 2 жыл толатын Данабек Нұрмаханұлы осы уақыт ішінде осындай шаруалар тындырып, ауыл тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп отыр. Басқасын былай қойғанда, кешегі төтенше жағдай режимі ендірілген мезгілде қолына азық-түлігін көтеріп, аз қамтылған отбасылардың жанынан табылуының өзі не тұрады? Басқа әкім болғанда, бәлкім бір қызметкерін жұмсап, өзі жылы орнында отыра берер ме еді, осының өзі көңілге жылу сыйлайды екен. Елге қызмет ететін шағында желік қуып жүретін жастар арамызда көп қой. Өзі жас болғанмен, ел ішінен табыла білген бас боларлық Данабектей азаматтардың көбірек болғаны ел болашағына сенім ұялатады екен. Лайым, солай болғай!

С.Құдабай

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика