2024-09-20

Момбек Әбдәкімұлы: «ШЫМКЕНТ ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ КӨНЕ ҚАЛАЛАРДЫҢ БІРІ»

Биыл Шымкенттің 2200 жылдығына, әрі «ТМД елдерінің мәдени астанасы» аталуына орай, Шымкент қалалық Абай кітапханасы тікелей эфир арқылы «Екі мың жыл безбеніндегі Шымкент» атты танымдық дәріс ұйымдастырған болатын. Осы шара аясында байланысқа шыққан жазуышы, тарихшы, профессор Момбек Әбдәкімұлы шаһар тарихына қатысты біршама әңгіме қозғап, біраз мәліметтермен бөлісті.

«ҚОЛА ДӘУІРІНІҢ ОБА-ҚОРҒАНДАРЫ ШЫМКЕНТТІҢ КӨНЕ ҚАЛА ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕЙДІ»

Ең бірінші бастайтынымыз: Шымкент қаласы қашан пайда болды? 2200 жылдығы қалай дәлелденді? Оны кімдер дәлелдеді?

Негізгі тарихи әдебиеттерде Шымкент қаласы туралы алғашқы мәліметтер 1350, 1365-1366 жылдары Ақсақ Темірдің жазбагері Шарабиддин Яздидің жазбасында кездеседі. Онда Ақсақ Темір шығысқа баратын жорықта әскерін Шымхана дейтін қоныста тоқтатқаны жазылады. Бұл ең алғашқы жазба. Бірақ, басқа да археологиялық зерттеулердің нәтижесінде қала тарихы, пайда болуы тіпті арғы заманға барады. Қаламызды ең алғашқы зерттеушілер 1888 жылы Түркістан әуесқой археологтар жетекшісі Николай Астромов деген болған. Ең алғашқы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген осы археолог болатын. Оның тапқан заттарының барлығы біздің дәуіріміздің 8-10 ғасырларына жатқызылды деп есептелді. Одан кейін табылған жәдігерлер көне заманда пайда болғанын көрсетеді. Мәселен, 2003 жылы Шымкенттің ортағасырлық кезеңіне археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде біздің заманымыздың 2-3 ғасырларына тән жәдігерлер табылған. Белгілі археолог Бауыржан Байтанаев бастаған еңбектердің нәтижесінде қаланың 2200 жыл бұрын пайда болғаны дәлелденіп шықты. Міне, осындай нақты дәлелдемелермен Шымкент қаласы еліміздегі ең көне қалалардың бірі боп саналады.

Осы археологиялық, тарихи жұмыстармен көп адам айналыса бермейді. Көпшілігі тарихшылардың еңбектерін қарамайды. Сондықтан, көне тарихқа бару да археологтар үшін қиын жұмыс. Бірақ, жұртшылыққа көрінетін Шымкенттің өзінде ескі замандардан қалған белгілер бар. Оны да көпшілік байқамайды. Мәселен, Қапал батыр көшесінде Клара Цеткинмен қиылысатын жерде өзбектердің моласы жатыр. Кезінде ол үлкен төбе болған. Ондай төбе Дулати көшесінің бас жағында Рысқұловпен қиылысатын тұсында да болған. Бұрын «Күміс қақпа» деп аталатын жерде. Одан кейін Темірланға шыға беріс жолда «Темірші Әулие» деген жеріміз бар. Ол да үлкен төбе болып, кейін тегістелген.

Бұрынғы жазбаларға қарағанда қырқыншы, 1950-жылдары Жангелдин көшесі түсіп, үйлер салына бастағанда Қарасу өтер тұста үлкен төбе тұрған. Оны да үйлерді салғанда тегістеп жіберген. Одан соң 1941 жылы Қошқар атаның жағасынан қазіргі «Пресс автомат» зауытының орнында да үлкен төбе болған. Сол жылы Воронеждан зауыт көшіп келіп, орныққанда бұл төбе де тегістеліп кеткен. Бұл төбелердің барлығы көне замандардан қалған. Біздің заманымыздан бұрын қаңлы, үйсін тайпалары мекен еткен өңірлер бұл. Әсіресе, таулы аудандарда Түлкібас, Төле би, Қазығұрт, Сарыағаш ауданының шығысындағы сияқты табиғаты көркем аймақтарда үйсін мен қаңлы тайпалары қоныс тепкен. Облыс бойынша мұндай төбелердің саны 200-ден асады. Мұндай төбелердің барлығын заманымызға дейін 2-3 ғасырда өмір сүрген қаңлы, үйсіннің беделді адамдары тұрғызған. Былайша айтқанда, тайпа көсемдері, белгілі тұлғалар, байлар сол төбелерде отырған.  Міне, Шымкент қаласында бес-алтауы кездеседі. Көне қала екенін осындай төбелер дәлелдей түседі.

«САЙРАМДАҒЫ, ТҮРКІСТАНДАҒЫ СЕКІЛДІ ӘУЛИЕЛІ ОРЫНДАР ШЫМКЕНТТЕ ДЕ КӨП БОЛҒАН»

Киелі орындар оңтүстікте көп. Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауиден бастап арғы-бергі айналамыз қасиетті орындар. Ал, нақты Шымкент қаласында мұндай жерлер бар ма һәм табыла ма?  Сондай-ақ қаламыздың тарих таразысындағы алатын орны, маңыздылығы қандай?

– Шымкент өңірі һәм осы оңтүстік өлкесі күллі қазақтың арғы атасының көне қонысы. Мысалы, Түрік қағандығы, Қарлұқ, Қарахан хандықтары осы Шымкентті мекендеген. Қазақ даласына ислам діні Өзбекстан арқылы Шымкентке келіп, Сайрам, Түркістан арқылы Қазақстанның басқа жерлеріне тараған. Бұған қатысты да дау тудырмас дәлелдер бар. Мысалы, Сайрамдағы, Түркістандағы әулиелі орындар бар ғой, сол сияқты Шымкентте де көп болған. Нақтырақ айтсақ, Дәруіш баба дейтін әулиелі орын қазіргі Жангелдин көшесінің бойында болған. Кешегі 60-70-жылдарға дейін қорым сақталып, кейін сырып тастаған. Қожалардың шежіресінде Дәруіш бабаның баласы Қожа Ахмет Яссауидің замандасы делінген. Қошқар атаның әулиелік су болуы да Шымкенттің ислами құндылықтармен астасқан көне қала екендігін айқындайды. Әрине, Сайрам мен Түркістанға қарағанда діни орындар, әулие мекендер жөнінен Шымкенттің кейінірек екені рас. Негізінен, қолжазбаларға түспей, ел есінен шығып кеткен діни орындар көп.

Егер, Оңтүстікті айтар болсақ, Шымкенттен айналып немесе Шымкентті айтқанда Оңтүстікті атамай өтіп кете алмаймыз. Тарихта Шыңғыс ханның ХІІІ ғасырда бетбұрыс жасаған жойқын шабуылы Шымкент жерінде өтті. Дәл осы Шымкентке келгенде әскері екіге жарылып, бірі Отырарға, екіншісі Өзбекстанға қарай жылжыды. Ақсақ Темірдің қанқұйлы шайқастарының бәрі Шымкент төңірегінде болған. Міне, осындай тарихқа қарап, Шымкент қаласының ілки заманнан-ақ қандай маңызды екенін байқауға болады.

Қазақ хандығының тұсында Шу өңірі шартты түрде осы оңтүстік саналған. Сонда хандық тудың тігілгені де Шымкент іргесінен алыс емес. Керей мен Жәнібектен Қасым, Мұрындық, Бұйдаш хандарда Сыр бойын, Шымкент өңірін қол астына қосуды біздің қаламыздан бастаған. Бұл өңірді жайлаған түбі алаштық тайпаларды қатарына қосқан. Тарихқа қарап көрсеңіз, сол заманда бізге ең күшті жау болған шығыстағы Моғолстан, Бұхар, Өзбек хандықтары. Осылармен өмір бойы Қасым хан, Есім хан алысып өтті. Әсіресе, Сыр бойы қазіргі Шымкент өңірін жайсаң, мәуелі жері үшін қаншама сұрапыл соғыстар өткізді. Міне, осыларды есі бар есті азамат болып, есімізге түсіріп, өлкенің ғажап тарихын ұғынсақ, санамызға сілкініс жасап, рухани өсе түсетін едік.

«ТАРИХТЫҢ БІЗ ҮШІН АШЫЛМАЙ ЖАТҚАН ҚАСІРЕТТІ ОҚИҒАСЫ БАР, ОЛ – 1884 ЖЫЛҒЫ «САЙРАМ СОҒЫСЫ»

Біздің төл тарихымыздың бүкпелі тұстары, айтылмаған ақиқаты қаншама. Осы біздің Шымкент тарихының да өзіңіз білген, айтылмай қалған тарихи тұстарын екшеп берсеңіз.

– Жалпы, тарих баршамызға белгілі болғанымен, нақтыланған қадау-қадау етіп зерттеу жұмыстарын жүргізу ақсап тұр. Әсіресе, ХҮІ-ХҮІІІ ғасырларды зерттеу жетіспейді. Мысалы, Мұхтар Мағауинның «Қазақ тарихының әліппесінде» кезең-кезеңмен жалпылай түрде атап өтеді. Оның арғы тереңіне үңіліп, әрбір оқиғасын зерттесек, біздің өлкенің де сырлы тарихы ашыла түсер еді.

Одан кейін, қазақ тарихында ең көп зерттелген қазақ-қалмақ соғысы. Нәтижесінде қалмақтар жер бетінен жойылып кетті. 1627 жылы Еділ бойына барып, 200 мың торғауытты жойып, орнығып қалды. Кейін қазақтың желкесінде 150 жыл жау болып, кіші жүздер алысып өтті. Сол жақтағы қалмақтар 1771 жылы отанына қайтамыз деп Шаңды жорықта қырылып кетті. Сөйттік те тарихшылар тек қалмақтармен соғысты халыққа дәріптей бастады. Қазақтың қалмақтан басқа жауы болмағандай ұғымды санамызға сіңіріп алдық. Әйтпесе, мен айтқан Қасым, Мұрындық, Бұйдаш хандардың басқа жаулармен алысуына том-том кітап жазуға болады. Біз тек жалпылай айта береміз. Көршіміз Ресейдің тарихы неге алға жылжып кетті? Өйткені, әрбір оқиғаны терең зерттеу жүзеге асты. Детальді дүниені тереңірек зерттеп, кеңінен насихаттайды. Сондықтан, оларға «Орыстар алға, орыстар жеңеді» деген ұғым сіңіп қалған. Бізге тарихты оқытпағаннан көбімізге жасқаншақ, бір-бірімізге жау, жалқау деген ұғым сіңіп барады.

Шымкенттің осы қазақ-қалмақ соғысына байланысты бір кілтипаны бар. Осыған дейін бұл соғысқа байланысты 40-50 кітап жазылды. Киноларымыздың бәрі де сондай болып кетті. Қыз Жібектің өзін сол кезеңге апарып тіреп қоямыз. Бірақ, қалмақтың ең көп жайлаған жері оңтүстік өңірі. Батыс Қазақстанға барып соғыспады немесе Ұлытауға бір-екі мәрте ғана барған. Ал, негізгі қанды қырғын шайқастардың бәрі де Түркістан обылысының аумағында өткен. Осы тұста тарихтың біз үшін ашылмай жатқан қасіретті оқиғасы бар. Ол – 1884 жылғы «Сайрам соғысы». Қазақтар мен қалмақтар 200 жылдан аса уақыт қырқысқан. Ең бірінші 1681 жылы үш рет Сайрамды ала алмай, төртінші рет келгенде қырғын болады. Бұл туралы ауыз әдебиетінде көп айтылды, десек те мән бермей қалдық. Кезінде қариялардың аузынан өз басым көп еститінмін. «Сайрам соғысы» – күллі қазақтың қабырғасын қаусатып кеткен. Өйткені, Сайрамда тек жергілікті халықтар соғысқан. Сол уақытта неге хандар келіп соғыспағаны белгісіз… Сайрамды талқандап кеткеннен кейін қалмақтар онда отырмай қайтып кетеді. Қалмақтың 100 мың қолы өзінен әлдеқайда көп Қытайды қатты састырған. Сонда қазақтар 1791 жылға дейін тыныш тұрады, қайта тиіспейді. Кейде біз ана ханды, мына көсемді мақтағанға құмармыз ғой. Анығында біздің тарихта әбден жеңіліп қалған соң, күш біріктіреді. Жаудың алдын-алу деген әрекеттер жоқтың қасы. Бұл – шынайы тарих.

«Әйтпесе, былай болар еді» деген қағида тарихқа жүрмейді. Біз тек тарихты зерттеуші, танушы ғана адамбыз. Соның өзінде байқағаным, біздің ел билеушілерден Керей, Жәнібек, Қасымға тең келетін, Абылайдан өзге ешкім болмаған. Осы екі аралықта қазақтың жүнжіп, қырғынға ұшырап қалғаны елдің билеушісі жоқ болғанынан еді.

Ал, 1745-1810 жылдардағы оңтүстіктің, Шымкенттің тарихы әлі күнге дейін күңгірт. Сол тарих оқытылмай қалды. Дәл осы кезеңде қоқандықтардан күш алған Жүніс қожа деген би Шымкент өңірін бағындырып алады. 1784-1807 жылға дейін билік құрғанда біздің өңір салық төлеп, күн кешті. Мұның ішінде Шымкенттің де төл тарихы жатыр. Жүнісқожадан кейін, бізді Қоқан басып алды. Қоқан басқыншылығы қалмақтың залымдығынан он есе артық болды. 1808 жылы 22 қазан күні Шымкентке 17 зеңбірекпен басып кіреді. Ташкент жақтан келген жаудың бетін қайтарып Ақпан, Тайлақ, Шөжек сынды батырлар қорғайды. Бірақ, қазақтың қаруы нашар еді. Ол кезде ортақ басшысы жоқ, әрбір ауыл-ауылдың өз биі сынды майда-майда билеушілер болды. Сөйтті де, біздің ортақ басшымыздың жоқ екенін аңғарып, басып алуды көздеді. Соның өзінде қазақ батырлары айтарлықтай қарсылық көрсетті. Дегенмен, өткелдерді тауып, басып кіріп, халықты қырады. Арасында соғдылықтарды жақын тартып, аман алып қалады.

«ҚОҚАНДЫҚТАР 34 ТҮРЛІ САЛЫҚ САЛҒАН, ЕҢ АУЫРЫ – «ҚЫЗ САЛЫҒЫ»

Тарих – толысу негізі, тәжірибемен қалыптасу баспалдағы ғой. Шымкенттің қала ретінде қалыптасуы қалай жүзеге асты? Әр кезеңдегі басып алғандардың тарихи кесірі мен мейірі қандай?

Қоқанның бізге алып келгені үкіметтік құрылым қалыптастырды. Оған дейін ауыл биі ру биіне, ру биі тайпа биіне бағынатын құрылымда жүргенбіз. Сөйтті де, қоқандықтар Шымкент қаласына даруға, Сайрам, Түркістан сынды кіші қалаларға хәкім тағайындаған. Шымқаланың өзі 9 датқалыққа бөлінген. Бізге қоқандықтар 34 түрлі салық салған, ең ауыры – «Қыз салығы». Дәл осы Қоқан билеген тұстағы шаһар тарихы үстел астындағы тығулы парақтай белгісіз. Қолымыздан келгенше айтып та, зерттеп те, кітап жазып та жүрміз. Жеке зерттеуімде Шымкентті басқарған даруғалардың тізімін тауып алдым. Архивтен ақтарып, әр деректің соңынан қуғанда Сарт Добағы мыңбасы 1814 жылдары, 1821 жылға дейін Сарт Абдрахман мыңбасы билеген. Одан соң, Рүстем аталық, Қырғыз Пардаш, Сарт Қыпшақ Орданашы, қырғыз Тұрағұл Пансат дегендер басқарғаны жазылған.

Шымкент тарихында 1821 жылы Тентек төренің үлкен көтерілісі болған. Ол 12-13 мың қол жинап, Сайрамды алып, сосын Шымкентті алады. Алты ай берілмей, соңында 15 мың қалың қол Ташкенттен келіп, Тентек төрені тұтқындайды. 1842 жылғы көтеріліс, 1858 жылғы Ордабасыдағы көтеріліс, одан кейін Бадамда қоқандықтарға және орыстарға қарсы екі көтеріліс болады. Осы соғыстардың барлығы Шымқала тарихының бай екенін көрсетеді. Тек жалпылай айтып жатқаныммен, оның әр-біріне тоқталар болсам, таң атып, күн батар еді.

Орыстар қазақтың 4 қаласын ғана соғыспен алған. Басқа ешбірін соғыспай, жәйлап ішіне кіріп алып, ана жерге, мына жерге бекініс салумен алған. Десек те, батыс өңірінде орыстарға көп қарсылық болған. Әйтсе де, Шымкент, Әулиеата сияқты қала өзге ешбір жерде болмады. Ортағасырлардан бері шаһарлар оңтүстікте орналасқан. Бірінші соғыспен алған қала – Ақмешіт. Кейінгілері Түркістан, Әулиеата және Шымкент. Міне, осы төрт қаланы қорғаған Қоқан хандығы. Бірақ, қоқан әскерінің көбісі қазақтар болған.

Шымкентті Черняев жаулағанда ішің ашиды. 1863 жылы Түркістанды жаулап алады. Сосын Мейр деген майор 400 әскерімен Түркістаннан Шымкентке қарай жылжиды. Бұл 1863 жылдың жаз айларында. Мына жақтан, 4 маусым күні Черняев Әулиеатаны алады. Ол да Шымкентке қарай бет түзейді. 16 маусымда Бадамға жақын Ақбұлақта Мейрмен күш біріктіреді. Сондағы ортақ 2500-дей әскермен қалаға келгенде, Шымкентті билеген Әлімқұл қыпшақ 16 мың әскермен тойтарыс бере алмайды. Өйткені, ортағасырлық, қолына қылыш алып шайқасқанды мылтықпен атып отырып, еркін жеңген.

Шымкентті орыстар алған соң батыстық үлгідегі қалаға айнала бастадық. 1865 жылдың 12 желтоқсанында қазіргі Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарын біріктірген Орынбор генерал-губернаторлығына бағынысты Түркістан облысын құрады. Орталығы Шымкент қаласы болады. Бұған Ташкент, Ходженд жерлері де қосылады. Облыстың алғашқы бастығы жаулап алған генерал Черняев болады. Бір жылдан кейін Романовский келіп, аз уақыттан соң Коловочев болады. 1867 жылы Петерборгта комитет Түркістан генерал-губернаторлығын құруға шешім шығарады. Оған Сырдария (Әулиеата, Шымкент, Қызылорда), Жетісу (Алматы) облыстары кірген. Генерал-губернаторы К.П.Кауфман тағайындалады. Орыстар келгеннен кейін, кәдімгі қалаға сай адам санын анықтап, мал басын тіркеп, жерді картаға түсіреді. Жер-су аттарының бәрін жазып қалдырады. Мұның бәрі тарих үшін өте пайдалы болған. Сырдария облысы құрылғанда 8595 шаршы шақырым жер аумағы, халқының саны 18047 адам болған. 1889 жылы Шымкент уезіндегі тұрғын саны 169435 қазақ болыпты. Бұл санақтан қалып та кеткендер болуы мүмкін.

1870 жылы Шымкентте 925 үй, 5150 адам болған. Орыстар жаулап алғанына бес жыл өткен соң 40 үй орыс болған. Бірақ, өзге бір мәліметте 1870 жылы орыстар 500-ге таяп қалған деп, оны жоққа шығарады. 1897 жылы жалпы санақ бойынша Сырдария облысында 835 432 адам, оның ішінде Шымкент уезінде 285 059 адам, онің ішінде қазақтар 224 407 адам, өзбектер 20 мың, украиндар 4388, орыстар 2236 адам жазылған.

Черняев Шымкентте генерал болған 1865 жылы қыс бойы жан-жаққа тыңшылар жібереді. Қай жерде орыс селосын орнатуды, қай өңірде қазақтың байлары отыр деген сынды мәлімет береді. Корнилов деген капитан: «Әулиеата мен Шымкенттің арасына судың жағасының бәріне орыс селосын салу керек», — дейді. Ақыры, дегендеріне жетті. Ол жерлердің атаулары бүгінде қазақша аударылса да әлі күнге солай деп атаймыз.

«БІЗ ШЫМКЕНТ ТАРИХЫН ТЕРЕҢ БІЛІП, КӨП НАСИХАТТАУЫМЫЗ КЕРЕК»

Енді қаланың құрылысына келсек, Ескі қаланың орны қайсы болды? Қала маңындағы алғашқы құрылыс, өндіріс, білім ошақтары қалай бой көтерді?

– Көз алдыңызға елестетіңіз, Шымкент – төбенің үстіндегі қорған, осында келіп қыстайды. Қара халық төменде қорғаннан сырт жатқан. Қазіргі, Қазыбек би көшесінің бәрі бос, Қырғы базардың орны теп-тегіс дала. Ескі қаланың орны Жангелдин көшесіне, бір жағы Түркістан көшесіне дейін, бір жағы «Дарханның» алдына дейін барған. Ең бірінші жаңадан түскен көше «Николай» деп аталған, қазіргі Қазыбек би көшесі. Одан кейін, 1866-67 жылдардан бастап ол маңға үйлер түсе бастайды. 1866 жылы Шымкентте алғаш рет полиция бөлімі құрылады. Сосын екі рота арнайы Шымкент қаласын күзететін әскер бекітіледі. 1868 жылы Қазыбек би пен Тәуке хан көшелерінің қиылысынан әскери казарма бой көтереді. 1870 жылы Қазалыдан 60 шаңырақ орыстар көшіп келген. 1872 жылы Қазыбек би көшесінің бойынан шағын би клубы  ашылған. 1886 жылы қазіргі «Шолпан» кафесінің орнында кітап жанашыры Самойловтың бастамасымен бір-екі бөлмелі кітапхана ашылады. Алғашында 250-дей дана діни кітап болсын, басқа болсын жинайды. Бұл алғашқы кітапхана. 1869 жылы қазіргі Пушкин кітапханасының орнында заманға лайық уезд орталығы салынады. Бас-аяғы 1870 жылдары 100-ге жуық ғимарат қабырғасы қаланады.

Мына фейсбукте «Шымкент забытый город» деген топ бар. Сонда орыстар айтады: « Жергілікті халыққа шалғымен шөп оруды біз үйреткенбіз» деп. Оған дейін сонда қазақтар шалғыны білмеген бе? Осындай отаршылдық пиғылмен жазатындар әлі көп. Сол үшін, біз Шымкент тарихын терең біліп, көп насихаттауымыз керек. 1868 жылы Тәуке хан мен Қонаев көшелерінің қиылысында алғаш телеграф үйі ашылды.

1875 жылы  Газесенский деген дін қызметкері Николай көшесінен (қазіргі Қазыбек) бір жылдық орыс мектебін ашады. Бұл қазіргі орнында тұрған 8-мектеп. Алғашқы орыс шіркеуі сол жылы сол көшедегі филормонияның орнына салынды. Шымкенттегі алғашқы саябақ 1884 жылы ашылды. Өзіміз көріп жүрген орталық саябақ. Алғашында – Патша бағы деп аталған.

1900 жылдары Қошқара ата мен Қарасудың бойында 26 диірмен болған. Сол жылдары 3 май сығатын, 5 тері өңдейтін, 15 тері өңдейтін, 15 қыш шығаратын, 15 темір ұстаханасы болыпты. Бұл – сол кездің өзінде үлкен жетістік, өндірістік шаһар болғаны көрінеді. Тіпті, 87 тері және ыдыс-аяқ 70 ұсақ-түйек лавкалары, 50 шайхана болыпты. Бұл деректердің бәрін Ташкент архивінен алып келгенде өзім де таң қалдым. Шымкенттің алғашқы гербі 1909 жылы жасалған.

1914 жылы орыстардың Шымкентті жаулағанына 50 жылдығына байланысты Шымкент уезі «Черняев» болып өзгертіледі. 1921 жылы қайтадан өз атауын алады. 1905 жылы Арысқа Орынбор-Ташкент бағытында теміржол салынғанда пойыз келді. Ал, Шымкентке 1915 жылы 6-қарашасында Арыстан Шымкентке екі вагонды пойыз жүрген. Ешкім ойламайтын тарих, былай қарасаң.  

1897 жылы Шымкент халқының саны 11094 адам болған. 1911 жылы қалада 15756 тұрғын бар деп көрсетілген. 1911 жылы қалада 2 православ шіркеуі, 40 мешіт-медресе, 3 училище, 2 түзем мектебі, 20 мұсылман мектептері болған. 1917 жылы Шымкентте 3017 үй болған деседі. Бұл –қаламыздың бұрыннан ірі болғанын көрсететін нақты деректер.

Қорыта келгенде, біздің қалада тұрып келген ата-бабаларымызды Қоқан хандығы көп шеттетіп, бездіріп жіберген. Небір заманның теперішінен өттік, неше түрлі қиындықтар қайта-қайта келіп соқты. Соның бәрінен өтіп келеміз де, артымызға қарағанда Кеңес үкіметіндегі колхоз-совхоздағы жадау-жүдеуді көреміз. Сөйтіп, біздің ата-бабамыз сондай болған деп мүләйімси қаламыз. Әйтсе де, әр заманның өз жетістігі болды. Барлығы кедей-кепшік болмады, не түк білмей сайдың қуысында жатқан жоқ. Қазақтың болмысы тарихпен астасып жатыр.

Тарихи дерегі мол, танымдық сұхбатыңызға рақмет айтамыз!

Сұхбатты дайындаған Әзімбек Қойлыбай

Яндекс.Метрика