2024-09-20

ҚЫРКҮЙЕККЕ ДЕЙІН ТАСКЕНДЕ 9 ТРАНСФОРМАТОР ҚОЙЫЛАДЫ

Электр жарығы бойынша, Қаратау ауданы тұрғындарының 80,1 пайызы сапалы электр қуатымен қамтылған болса, қалған сапасыз электр жарығымен қамтылған 19,9 пайызы, немесе 9 мыңға жуық тұрғын үй жеке меншік желіде отырғандар. Мемлекет тарапынан электр қуатымен қамтылмаған елді мекендер: Азат, Асар, Тассай, Достық, Қайтпас, Тұран шағынаудандары және Өтеміс, Таскен, Қайнарбұлақ тұрғын алаптарында. Яғни, аталған мекендерде толығымен жұмыстар басталған.

Мысалы, Азат шағынауданында биылғы мамыр айында электр желілерін тарту жұмыстары қолға алынып, «А. Мерей и К» ЖШС жүргізіп жатыр, алдағы тамыз айында аяқталады. Ал, Асар-2 шағынауданында жарық жеткізу жұмысы 2019 жылы басталған, биыл мердігер мекеме «РесСтрой Алматы» ЖШС толық қамтамасыз ететін болады. Тассай тұрғын алабында «Ынтымақ Бесарыс» ЖШС 2019 жылы жұмыстарын бастап, 2020 жылдың тамыз айында халық игілігіне толық тапсырмақ.

Сондай-ақ, «Тұран» шағынауданында электр жарығының 10кВт-ты құрайтын магистральді желісі қазіргі таңда «АБН Билдинг» ЖШС тарапынан жұмыстары басталды, жобаның жалпы құны 2 млрд 268,9 млн теңгені құрайды, биылға 256,3 млн теңге қарастырылған, жоба 2021 жылға өтпелі. Ал, Өтеміс пен Шапырашты тұрғын алаптарындағы электр қуатын жеткізу жұмыстары 2019 жылы басталған, биыл іске қосылады деп күтіп отырмыз.

Таскенде де «Оңтүстік Жарық-Транзит» ЖШС-ның инвестициялық бағдарлама бойынша жұмыстар атқарылып, 2019 жылы 3 трансформатор қойса, биылғы қыркүйек айына дейін 9 трансформатор қойылатын болады. Бұл шаруалар қазір басталып кетті, ол мақсатта жергілікті бюджеттен бір тиын да бөлінген жоқ, мекеменің жеке инвестициялық жобасы аясында шешімін тауып жатыр. Және, Қайнарбұлақтағы жеке сектордан электр қуатын пайдаланып келген үйлерді мемлекет есебінен қамту шаралары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2021 жылы басталатын болады.

А.Парманов

Шымкент қаласы, Қаратау ауданы әкімінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі  орынбасары

Яндекс.Метрика