Ұлттық сусындар

tories/ 2.jpg» border=»0″ align=»right» />Сүт — барлық жастағы адамдар үшін жұғымдылығы жоғары, оңай сіңетін өнім. 100 грамм сүтте 3 грамға жуық белок, көптеген мөлшерде оңай сіңірілген кальций мен фосфор қосындылары, сондай-ақ белгілі мөлшерде А1, В2, Д дәрумендері бар. 100 грамм сүт ағзаға 60-қа жуық килокалория береді екен. Сүттің пайдасы шаш етектен.

Адамзат баласы дүниеге келген кезде әуелі ана сүтін қорек етеді. Ана сүті өмірге келген жас сәбидің дамып, өсуіне ықпал етеді. Себебі, оның құрамында балаға қажетті элементтер бар.

Жас сәбиге сүт қаншалықты қажет болса, үлкен адамдарға да соншалықты қажет. Сүт құрамындағы ақуыз тырнақ, шаш өсімін жақсартып, сүйектердің қатайып, мықты болуына әсер етеді.Күнделікті майлылығы төмен сүт өнімдерін пайдалану ас қорыту жүйесін жақсартады.

Айран

Сүт те бар элементтер айранда да бар. Сондай-ақ, айранда ағзадағы зат алмасу жүйесін жылдамдатады. Артық салмақтан арылуды көздейтін жандар күніне 1 стакан айран ішсе, діттеген мақсатына жете алады.Әсіресе, айранды кешкі уақытта ішкен пайдалы.

Қазақтың ұлттық сусындарының (айран, қымыз, сүт, шұбат) адам денсаулығына тигізетін пайдасы орасан зор. Бабаларымыз қадірлеген жылқы малының сүті – қымыздың емдік қасиеті бар екендігі ежелден мәлім. Дені сау адамның ағзасы бір тәулікте орта есеппен 50 мг С дәруменін қажет етсе, бір литр қымыз құрамында 200-260 мг С дәрумені бар екен. Қымызда сонымен қатар сөл бөлу және жүрек жұмысын жақсартатын В тобындағы В(1), В(2), В(3), оның ішінде қанның жасалуына қатысатын В12 дәрумені және ағзадағы тотығу-тотықсыздану реакцияларына әсер ететін С тобы дәрумендері,     сондай-ақ, А тобы дәрумендері кездеседі.

Шіріткіш микробтарға, ішек таяқшаларына және сарғыш стафилококтарға қарсы жойғыш күші бар қымыз – туберкулез, сүзек, дизентерияға, дифтерия бактерияларына тосқауыл қояды. «Ауруға – ем, сауға – қуат, дәрі қымыз» – деп Жамбыл атамыз жырға бекерден-бекер қоспаса керек. Ал Ақтамберді жырау болса: «Биенің сүті сары бал – қымыздан асқан дәм бар ма?» деп тамсанған. Өйткені, қымыз қазақ халқының ұлттық тағамдарының ішіндегі ең құрметті дастарқан дәмдерінің бірі.

                                                       Шұбат

Қазақ түйе малын да ерекше қастерлеген ғой. Сондықтан да түйе сүтінің емдік қасиеттері бағзы заманнан бері белгілі. Шұбатты бабаларымыз өкпе, асқазан ауруларымен қатар түрлі созылмалы дерттерге, жалпы ағза әлсірегенде, әрі уланғанда емдік қасиеті жоғары мал өнімі ретінде пайдаланған. Ең алдымен шұбаттың емдік қасиетіне тоқталатын болсақ, бір литр шұбат адам ағзасын тәуліктік қажет ететін дәрумендермен және басқа микроэлементтермен толық қамтамасыз ете алады.

Шұбатта табиғи иммундық қасиеті адам денсаулығына пайдалы түйіршік белоктар бар. Отандық және батыс ғалымдарының мәліметтері бойынша, алты ай бойы күнделікті астан 30 минут бұрын бір литр шұбат ішкен жағдайда оның ісік, тыныс алу, ас қорыту жолдары және жүрек-қан тамыры сияқты ауруларды емдеуге ықпал жасайтындығы тұжырымдалған. Қос өркешті «шөл кемесі» түйе жануары беретін шұбаттың жөні бөлек. Құрамының элементтерге байлылығынан шұбат қымыздан да асып түседі. Мәселен, қымыз құрамындағы ақуыз мөлшері 2,3-2,9% болса, шұбаттағы ақуыз 2,91-4,93% мөлшерінде. Қымыздың майлылығы 1,3-2,5% болса, шұбат одан да майлырақ ─ 8-9%. Шұбаттың құрамында С дәрумені де молырақ. Түйе сүтінің құрамында кальций (0,13 -0,21%) мен фосфор (0,05-0,072%) секілді микроэлементтер де кездеседі. Бірақ құрамындағы көміртегі жағынан шұбаттан (1,07-1,78%) гөрі қымыз (3,6-7,3%) бай. Осылармен қатар шұбатта А, В, С дәрумендері, мыс, мырыш, күміс, темір, кремний, магний, кальций, алюминий микроэлементтері де жетерлік.

Лаура  Байконсова. Ұлттық салауатты тағамтану ораталығының Оңтүстік Қазақстан облыстық департаменті.

«Қызмет» ақпарат.

{jcomments on}

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика