2024-09-20

«ШАЛҒАЙ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕГІ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ШЕШІЛЕДІ»

Әл-Фараби ауданындағы 195-ші орам жақтың жер учаскелерінің мақсаты жеке тұрғын үй құрылысына емес, шаруа қожалықтарын құру үшін берілгені рас. Бірақ, ондай мақсатта берілген учаскелерге тұрғын үй салуға болады. Өйткені, жер мақсаттарының «шаруа қожалықтарын құру» мен «ауыл шаруашылығы үшін» дегеннің екеуі екі бөлек. «Шаруа қожалықтарын құру» деген жер мақсаты бар учаскеде шарашылық құрып, құрылыс сала аласыз, ал «ауыл шаруашылығы үшін» деген мақсаттағы жер учаскесінде олай ете алмайсыз, тек егін егесіз.

Сол үшін де, кезінде Сайрам ауданына қарап тұрған уақытында мына шетіндегі 196-шы орам және арғы бетіндегі 276-шы орам болса, екеуінен де 600-ден 1200 жер тұрғындарға телімі берілген. Егер, сол орамдардан учаскеңіз болса, жердің нысаналы мақсатын ЖТҚ-ға ауыстырып алуға болады. Оны Жер басқармасы шешеді.

Ал, енді 276-шы орамға келетін болсақ, былтыр демеушілер есебінен 160 трансформатор, 28 бағана қойып, 153 үйге электр жарығын кіргіздік. Сосын, арғы жағынан 450 метрден 3 үйге ауыз су кіргізіп бердік. Сол 3 үйден 10 үй таратып алды да, содан қазір 153 үй су ішіп отыр, төлемақысын ортақ төлеп жатыр. Осылайша ауыз су мәселесін уақытша шешіп бердік. Ал, толық шешу үшін ауыз су жүйесінің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалып болды, қазір экспертизасы қаралып жатыр. Ол жұмыстарға қалалық энергетика басқармасы жауапты, біз адам саны мен қосылу сызбасын әзірлеп бердік. Құдай қаласа, келесі жылы су, газ, электр жарығының құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Сонымен біздің аудандағы шалғай елді мекендердегі біраз мәселелер шешімін табады.

Ирригациялық жүйе – біздің ауданның да басты мәселелерінің бірі. Жауын жауа қалса, кей жерлердің ирригация жүйелерінде су дұрыс ақпайды, немесе толып, тасып жатады. Бұның барлығы кезінде жақсы істеп тұрған жүйе болған. Өкінішке қарай, 1990-2000 жылдары жерлер жеке меншікке қалай болса солай беріліп, кәсіпкерлік нысандар салынып кетті, лотоктар жабылып, су ағатын жүйе бұзылған. Осы ретсіздікті нақтылау бойынша үлкен талдау жұмыстарын жүргіздік. Біршама ирригациялық жүйелерді қалыпқа келтіру жайында ұсыныс бердік. Оның ішінде біразы биыл қолға алынды. Талдау нәтижелері көрсеткендей, ауданның орталығындағы 7 жерде су жиналатын еді, қазір ол жетеуінің де мәселесін шештік. Одан бөлек, Көксайда, Забадам секілді шағынаудандарда сондай су жиналатын 2-3 жер болатын, олар да шешіліп жатыр.

Қанша шақырым ирригациялық арық-атыз қажет екені жөнінде ұсынысымызды бердік. Қазіргі таңда Энергетика басқармасы тарапынан қаржы қаралып, тиісті мемлекеттік сатып алулар ұйымдастырылды, жұмыстар басталды. Ағын су өз ағынымен ағып кететін болады, насоспен тартатын жерлер болмайды. Ол ирригациялық жүйелердің бірі Қошқар атаға, бірі Қарасуға қосылса, келесі бірі орталық қашыртпа арнаға құяды. Қаланың орталығы болғандықтан, биыл ауданда бұл мәселе шешіліп жатыр.

Ғ.Мәуленқұлов

Шымкент қаласының Әл-Фараби ауданы әкімі

Яндекс.Метрика