2024-09-20

ШЫМКЕНТ ЕЛІМІЗДІҢ ГАЗДАНДЫРУ ДЕҢГЕЙІ ЖОҒАРЫ ӨҢІРЛЕРІ ҚАТАРЫНДА

Шымкент қаласының 92,1 пайызы табиғи газбен қамтылған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев айтты. Министр өз сөзінде елді газдандыру артып келе жатқанын айтты.

«Елді газдандырудың 2015-2030 жылдарға арналған бас схемасын іске асыру аясында жыл сайын мемлекеттік бюджеттен газдандыруға қомақты қаражат бөлінеді. 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елді газдандыру деңгейі 51,47 пайызды құрады немесе 9,5 млн адам көгілдір отынға қол жеткізді. Осы жылдың қорытындысы бойынша газдандыру деңгейін 53,07 пайызға қол жеткізу күтілуде. Бұл 2015 жылғы деңгейден 10,07 пайызға артық. 2015-2020 жылдар кезеңінде газдандырылған елді мекендердің өсімі 286 бірлікті, халықтың өсімі 2,4 млн адамды құрайтын болады», — деді ол.

Нұрлан Ноғаев 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша газдандыру деңгейі 90 пайыздан асатын неғұрлым газдандырылған өңірлерді атады.

Мұндай өңірлер қатарына кіретін Атырау облысы – 99,6, Маңғыстау облысы – 99, Алматы қаласы – 98,8, Батыс Қазақстан облысы – 96,2, Шымкент қаласы – 92,1 және Ақтөбе облысы – 90,1 пайыз газдандырылған. Жалпы, 2025 жылы елімізде газдандыру деңгейі 60 пайызға жетіп, 2120 елді мекен немесе 11,7 млн тұрғын қосылады.

Шымкент қаласындағы көгілдір отынмен қамтамасыз ету көлемін одан әрі арттыру үшін АГРС-3 нысанын салуға шешім қабылданған болатын. Бүгінгі күні «StroyGazCompany» ЖШС «Автоматтандырылған газ тарату станциясы (АГРС-3) өткізу қабілеті 250000 м3 /сағ болатын объектінің құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде 92,1% табиғи газбен қамтылған қала тұрғындарының саны артпақ.

Айта кетейік, АГРС-3, магистралды «Қайнарбұлақ», «Асар-2», «Алтынтөбе», «Достық» пен Бадам (195 орам), «Азат» шағынаудандарында барлығы 8 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. АГРС-3 нысаны жыл соңына дейін іске қосылып, тұрғындарды сапалы және үздіксіз табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Яндекс.Метрика