2024-09-20

КОММУНАЛДЫҚ-ТҰРМЫСТЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫ ПАЙДАЛАНУДА АБАЙ БОЛУДЫ ЕСКЕРТЕДІ

Шымкент қаласының аумағында 2020 жылдың қараша айында 3 жарылыс орын алған. Барлығы – Қаратау ауданы аумағында. Бұл туралы Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Нұрболат Дербісов мәлімдеді.

Соңғы келеңсіз жағдай 21 қараша күні Қайнарбұлақ саяжайында болды. Жеке үйдің ас бөлмесінде газ шығуынан жарылыс орын алып, нәтижесінде зардап шеккен 37 жастағы азамат жансақтау бөлімінде жатыр. Төтенше жағдай департаментінің мамандары жарылыстың себебі – үйдің ауласындағы 3 тонналық газ резервуардан асхана бөлмесіне газ тартылған, ал ол резервуар жобалық-сметалық құжаттары жоқ, өз бетінше орнатылған деп мәлімдейді. Резервуар үйден 30 метр қашықтықта, жердің үстінде орнатылған, қауіпсіздік шаралары мүлде сақталмаған.

Жалпы, ТЖ Департаменті қызметкерлері аталған оқиғалардың алдын алу мақсатында, қалада орналасқан жеке және көп қабатты үйлердің аулаларында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескертпе қағаздарын таратуда, оған қоса жылу беру маусымы кезеңінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және иіс газынан уланудың алдын алу туралы түсіндіруде.

Бұған қоса 15 тамыздан бастап, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға 507 газ-дабыл қаққыштары орнатылып, 190 үйдің түтін жолдары механикалық тәсілмен тазартылды, пеш мұржалары мен газ қазандықтары тексерілді.

Осыған орай ТЖ департаменті қала тұрғындарынан өрт қауіпсіздігін сақтануды сұранады.

Яндекс.Метрика