Ғашықтық

                                                                            Ғашықтық

Қоғамда  болмаса өз ортаңдағы достардың арасынан әсіресе жастарда сезім туралы әңгімелер көп айтылады. Яғни, қыз бен жігіттің арасындағы ғашықтық. «Мен ғашық боп қалдым», «бір көргеннен ұнаттым», «сұлулығы баурап алды», «оны ойлай беретін болдым» деген сөздерді естіп жатамыз. Осы шын ғашық адамның сөздері ме? Ғашық адам қандай болды? Немен шектеледі? Сезімінің күші қаншалықты?

Біреулер ғашықпын,  сүйемін деп жүреді де, ертең қарасаң басқамен қол ұстасады. Демек, бұл жалған махаббат болғаны да. Ол біреуді емес, өзін алдаумен жүрген жан. Тұрақсыздық  жалғандықтың айналасынан шығармайды, адамды көтермейді де, қайта төменге тарта беретін болады. Одан да бір жанға арнала білген дұрыс шығар. Адамға арнала білсең уақыт өте келе бір нәтиженің болары сөзсіз. Бәрі де жақсылыққа ұласуы әбден мүмкін. Ал, мүмкін емес жағдайда ше? Қыз немесе жігіт болсын өзінің сүйгенімен қаншама бақытты күндерін өткізіп, ұзақ уақыт бауыр басып, ол адам өмірінің бір бөлшегіне айналып кетті делік. Ал бір күні сүйгенің өзге біреудің жарына айналып кетті, бұндай жағдайлар да көп қой, екінші сыңардың қиналып, қайғырып, ұмыта алмай жүретіндері де бар. Меніңше, оны ұмыту жөн секілді. Неге дейсіз ғой! Ойлаңыз ол өзгенің жары болды, демек ол сенің бақытың болмағаны ғой. Ол өзгеге арналған жан. Шынымен де бақытың болса, бұйырған кетпес еді. Қайғыра бергеннен келмейді ғой, одан да бақытын тілеп қала берген дұрыстау. Сенің бақытың ол болмайды ғой, демек сенің жарты  бөлігің енді кездеседі. Алғашқы махаббат деп қатып қалудың да қажеті  шамалы.

«Емен ең берік ағаш. Оның беріктігін мынадан білуге болады: өзге ағаштардың жапырағы  түсіп жатса, емен ағашының жапырақтары қыста да бүлк етпейді, тек көктемде бұтақтарында жаңа, жас бүршіктер қылтиып бас жарғанда ғана олар орын босатып, жерге құлайды. Мықты жүректі мекендеген ескі махаббатта осыған ұқсайды – өшсе де орын бермей, қоламталанып, жатып алады. Оны жалынды жаңа махаббат қана тықсырып шыға алады» — деп жазыпты Тургенов. Қиналсаңыз осыған сүйеніңіз, шындыққа ұласады. 

                                                                                                                                           Үсентаев Жарылқасын «Қызмет» газеті 

          

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика