2024-09-20

СЫРТҚЫ ЖАРНАМА ТЕК КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ АҚПАРАТЫ ҒАНА ЕМЕС, ҚАЛА КӨРКІНЕ ӘСЕР ЕТЕТІН НЫСАН

Сыртқы жарнамаға рұқсат беру тәртібіне тоқталайын. 2019 жылдың қаңтарында «Жарнама» туралы ҚР заңына өзгеріс енгізілген. Сол өзгеріс енгізілгенге дейін біздің алдымыздағы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан 1 жылға дейін рұқсат беретін еді.

Қазіргі уақытта өзгеріс енгізілуіне орай, жарнама орналастырушылардан орнатылатын жарнама бойынша хабарлама беріледі. Сол хабарламамен берілген жарнамаларды ғана аламыз да, салалық органдарға мәлімет беріп тұрамыз. Бірақ, бұл қызмет өкінішке қарай мемлекеттік қызметтер санатына жатпайды. Тек хабарландырумен ғана жұмыс жүргізіледі.

Өздеріңіздер де білесіздер, қазіргі уақытта қалада көптеген жарнама нысандарында құқық бұзушылықтар орын алатын жағдайлар көптеп кездеседі. Мәселен, кіші коммерциялық нысандардың кіреберісіне, қабырғаларына ешбір рұқсатсыз, басқада құжаттарсыз іліп қоятындар көп. Осы мәселе бойынша біздің мамандар қаланың аудан әкімшіліктерімен бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ол жөнінде арнайы іс-шара бекітілген. Түсіндіру жұмыстары кезінде ҚР заңдылықтары: «Жарнама туралы», «Тіл туралы», және өзге де заңдар талаптары түсіндіріледі.

Түсіндіру нәтижесінде бейберекет орналасқан жарнама иелері жарнамаларын алып тастайды. Жалпы, жыл басынан бері осындай рұқсатсыз жарнама орнатқан 2700-ден аса нысандар анықталған болса, оның 2300 шамасындағы нысандарында жарнамалар орнынан алынған. Ал, қалған нысандар бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Егер, «Тіл туралы» заңның талаптары бұзылатын болса, біздің мекеме уәкілетті орган емеспіз, бірақ, түсіндіру жұмыстарын атқаратын болғандықтан жанамалап қана әсер етуіміз мүмкін. Жалпы, тіл жайындағы заңдылылқтардың орындалуына уәкілетті орган – қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы. Сол басқармамен келісіліп атқарылатын шаруалар бар.

Ә.Ө.Үлесбеков

Шымкент қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы

Яндекс.Метрика