Еңбегімді арнаймын туған елге!

      Тағы да бір той өтті. «Ақ орда» шаруа қожалығының төрағасы, «Құрмет» орденінің иегері, майталман мақташы Тұрғанбек Қанаев 60 жасқа толған мерейтойын дүркіретіп өткізді. Ел ағалары ақ тілегін айтты. Өнер адамдары Тұрекеңді «біздің әріптес» деп тойлады. 
      Бірақ біздің айтпағымыз басқа. Мерейтой қарсаңында Тұрғанбек Қанаев өзінің жыр кітабын жарыққа шығарды. «Еңбегім туған еліме» деп аталатын жыр жинағы Шымкент қаласындағы «Кітап» баспасынан жарық көрді. Жас кезінен-ақ жүректі шымырлатқан сезім күйлерін ақ қағазға өрнектеп отыруды әдетке айналдырған Тұрекең солардың ішіндегі ең таңдаулы дегендерін кітапқа қосты. Аңқылдап қалған ақ көңіл азаматты біраздан бері білетіндіктен кітапқа редакторлық жасадық. Себебі, Тұрғанбек Қанаев 50 жасқа толғанда ауданда жаңадан шығып жатқан «Шарайна» газетінде ол кісі туралы көлемді очерк жаздық. Иелігіндегі мақталықтан мол өнім алып, ел экономикасының артуына лайықты үлесін қосқандықтан Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденін кеудесіне қадады. Бір адамның емес, бір ауданның қуанышы болғандықтан ол кісі туралы облыстың бас газеті «Оңтүстік Қазақстанға» «Туған жерге туын тіккен» деген мақала жаздық. 
        Өмірде мынау қас-қағым,
        Қалса деп жүрмін жақсы атым.
        Адам боп келдім өмірге,
        Адам боп өту мақсатым, — деп шумақтағанын сол кезде естідік. Және бұл төрт ауыз сөз Тұрекеңнің өмірлік ұстанымы екенін де байқағанбыз. Жұмысымыздың өзі жаңалықтың жаршысы болғандықтан ол кісінің әрбір қол жеткізген жетістіктерін газет бетінде жариялап отырдық. Сонымен бірге жаңа өлеңдерін алдымен бізге әкеліп көрсететін. Ай құрғатпай десек артық айтқандық болар, әйтеуір аудандағы қос газеттің бетінде Тұрғанбек Қанаевтың өлеңдері жиі-жиі жарық көріп отырғанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Кейде ауданнан асып, облыстық, республикалық басылымдарда жыр шашулары жүреді. Мақта өнімінің бүгіні мен ертеңі туралы айтқан ой-пікірлері мен көтерген мәселелерін газет пен телеарна бетінде қанша рет көрсеткенінің есебінен жаңылып қалдық. Тұрекеңнің сыртқы дүниесін де, ішкі дүниесін де бір кісідей білеміз деп айта аламыз. Журналистермен қоян-қолтық араласатын ол кісіде жасырын сыр деген болмайды. Ішкі дүниесі деп отырғанымыз да осы – қалай толғанып-тебіренеді, қалай егіліп-еміренеді, соның бәріне де куә болып жүрміз.
      Тер төге білгеннің арқасында Жер Ананың жомарттығын көріп келеді. Сол жерді қалай күтіп-баптау керегін, диқан қауымның басқа да мың-сан проблемасын ауданды былай қойғанда облыс пен республикалық үлкен мінбер-лерден үлкен лауазым иелеріне алдарына мәселе етіп қоюдан жалыққан емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлеу бақыты да Тұрекеңе бұйырды. Үлкен кісінің мейірленіп отырғаны жанына қуат беріп, Нұрекеңе арнап жыр шумақтарын төгіп-төгіп жібергені бар. Әсі-лінде, ақынның аузына Алла сөз салды, бұл кібіртіктемей оқып салды. 
      — Ырысты Оңтүстіктің адамдары не ақын, не әкім болады, — деді сонда Нұрсұлтан Әбішұлы да күлімсіреп. Үлкен тұлғаның аузынан шыққан жақсы сөз адамға ерекше шабыт береді екен. Президенттің осы бір ыстық лебізін Тұрғанбек Қанаев кітабының алғашқы бетіне кіргізіпті. 
      Қазақтың нешеме марқасқа ақын-жазушыларымен кездесті. Жас кезінде солардың қолдарына су құйды, жырларына құлақ түрді. Есейе келе дәмдес-тұздас бола отырып, Тұрекеңнің өзі де атағы дардай өнер иелерінің алдында қасқайып тұрып өлең оқитын болды. Осы өңірге ақын-жазушылар келсе небір аталы сөздерді қиыстыра отырып асабалық қызмет атқаратын да Тұрекең. Сондай бір әдемі отырыста қазақтың біртуар ақыны Қадыр Мырза Әлі:
      — Тұрғанбек інім шешендік сөздерімен мені өзіне тәнті қылды. Сөздері қоспасы жоқ, шынайы, жүректен шығып жатыр. Сондықтан Тұрғанбектің тілектерін түрегеп тұрып тыңдаймын. Себебі, жасы кіші болғанымен – сөзі үлкен, — деп еді. 
Қазақтың тағы бір лирик ақыны Исрайыл Сапарбай Шардараға келген сапарында Тұрекеңнің өнеріне жақсы баға берді.
      — Дарынның бәрі ауылдан шығады. Тұрғанбек Сыр бойының перзенті, жер төсін емген диқан, сонымен қатар табиғатпен тілдесе білетін ақын. Оның аузынан інжу-маржан төгіліп жүреді. Бір көргеннен сегіз қырлы, бір сырлы екендігі байқалады. Таңға дейін түрлі әңгіме қозғадық. Жандүнием ерекше марқайып қалды, — дейді Исрайылдай сыршыл ақын. 
      Қос қаламгердің сөздерінен асырып не айтамыз. Дуалы ауыздан шыққан бата іспетті осынау пікірлерді де Тұрекең өзінің кітабына кіргізгенді жөн көріпті. 
       Мұнан басқа Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтахановтың, кітаптың алғысөзін жазған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жолбарыс Тілеуұлының ой-пікірлері бар.
      Тұрғанбек Қанаевтың жыр кітабы бес бөлімнен тұрады. Алдымен Тұрекең қалың оқырманмен амандасып алуды ұйғарыпты. 
        Қолдайтын әркез арысын,
        Қуаттап, қолдап табысын.
        Зерделейтін санамен,
        Оқырмандар армысың!
        Жігермен қайрап намысын,
        Байқайтын жүйрік шабысын.
        Жинағымды ұсындым,
        Қалай деп аяқ алысым.
        Шамалап дария ағысын,
        Түспесе ерге тағы сын.
        «Шешінген судан тайынбас»,
        Жалғадым жырдың жарысын, — деп қысқаша өзінің мақсатын айтып, жыр дариясына құлашын сермей жүзе жөнеледі.
Кітаптың алғашқы бөлімі «Тәуелсіздік – тұғырым!» деп аталады. Небәрі жиырма жылдың ішіндегі тәуелсіз еліміздің қол жеткізген жетістіктері, арқа төсінде бой көтерген ару Астана, Қазақстанды әлемге танытып, алдыңғы дамыған елдің қатарына қосу үшін нардың жүгін көтеріп жүрген Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбектері осы бөлімнің ішінде Тұрекеңнің жырына арқау болған.
      «Туған жер» деп аталатын екінші бөлімде шежірелі Шардараның тарихынан сыр шертіледі. Ақынның кіндігі кесілген жер дария астында қалған Жамантоғай деп аталатын ауыл болған. Айдын шалқарға телміре қарайтын Тұрекең «Туған жер «Жамантоғайым», Шықпайсың сәби жүректен» деп сағынышын басқандай болады. 
      Үшінші бөлім өсиет пен нақыл сөздерден тұрады. 
        Жастарға жаздым термелер,
        Түсінсе шыңға өрмелер.
        Көнеден қалған насихат,
        Аталы сөзге тең келер, — деген Тұрғанбек Қанаев отбасы тәрбиесі, қанағатшылдық пен адалдық туралы қасиеттерді жырға қосыпты.
      Махаббатты жырға қоспаған ақын жоқ. Осы бір мәңгілік тақырыпқа Тұрекең де кеңінен қалам тербеген екен. «Махаббат – өмір өзегі» деп аталатын төртінші бөлімде «Махаббат жыры», «Аққу», «Жүрек сыры», «Жұмбақ қыз», «Талай таңды атырдым» секілді сезім сырлары топтастырылған. Оқып көріңіз, сонау бір кездер есіңізге түсіп, жүрегіңіз шымыр ете қалары анық. 
      Батыр бабалары мен би-шешендерге, ұлы Абайға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ел ағаларына, сахнада жүрген өнер иелеріне арнап шығарған дүниелерін бесінші бөлімге топтастырыпты. Осы кітаптағы Тұрекеңнің «Өмірден түйгендерім» деп аталатын ақыл-ойлары көңіл аударып қарайтындай-ақ сөздер екенін айтқымыз ке-леді. Бірнешеуін келтіре кетелік. «Кекірейгеннің бәрі кө-сем емес, Сөйлегеннің бәрі шешен емес, Жақсы жігіт жат елге бөтен емес», «Жақсы қария елдің бірлігін ойлайды, Жаман қария өзінің күндігін ойлайды», «Кей басшының істегені дөрекілік, Қалайша мақұлдайсың көре тұрып», «Қисық сөйлесең — түзу жауап күтпе», «Билік барда жүргендер шырт түкіріп, Бедел жинар қартайса зыр жүгіріп», «Тәспі имандылықтың белгісі, ал, оны ұстағанның бәрі иманды емес», «Қисық шегені түзету оңай болса да, қисық баланы түзету ақырет» деп келетін ақынның ой-толғақтары мақал-мәтеліңнен кем түспейді, сірә.
      Тұрғанбек Қанаевтың әр жылдардағы газет-журналда, телеарна бетінде жарық көрген мақалалары мен түсі-рілімдерді көз қарашығындай сақтап отыратын ұқыптылығына тәнті болдық. Құнтсыздықтың салдарынан кейбір азаматтардың тарихи суреттер мен жазбаларын жоғалтып, өкініп отырғанына талай мәрте куә болғанбыз. Тұрекеңде ондай салақтық жоқ. Тасқа басылған дүниені тарих ретінде сақтап отыратын жауапкершілігіне еріксіз риза боласың. Бұл кітапқа да сонау кеңес кезіндегі «Өскен өңірде» жарық көрген материалдарын ескерткіш ретінде кіргізіп отыр. Марқұм Ниятолла Сейдановтың, ақын-ұстаз Нұрғали Ыбырайымның, тілші Құдайберген Өтештің әр жылдары Тұрекең туралы жазған мақалалары өткен күннен белгі бар екенін көрсетіп тұр. Одан бері де «Шар-айнада», «Оңтүстік Қазақстанда», «Егемен Қазақстанда» майталман мақташының еңбек жолдарынан сыр шертілген шығармалар кітапқа топтастырылған.
      Кітаптың соңғы беттерінде Тұрекеңнің сыйлас, замандас інісі, әйгілі асаба Бақтияр Спановтың арнау тілегі басылыпты.
        Өлең-жыр тал бойыңнан өрілгесін,
        Белгілі осал жерден көрінбесің.
        Жыр сарайы деген бір үлкен үйдің,
        Қашанда мәртебелі төріндесің.
        Бір үлкен аялдама алпыс деген,
        Алпысты бұрынғылар тал түс деген.
        Қырықтағы жігіттей көрінесің,
        Ақ түгілі шашыңнан тал түспеген.
        Еңбек пен ақындықты жалғастырып,
        «Ақ орданың» шаруасын алға асырып,
        Орден тағып отырсыз төбесінде,
       Алпыс деген белестің малдас құрып, — деген ақиық асабаның жыр тілегімен біз де сөзімізді қорытсақ. 
       Айтпақшы, алпыс жылдық мерейтойда Тұрекеңнің туыс ағасы, кезінде Мақтаарал ауданының әкімі болған Қасымбек Хаметов Тұрғанбек Қанаевтың кітабына «әркімнің үйінің төрінде тұратын кітап екен» деп сөз сөйледі. Сол сөзге біз де толық қосыламыз.
                                                                                                                                                                       
                                                                                                                                                                          Әділ ӘБДІРАМАНОВ. 




Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика