2024-09-22

«Ақ жол» партиясының Шымкент қаласындағы филиал төрағасы Әлімхан Досбайұлы Абжанов: «Ақ жол» партиясының басым бағыты әлеуметтік ахуалды көтеру»

Қазақстанда келесі саяси дода басталғалы жатыр. Елдегі барлық партия өз мүшелерінің парламент «партасында» отырғанын, мәслихат «мәуесінде кетпен шапқанын» қалайды. Дегенмен, қыр астындағы сайлауда әр партия жинаған дауыстарының үлесіне қарай орын иемденеді. Халықтың қолдауына қайсысы көбірек ие болса, сол партияның бәсі басым, сөзі өтімді болмақ. Бүгінде ел назары ауып отырған партияның бірі — «Ақ жол» партиясы. Біз аталған партияның Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Абжанов Досбайұлына жолығып, сұхбаттасқан едік.

– Әлеуметтік желілерде кей белсенділер Үкімет тарапына «Енді реформа, өзгеріс дегендер керек емес, 30 жыл күттік. Ел экономикасын тезірек көтеруді талап етеміз» деп жазуда. Жалпы, әлеуметтік ахуалды тез оңалту үшін ең бірініші қай саланы дамыту қажет деп ойлайсыз?

– Шымкентте мыңдаған кафе-мейрамханалар жұмыс істеуде. Анау индустриялық аймақтың іші кәсіпорындармен толып қалған. Ол аздай бұрынғы Фосфор, Шина зауыттарының аумақтары да өнім өндірушілермен толды. Мұнай өндіру зауытының айналасында да кәсіпорын ашып тастағандар жетерлік. Барлығы костюм-шалбар, көйлек, аяқ киім мен шұлық та шығаруда. Бірақ біздің жағдай неге жақсармайды?

Кәсіпкер ретінде түсінемін, кез-келген келісім шартта реквизит тұрады. Мен ақшаны қайда аударамын? Шымкентте тұрған соң осы қаладағы банкке аударамын. Мұны неге айтып отырмын? Біздің елдің қазына байлығын өндірушілер шетелдік компаниялар. Олар мұнайды алады, өндіреді. Ал тапқан табыстары шетелдегі банктерге түседі. Қазақстанға тек жалақы мен салыққа түсетін қаржыны жіберіп, қалған ақшаны ары қарай офшорға жібереді. Қаражат офшорға кеткеннен соң, елге доллар кірмейді. Доллар кірмегеннен кейін елде аталмыш купюр дефицит. Доллар қымбаттаған сайын халықтың жағдайы төмен түседі. Өйткені, Қазақстандағы заттардың басым бөлігі шетелден әкелінеді. Экспорт тауардың барлығы да долларға сатып алынады.

Қысқасы, ішкі ахуал дұрысталу үшін офшордағы ақшаларды қайтару керек. Шетелдік компаниялардың көбінің Қазақстанда жұмыс істеу мерзімі келісім-шарт бойынша 2021 жылы аяқталады. Солармен арада қайта жасалатын келісім-шарттарды біздің елге ыңғайлы етіп жасау қажет. Қазақстандағы қазба байлықпен жұмыс істейтін компаниялар тендерге қатысып, жылына он триллион теңгеге мемлекеттік сатып алулар жасайды екен. Тамағы мен құрал- жабдықтарына да қаражат алатын көреді. Ал құны триллион теңге көлеміне жетпейтін тендерлерге қазақстандық компаниялар қатысады. Шетел компаниялары неге сомасы үлкен тендерлерге қатысады? Сол тендерлерге қазақстандық компаниялар да қатыссын.

– Туризм саласына қатысты не айтасыз?

– Экономиканың көтерудің екі жолы бар. Жоғарыда айтқаным соның біріншісі болса, туризм саласы екіншісі. Бұл сала туралы сөз еткелі отыр едім. Мен өткен жылы шипажай салып жатыр едім. Сондықтан Грузияға, Әзербайжанға барып, аралап, көріп, сөйлесіп қайттым. Грузия астанасы көлемі жағынан біздің Шымкент шаһарымен бірдей. Екі жақта да миллионнан астам тұрғындары бар. Ал аталмыш ел халқы біздің Шымкент пен Түркістан облысын қосқандағымен бірдей. Саакашвили Грузия тізгінін ұстағанда аталмыш елге 180 мың турист келеді екен. Жалақылары 30 доллар, зейнетақылары 15-20 доллар болған. Саакашвили келген соң халықаралық әуежай салған. Қазір Грузияға 9 миллион турист барады. Егер 9 миллион турист жылына мың доллардан тастаса 9 миллиард доллар болады. Біздің Шымкенттің бюджеті 1 миллиард доллар. Тура осы Шымкент қаласы мен Түркістан облысын 9 миллион турист келетіндей етіп жасауға болады.

Бір Тбилиси қаласында 150 үлкен қонақ үй бар. Ал бізде үлкен үй 5-6-ақ. Айырмашылығын қараңыз .

Грузия билігі Батумиді де дамытуға күш салған. Боржомиді қазақ кәсіпкерлеріне берген. Боржомидегі «Риксос» қонақ үйлерін біздің іскер азаматтар тұрғызған. Сосын ол жаққа қазақстандықтар, соңында дүние жүзі барып демала бастаған. Содан кейін Бремен деген көне шаһарда бар. Тура біздегі ескі қала секілді. Соны бұзбастан қоршап, үлкен туристік аймаққа айналдырған. Қасына кафе-мейрамхана салған.

Жоғарыда айтқандай, Шымкентте де жаңа халықаралық әуежай құрылысы, Цитадель қолға алынды. Түркістан күн санап түрленуде. Енді Сарыағашты дамытса, дүниежүзі халқы демалуға осы жаққа келеді. Сарыағаштың суындай су еш жерде жоқ. Сол байлықты дұрыс пайдалана білгеніміз абзал.

Енді мына қызыққа назар аударыңыз, Дубайға туристтікке алты-ақ айда ғана бара аласыз. Қалған алты айда күн қатты ыстық болғандықтан бара алмайсыз. Біздің жаққа 10 айда адам келуге болады. Рахат, нағыз курорттық аумақпыз.

Сондықтан Маңғыстау, Шымкент, Тараз тағы бірнеше өңірді туристік бағытта дамыту керек. Өйткені, шетелден келетін турист тек бір ғана Түркістанға бола келмейді. Келетін адам кем дегенде бір аптаға, көп нәрсені көруге келеді. «Ақ жол» партиясының бағдарламасында экономиканың локомотиві ретінде бұл да жазылған.

– Бүгінде көптеген адамдар Израил, Германия, Оңтүстік Кореяға барып емделетін болды. Бізде де биліктен медициналық туризмді дамытуды қолға алу туралы талап етіп жатқандар бар. Бұған қалай қарайсыз?

– Мен Германияның, Израилдің, Оңтүстік Кореяның ең мықты клиникаларына барған адаммын. Бірде Түркияға барып тұмауратып қалғанда 700 долларға бір ине шаныштырғанмын. Содан кейін медициналық бизнеске кірдім. Медициналық бизнестің ішкі жағын толық білемін. Бізде неге медицина, медициналық бизнес, медициналық туризм дамымайды.? Өзіміз ешкімнен кем халық емеспіз. Қабілеттті ұлтпыз. Жақында Терещонкамен кездестім. Ол кісі: «Қазақтар бәрін істей алады, Бірақ мемлекет түрлі шектеу заңдарымен, жоғары шақтағы сыбайлас жемқорлықпен дамуды, өркендеуді ұстап тұр» деді.

Мәселен, Кеңес Одағы кезінде медицина тегін болды. Медицина тегін болмауы керек. Емделген адам ақысын төлеуі қажет. Елімізде сақтандыруды енгізді. Ол өте баяу, нашар жүріп жатыр. Себебі, Қазақстанда медициналық қызметер арзан. Мысалы, Германияда дәрігерге көрініп кеңес алу үшін, теңгемен салыстыранда 200 мың теңге төлейді. Ал бізде дәрігерге алғашқы көріну құны – 5 мың теңге. Озық технологияның барлығын шетелден долларға сатып аласың. Мен өзім 300 мың долларға компьютерлік томография сатып алып, кейін соны қайтып 300 мың долларға сатқаныма қуандым. Өйткені, ол өз құнын ақтамайды. Бізде медициналық қызмет арзан. Қызмет ақыны көтесең, оны халықтың жағдайы оны көтермейді. Оның үстіне, ауруханаларды мемлекет әлі өз қолында ұстап келеді. Ол дұрыс емес, жұқпалы, қауіпті ауруларды емдейтін ауруханалардан басқа емдеу орындарының барлығын жекеменшікке, бәсекелестік ортаға жіберу қажет. Мысалы, бізде мейрамханалар миистрлігі, кәуәп министрлігі, самса министрлігі деген жоқ. Ал мейрамханаларымыз, кәуаптарымыз, самсаларымыз керемет. Өйткені, олардың министрлігі жоқ. Ал денсаулық сақтау министрлігі бар ауруханалардың ахуалы белгілі. Министрлігі болса да неге дамымайды? Сол министрлігіңізде 5 мың адам қызмет атқарады. Барлығы дерлік қағаз-қаламмен жұмыс істейді, көбісі шенеунік. Дамитын салаға шенеунік керек пе? Олар өздері жалақы алу үшін, жұмыс істеуі үшін бүкіл заңды, ережені тоқтатып отыр.

– Жемқорлар жөнінде не айтасыз?

– Біріншіден жемқорлардың көбі ауылдық жерлерде емес, Астана мен Алматыда ғой. Мемлекет қаражатын жымқырғандар, пара алғандар, сыбайластық жасағандар ұсталуда. Ұсталғанмен шетелде ақшаларын сақтап отыр. Жемқорлар ұсталған жағдайда, олардың шетелге шығуына тыйым салу қажет. Әрі бала-шағасы да елден шықпау керек. Ал бұрын барып қойғандары болса сонда қалсын.

Келесі айтарым, түсініксіз байлық деген бар. Түсініксіз байлық қайдан шығады? Мысалы бір коммерциялық нысан жылына 500 мың доллар табыс тапса, иесі мемлекетке оның 300 мың долларын көрсетіп, қалған 200 мың долларды жасырып қалса, түсініксіз байлық деген сол. Тиісті орындар кейбіреулердің түсініксіз байлық ты қалыптастырмауы үшін жаңа тетіктерді қолдансын. «Ақ жол» партиясының бұл мәселеде де ұсынысы жетерлік.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ» атты Жолдауына қатысты не айтасыз?

– Президент Жолдауы маған қатты ұнады. Жаңа Жолдау бұрынғылардан өзгеше. Онда экономиканы дамыту мен құқықтық мемлекеттің негізін нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін тың жоспарлар мен бастамалар айқын айтылған. Жолдаудағы жобалардың кейбірін біздің партия бұрын да мәселе ретінде көтерген. Дегенмен, оларды жеке-жеке атап көрсетіп, «мыналар біздің идея» деп айту әдепсіздік. Дегенмен, біреуін ғана мысал ретінде айта кетуге болады. Мәселен, мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жөніндегі ұсынысты Президенттің өзіне тікелей жазған болатынмын. Мен өзім мемлекеттік қызмет атқардым ғой. Содан соң білемін. Мысалы, облыстағы аппаратты алайық. Онда қызмет істейтін негізгі бөлімдер бар. Ал қалғандары министрліктен келген бұйрықты ауданға тастайды. Ауданнан келген жауаптарды жинап алады да жоғары қарай жібереді. Әкімшілікке қарайтын құрылымдардың көбісінің жұмысы сол. Олар костюм-шалбар киіп алып, маңызды көрініп жүргенге жұмысты керемет атқарып жүр ме? Керемет атқарып жүрсе біз керемет болып кетпейміз бе? Президенттің қызметкерлерді қысқартқалы отырғаны сондықтан.

– «Ақ жол» партиясы алдағы сайлауда мәжіліс пен мәслихаттардан қанша орын алуды көздеп отыр?

– Біз қанша орын алуды емес, жеңіске жетуді көздеп отырмыз. Мақсатымыз айқын, сеніміз кәміл. Өзіміз жүргізген соңғы сауалнамада сайлауға барушылардың басым бөлігінің «Ақ жол» партиясына дауыс беруге ниеттеніп отырғанын көрсетті. Елдегі және кешегі пандемия кезіндегі кемшіліктің көбін халық «Нұр Отанмен» байланыстырады. Аталған партияға дауыс бергісі келмейтінін білесіз. Қалған партияны біле бермейді. Сонымен бірге, бідің лидеріміз Азат Тұрлыбекұлы Перуашевті жақсы біледі, сыйлайды. Осы уақытқа дейін көп мәселені орындатып жатқан «Ақ жол» партиясы. Сондықтан жеңіске біз жетеміз.

– Әлеуметтік желілерде «Ақ жол» париясы «Нұр Отанның» сыңары деп жатқандар бар ғой. Оған не дейсіз?

– Оның бәрі бос сөз. «Ақ жол» партиясының құрылғанына 18 жыл толды. Біздің жоғары жақтағы ғана емес, жергілікті жердегі азаматтарымыздың барлығы белгілі, өздерінің ұстанған бағыттарымен, іскерліктерімен танылған. «Ақ жол» партиясының ұсыныстарын «Нұр Отан» партиясының қаладағы филиалдарының басшылары да ашық қолдай алмаса, іштей қолдайды. Біз радикалды жолды таңдамадық, халықты көшеге шақырған жоқпыз, Тек мәдениетті, өркениетке тән жолмен жеңіске жетпекпіз.

– Мәжіліс пен мәслихатқа қанша үміткерді жібермек ойларыңыз бар?

– Партия Қазақстан бойынша 900-ге жуық үміткерді үкілеп отыр. Мәжіліске жайғасуға 38 мүшеміз сақадай сай. Ал қалалық мәслихатқа 8 мүшемізді дайындап отырмыз. Қалалық мәслихатқа талаптанушылардың қатарын 8-ден асырмадық. Себебі, мәслихатқа жібергелі отырғандарымыз бұрыннан партияның мүшелері. Егер мәслихаттан көп орын алып жатсақ, оған жіберетін мүшелерімізді іріктеуден өткіземіз. Гендерлік саясатқа да ерекше көңіл бөлдік. Аламан дода үшін тұлпарларын ерттеп отырғандардың 30 пайыздан астамы нәзік жандылар мен жастар. Мәжіліске ұсынылған ең жас үміткеріміз 25 жас, 4 ай , 13 күн. Ол жас болғанымен, өте тәжірибелі,

– «Ақ жол» партиясының басым бағытын айта аласыз ба және адамдардың партияларыңызға мүше болу қарқыны қалай?

– «Ақ жол» партиясының басым бағыттарының бірі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту. Шағын және орта кәсіпкерлік дамыса жұмыс көп болады. Жұмыс көп болса халық оны таңдайды. Қара жұмыстың барлығын шетел азаматтарына беретін уақыт келді. Қазақстан азаматтары өздеріне тән басшы болып жүруі тиіс. Сонда әлеуметтік ахуал шешімін тауып, мемлекетіміз дамиды.

Ал екінші сұрағыңызға жауап берсем, жұрттың партиямызға мүше болу қарқыны жоғары. Тіпті, осында партбилет жетпей қалып, оған таласып төбелесіп қалған оқиға орын алды. Бізге билет беруде бас кеңсеміз үлгере алмай қалды.

Сұхбаттасқан – Сабыржан САЙЛАУҰЛЫ

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика