«Шымкент-Цирк» көрермендерге қойылым ұсынудың жаңа тәсілін қолданбақ. Яғни, алдағы қойылымын аңсыз өткізеді. Бұл жаңалық Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен жиында айтылды. Журналистермен өткізген басқосуға «Шымкент-цирк» МКҚК директорының м.а. Н.Әділханов, «Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада және цирк колледжі» РМҚК директоры М.Қадыров, «Астаналық цирк» МКҚК директорының орынбасары В.Бернадский мен ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық цирк фестивальдерінің жеті дүркін жүлдегері, сайқымазақ жанрының шебері М.Мұтұрғанов келді.
Баспасөз мәжілісінде «Шымкент-цирк» МКҚК директорының міндетін атқарушысы Нұрлан Әділханов Қазақстан циркінде аңдарды пайдаланудан бас тартуға бағытталған «Аңсыз цирк» бірегей эксперименталдық жобасының үшінші мегаполисте басталғанын жеткізді. Оған себеп әлемді алаңдатқан пандемияның салдары. Осы уақытқа дейін циркті аңсыз өткізуге әлемнің 45 мемлекеті қол қойып, келісім білдірген.
«Шымкент қаласының циркі биыл өзінің 10 жылдығын атап өтеді, – деп бастады сөзін Н.Ыдырысұлы. – Әлемдегі ең жас цирк ұйымы болғанына қарамастан әртістер халықаралық байқаулар мен фестивальдерден жүлделі орындармен оралды. Бүгінде цирк жағдайын жақсарту, аталған экспериментті тәжірибе жүзінде қолдану мақсатында республика көлеміндегі эксперт-мамандарды арнайы шақырып отырмыз. Алдағы наурыз мерекесіне орай цирк майталмандарымен «Наурыз-Думан» қойылымын дайындаймыз. Бұл қойылымда карантинге қатысты барлық сақтық шаралары қолданылады. Мерекелік қойылымда көрерменге канадалық «Дю Солей» циркінің үздік әдістемелерін пайдаланамыз. Әрі ұлттық колорит сақталады.
Өздеріңіз білесіздер, менің «Шымкент-Цирктің» тізгінін ұстағаныма көп бола қойған жоқ. Дегенмен, тәжірибе алмасу керек, циркімізді дамыту қажет. Осы мақсатта «Нұр-Сұлтан» қаласындағы цирк пен цирк колледжінің бассшыларын, қала берді, республикамызға танымал цирк өнерпазы М.Мұтұрғановты шақырдым, бұл кісілер біздің өнер ордасымен танысып, көптеген идеялар айтты. Алдағы уақытта М.Мұтұрғанов бізге жұмысқа келіп қалады деп күтіп отырмыз. Ол «Наурыз-Думан» қойылымында өнер көрсетеді».
Спикердің сөзінше, «Шымкент-цирк» алдағы уақытта клоунада, шапито, джигитовка, каскадерлік, жонглерлік және эквилибристика, әуе гимнасттары бағыттарында жұмыс жасайды. Сонымен қатар, тек Шымкент қаласында бар шапито арқылы балаларға арналған қойылым еліміздің өзге өңірлеріне гастрольдік сапарға шығуға дайындалуда.
Брифинг барысында эксперт-мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Келесі бір жаңалық, цирк қойылымдарына билеттер онлайн касса арқылы сатылмақ. Бұл билеттердің алыпсатарлардың қолдарына түспеу үшін жасалып отырған іс екен.
Сабыржан БАЙБОСЫНОВ
Leave a Reply