2024-09-20

ТҰРҒЫНДАР 94,5% САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛҒАН

Бұл туралы Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп беру кездесуі кезінде мәлім етті. Карантин талаптарына байланысты есептік кездесу онлайн форматта өтуде.

— Еңбекші ауданы тұрғындарының 94,5% сапалы ауыз сумен қамтылған. Қалған 5,5%-ды қамту 2021-2023 жылдарға арналған жұмыс жоспарына енгізілген. Бадам-1, 2 тұрғын алаптарында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ел илігіне берілді. Одан бөлек, Абдуллабад, Базарқақпа, Бадам-1 тұрғын алаптарының ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді, — деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында Бадам тұрғын алабында 331 абонентке ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, толық аяқталған.

Айта кетейік, 2021 жылға Бадам, Жұлдыз, Қарабастау, Оңтүстік-жаңақұрылыс, Қаратөбе, Тоғыс, Айнатас, Жыланбұзған тұрғын алаптарындағы ауыз су желісімен қамтылмаған абоненттерді қамту үшін ЖСҚ әзірлеуге бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. ЖСҚ аяқталған соң, құрылыс жұмыстарын жүргізуге бюджеттік өтінім беріледі. Бюджеттен қаржы бөлінуіне қарай жұмыстар атқарылады.

Яндекс.Метрика