2024-09-22

Б.Пазилов: «Шымкентке балалар реаниматологы мен хирургтар керек»

Бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі де бірегейі денсаулық тақырыбы. Өзекті болғандықтан көп талқыланады. Соның ішінде тұрғындар арасында пандемия жағдайына байланысты туындайтын сауал көп. Сол сұрақтарды жинақтап Шымкент қаласының бас дәрігері Бақытжан Позилов мырзаға жолығып, сұхбаттастық.

— Бақытжан Жолдасбекұлы, қазір елімізде «тәжтажалға» қарсы екпе егу науқаны басталып кеткенінен хабардармыз. Осы орайда мынадай сауал туады. Осы коровируспен ауырғандар түбегейлі жазыла ма? Әлде қайталануы мүмкін бе?

— Тәж вирусымен бір рет ауырған адам емделіп шығады. Оны өздеріңізде көріп жүрсіздер. Ауырып тұрған соң, оның организмінде анти-дене пайда болады. Және ол әр адамның ағзасында әртүрлі ұзақтықпен сақталады. Бір адам бойында анти-дене 6 ай сақталуы мүмкін. Енді бірінде 1 жылға дейін тұрақтайды. Сақталу мерзімі аяқталса, тазалық, сақтық шараларын сақтамасақ, қайтадан ауыру әбден мүмкін.

— Бұл короноаирус біздің өмірімізге енгенін көрсетеді. Байқағанымыз емдеу шаралары бар, бірақ вирусты жоятын нақты дәрі жоқ, солай ғой…

— Иә. Көп ауруды жазатын дәрілер бар. Мысалы, асқазан, ойық жарасы болса, оны белгілі бір препараттармен емдей аламыз. Ал, әлемде нақты короновирусқа қарсы дәрі жоқ. Вирус-жоғары контагиозді яғни ауа арқылы тез тарайды. Сондықтан да бетперде аурудан 90% сақтай алады. Қазір қоғамдық көлік болсын, кеңселер мен ауруханаларда антисептиктер қойылған. Өкінішке орай, соған назар аударып, қолданбай жатырмыз. Әлі де жайбарақаттық бар. Вирус жұқтырғандармен де аптасына 2-3 рет жолығып, сөйлесемін. Өздері қайдан, қалай жұқтырғандарын біліп, кейбірі «15 күн бұрын тойға бардым, жиыннан жұқтырдым» деп мойындап отырады. Сақтансаң сақтаймын деп бекер айтылмаған. Мынаны ескерте кеткім келеді. Мекемелерге кіре берістегі тегін тұрған антисептиктермен қолыңызды шайып алғаныңыз үшін, сізден ешкім ақша сұрамайды. Тазалық ең бірінші өзіңіз үшін керек.

— Вакцинация аурудың алдын алады. Дәл қазіргі уақытта басқадай амал таппай, әлемнің өзі дағдарып тұр. Вирус мутацияға ұшырып жатыр. Екпені қазақстандықтардың алғашқы легі алып та үлгерді. Десе де, күдік әлі сейіле қойған жоқ. Екпе салдырған адамның өміріне кепілдік бере аласыздар ма?

— Осы айдың аяғына дейін 1000 вакцина келеді. Бірінші жарты жылдықта 100 000 вакцина келеді. Кепілдікті ешкім бермейді. Анальгин дәрісін ішсеңіз де жақсы боп кетеді немесе жаман болады деп ешкім кепілдік бере алмайтынындай, екпеге де ешкім кепіл бола алмайды. Өзім алғашқылардың қатарында екпе салдырдым.

— Тосыннан келген вирус медицина саласының шынайы жағдайын көрсетті. Бұл халықтың ойы, пікірі. Маман ретінде ұлттық медицинаның кенже қалған және ілгері дамыған тұстары қандай деген сұраққа жауап берсеңіз.

— Қала жағдайына тоқталып айтайын. Кенже қалған тұстар баршылық. Емханадағы материалдық-техникалық базасы ескірген. Олар өздері жаңасын сатып ала алмайды. Дамыған тұсымыз қазір Шымкент қаласында жоғары мамандандырылған медициналық көмекті қолға алдық. Атап айтар болсам, 2017-2018 жылдары Алматыға барып емделетін науқастар саны көп болатын. Қазір осы көрсеткіш төмендеген. Мысалы, тізе-буын ауыстыру, жамбас-буынға темір қою, көзге түрлі операцияларды өз қаламызда жасап жатырмыз. Қазір керісінше, басқа қаладан бізге келіп емделетіндердің саны артып жатыр. Даму труалы айтқанда, осыедай мысалдар келтіретін едім.

— Қазір медицинаның барлық саласында мамандар жеткілікті деп айта аласыз ба?

— Барлық салада мамандар толық жеткілікті деп айта алмаймын. Бізде балалар реаниматологы мен хирургтар жеткіліксіз. Осы екі мамандықтың иелері жетіспейді.

— Аталған мамандардың жетпейтіні туралы Білім министрлігіне, медициналық ЖОО-на сұраныс бересіздер ме?

— Ия, тапшы мамандарға сұраныс беріп отырамыз. Биылғы қуантатын жағдай, Шымкент қаласында орналасқан Оңтүстік Қазақстан Медицина академиясымен меморандумға тұрдық. Және олар біздің сұранысымызға қарай маман дайындайтын болды. Бұрын мұндай келісім болмаған. Пандемияға кезінде эпидемиологтар керек деп хабарладық. Нәтижесінде 20 маманды даярлап берді. Реаниматологтар мен хирургтарға да сұраныс беріп қойдық. Осы келісімнің аясында оқуды аяқтаған студентті жұмыспен қамтып, маман етіп шығарамыз. Оларға жағдай жасалады. Жоғары көлемдегі айлық беріледі. Егер қажет болса, тұрғын үймен қамту жұмыстары да жүргізіледі. Мемлекет медицина саласына барынша қолдау көрсетіп жатыр.

— Дәрігер болу жүректің қалауы. Сіздің медицина саласына келуіңізге не түрткі болды? Дәрігерлерге басшылық жасау қатардағы дәрігер болудан екі есе артық жауапкершілік жүктейді. Солай емес пе?

— Пікіріңізбен келісемін. Басшы екенсің сынды да қабылдай білуің керек. Халықпен етене жұмыс істеген соң сын да көп болады. Алғыс айтатындар да аз емес. Осы алғысқа ие болу адамды алға жетелейді. Негізгі мамандығым дәрігер-травматолог. Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан Медициналық академиясын 2004 жылы аяқтап, сол академияда «Халықтық анатомия» кафедрасында сабақ бердім. Адам емдеуден қол үзген жоқпын. Күндіз дәрісте, түнде жедел жәрдем қызметінде жұмыс істедім. Оқуды аяқтағаннан кейін 8 жыл жедел жәрдем қызметінде реаниматолог болдым, осылай негізгі мамандығым травмотолог болудың сәті түспеді. 2011 жылы шетелде тәжірибе жинақтап, 2012 жылы Шымкент қаласындағы «Дәрігер Орынбаев атындағы медициналық» орталыққа бас дәрігер қызметіне келіп, 6 жылға жуық медицина мекемесін басқардым. 2018 жылы «Медикер» корпорациясына шақырту алып, бас директор қызметінде болдым. 2 жыл ішінде жаңа аурухана тұрғызып, мекеменің жұмысын жолға қойдық. 2020 жылдан Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіндемін.

— Осы уақытқа дейінгі қызметіңізде ауыртпашылығы мол кезең, қай кезең еді?

— Пандемия басталған күннен бастап ауыр кезеңдерден өтіп келеміз. Вирус бой көрсеткен кезден-ақ дайындық жұмыстарын жүргіздік. Бірақ соншалықты жан-жағын жайпап, орасан зор күшпен келеді деп ойламадық. Себебі, Короновирус әр елде әртүрлі белгілер көрсетті. Дамыған Еуропа елдерінің ішінде Италияда пандемия кең етек жайды. Біздегі тәж-вирусының әлегі Италиядан кем түспеді. Дәл соғыс сияқты дүрбелеңге толы болды. Дәрігерлер-жауынгер боп күресті. Үйге қайтпай, демалысқа да шықпай науқастарға көмек қолын созып, дәрігер антына адалдық танытқан әріптестеріме алғысым шексіз. Вирус өршіген былтырғы жаз айында Шымкент қаласындағы дәрігерлер науқастарға тек стационар емес, телефон арқылы да қосымша көмек көрсетті. Әрқайсысы күніне 200-300 адамның сұрағына жауап беріп, аурудың симптомдарын анықтап, дәрігерлік көмектерін беріп отырды. Дәрі тапшылығы кезінде де арнайы чаттар ашып, олардың санын арттырдық. Дәрі таппай жатырмыз десе, қай жерде барын айтып, волонтерларымыз үйге дейін жеткізіп берді. Бұл көмек- көңіл көншітерлік, мақтанарлық жайт болды.

Осы короновируспен күрескен білікті дәрігерлердің жұмысын ерлікпен пара-пар десек жаңылыспаймыз. Өз өмірлерін қатерге тікті. Солай болды. Пандемияның кезінде науқастарға көмектесіп, ем-дом көрсетіп жүрген 21 дәрігерден айрылып қалдық. Әріптестеріміз өте сауатты, өз ісіне адал еді. Медицина саласының майталманы еді. Республика деңгейіндегі мықты хирургтарымыз бен гинекологтарымыздан көз жазып қалдық. Олар осы арпалыста қанша адамға көмек қолын созған кісілер еді. Орны толмас қайғы.

— Вакцина салдырдыңыз, қандай симптомдар байқадыңыз?

— Мен ғана емес, қаладағы көптеген әріптестеріміз, алғашқылардың бірі болып, екпеден өтті. Қызуым көтерілген жоқ, жағдайым жақсы, реакция, ауырсыну болған жоқ.

— Сұхбатыңызға рақмет аға. Ақ халаттылардың абыройы артып, елге еңбегі сіңе берсін.

Сұхбаттасқан Ақбөпе ЕРГЕШ

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика