2024-09-20

ҚАБЫЛДАУҒА ЖАЗЫЛМАҒАНДАРДЫ ДА ҚАБЫЛДАДЫ

Шымкент қаласындағы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов 5-ақпан күні тұрғындарды қабылдады. Әкіммен кездесуге келгендердің әрқайсысы түрлі мәселелермен жүр.

Тұрғындарды кезегімен қабылдаған басшы әр кісіні мұқият тыңдап, түйткілдерге жіті көңіл бөлді. Әрі, алдына келген жанға мәселені қолынан келсе шешетінін, ал өз құзырына жатпайтынын шешпейтінін бірден айтады екен. Десек те, басқа салаға қатысты сұрақ қойғандарға қайда, кімге бару керегін түсіндіреді.

Қабылдауға кірген Ғабит Елемесов өзі тұратын көшеде былтыр су құбыры тартылып, есесіне жолдың батпаққа айналағанын жеткізді. Әкім де аталған мәселеден хабары барын және су жүргізуші серіктестік басшыларымен сөйлесіп түйткілдерді тарқатып жатқанынан хабардар етті. Қазылған жолдарға тас төсеу жұмыстары осы уақытқа дейін тоқтамапты. Барлық көшелерге кезек-кезегімен тас төселуде екен. Осыларды айтқан басшы ақпан айында бұл бағыттағы жұмыстардың аяқталатынына тоқталды.

Мұнан соң, қала тұрғыны И.Әлсерке өзі тұратын шағынауданға балалар ойнайтын бір алаңша қажеттігін, көшесінде жарықтың жоғын айтты. Абай ауданының әкімі «Ұсынысыңыз өте орынды» деп, айтылған өтінішті тиісті орындарға жеткізетінін тілге тиек етті.
Келген адамдардың барлығын қабылдап болып, шығып бара жатқан әкім фойеде тұрған кісілірдің неге келгенін сұрағанда, өзіне келгенін білді. Сөйтіп, қабылдауға алдын-ала жазылмағандарды да ішке кіргізіп сөйлесті. Дәл осындай жағдай екі-үш рет қайталанды.

Қабылдау аяқталған соң біз әкім Бұхарбай Пармановты сөзге тарттық. Сұрағымызға орай әкім Б.Рысқұлұлы:
– Әр аптаның жұмасы күні келушілерді қабылдап, талап-тілектерін тыңдап, мәселелерін шешуге қолдан келгенше тырысып жатырмыз. Алғашқы кезде бізге тұрғындар көп келетін. Қазір қала әкімдігі тарапынан «І-Көмек» орталығы ашылғалы бері тұрғындардың көбі мәселелерін 109 нөміріне хабарласып, сондағы операторға айту арқылы шешетін болды. Міне, аталған орталық ашылғалы бері бізге келушілер сәл де болса азайды, – деді.

Қысқасы, Абай ауданы әкімі Бұхарбай Пармановтың тұрғындарды қабылдауын өз көзімізбен көріп, риза болып қайттық.

С.БАЙБОСЫНОВ

Яндекс.Метрика