2024-09-22

АҚ ХАЛАТ ПЕН АҚ ПАРАҚ

« Жалпы тәжірибелі дәрігер» дегенді естуіңіз бар ма? Ал, сіздер отбасы дәрігерінің қызметіне жүгініп көрдіңіздер ме? Әдетте, медицина саласының бұл қызметіне Еуропа елдері көп қызығушылық танытады екен. Жанұядағы еңбектеген баладан, еңкейген қарттарының денсаулығын тек бір дәрігер қадағалап, белгілі уақыт аралығында тексеру жұмыстарын жүргізіп отырады.

Қызметтің бұл түрі Қазақстанда да бар. «Жалпы тәжірибелі дәрігер» яғни, отбасылық дәрігер мамандығының өз елімізде қалыптасқанына 10 жылдан асқан. Осы мамандықтың қыры мен сырын білу үшін Шымкент қалалық 8 емхананың «Жалпы тәжірибелі дәрігері» Қуат Дәуренұлымен сұхбаттасқан едік.

Анықтама: Қуат Дәуренұлы-Шымкент қалалық 8 емхананың Жалпы тәжірибелі дәрігері. Сонымен қатар медицинаны жырға қосып жүрген ақын. Қалалық, облыстық, ремпубликалық жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

«Жалпы тәжірибелі дәрігердің» негізгі қызметі қандай?

— Жалпы тәжірибелі дәрігер деген мамандық педиатор мен терапияның қосындысы. Отбасының барлық мүшелерінің денсаулығын тікелей қадағалап отырамыз.

Кішкентай нәрестеден бастап, отбасының әр адамына жекелей тоқталып, нөлден басталған балалар мен қарттарды зерттейтін ғылым «дерентологияға» дейін қадағалап, медициналық қызмет көрсетеміз. Отбасы мүшелерін 3-6-12 ай сайын тексеріп, денсаулықтарын бақылауда ұстаймыз. Бұл маман иелері тек қаланы ғана емес, аудан-ауылдарды да қамтып жатыр. Енді жолға қойылған мамандықтың халық үшін пайдасы көп. Біздің бір ерекшелігіміз-әмбебап маман иесіміз.

Яғни, бұл үйге барып қызмет көрсету түрі ме?

— Екі жақты қызмет көрсетеміз. Жедел шақыртулар болса, барып қызмет көрсетіп, аурудың себебін анықтап, ем-дом жасаймыз. Егер, қалыпты аурулар болса, белгіленген уақытпен науқастар бізге келеді. Бізде артериялық гипертензия-қан қысымының көтерілуі болған кезде шақыртулар көп болады.

Скрининг деген бар. Онда адам денсаулығын зерттеудің барлық түрі қамтылады. Осы шарадан өтуге отбасылық дәрігер мен оның 3 медбикесі түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Өзім КМИС- бағдарламасы арқылы менің учаскемдегі шақыртуларды есептеп, не себепті жедел жәрдемге жүгінгенін анықтап отырамын. Шұғыл шақыртулар тек бір ауруға байланысты болмайды. Әмбебап мамандық иесі болғандықтан, барлығына дер кезінде көмек көрсету біздің басты міндетіміз.

— Пандемия халықтың медицина саасына деген көзқарасын өзгертті. Жақтаушылардан гөрі, даттаушылар көбейді. Қазір қалай, көпшіліктің медицинаға деген көзқарасы жақсы жағына өзгерді ме?

— Қазір халықтың медицинаға деген көзқарасы оң. Көп пікір түсінбегендіктен айтылады. Мынаған қараңыз, миллион халқы бар Шымкент қаласында «Жедел жәрдем» қызметіне жүгінетін көптеген жағдайлар болады. Мәселен, ауыр жол апаты, инфаркт, инсульт болып жатса, қан қысымы көтеріліп екінші жақтан қатар шақырту түсуі мүмкн. Сонда қараңыз, нағыз көмек керек жерге баруы тиіс жедел жәрдем екінші шақыртуға кетеді. Мұнан кейін не деуге болады?

Тағы да бір жағдай, нәрестенің қалыпты температурасы 37. Ал, анасы оны өзінің қалыпты температурасы 36-мен салыстырып, байбаламға салынып жатады. Бала мен ерексектердің, қарттардың анатомиясы бөлек болады. Бұл жерде айтқым келгені, халық медицина жағынан сауатты болуы керек. Қан қысымы көтерілгенде науқас өзін сабырға шақырып, көк шәй ішсе, көтерілген қысым түседі. Ол жәдел жәрдемге шалған қоңырау бір адамды құтқаруы мүмкін.

— Ал, осы халықты сауаттандыру үшін сіздер жүргізіп отырған жұмыстар дегенде, не айтар едіңіз ?

— Мен көмек көрсетуге барған немесе менің алдыма келген әр науқаспен сөйлесіп, дәріні дұрыс, уақытылы ішуден бастап қан-қысымын өлшеуге дейін үйретемін. Сонымен қатар, денсаулықты бақылау бағдарламасы бар (ПУЗ). Дамыған Латвия, Эстония елдерінде бұл бағдарламаның жақсы жолға қойылғанына штрек ғасыр. Біз енді бастадық. Аурухана мен емхана боп екіге бөлінеді ғой. Қазақстандағы барлық емханалар осы бағдарлама арқылы жұмыс істейді. Ауруы асқынған адамдардан анализ алып, бақылауда ұстаймыз. Мысалы, менің учаскемде орта есеппен 2200 адам болатын болса, олар менің бақылауымда болады. Шақыртумен барсақ та, олар өздері келсе де ерінбестен әр науқасқа түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар, телефон арқылы да көмек көрсетеміз. Сондықтан да менің ұялы телефоным 24/7 режимінде тұрады. Кез келген уақытта көмек көрсетеміз.

— Сіз дәрігер-ақынсыз. Сөздің шебересіз, мейрімдісіз. Солай ғой?

– Біздің медицина саласында мейірімнің орны ерекше. Әсіресе, індеттің кезінде науқастардың көбі депрессияда жүрді. Палатада жатып-ақ интернеттен неше түрлі сұмдықтарды көріп, өлім туралы ойлап, ойы да жағдайы да ауырлай берген науқастар көп кездесті. Сонда олардың көңілін аулау үшін жылы сөйлеп, мейірім танытып, әзілді-қалжыңдар айтып көңілдерін көтеріп тұрдық. Жігерлендіріп, рух сыйлау да қабілет. Жылы сөз — жүректің дәрігері дейді емес пе?!

— Инвестиция деген тақырып өзекті соңғы кезде. Дәрігерге де инвестиция керек пе?

— Әрине. Мекеме дамығанда емес, дәрігер өзіне инвестиция құйғанда ғана медицина саласы алға жылжыйды.

— Кез келген дәрігердің бойынан табылуы тиіс 3 қасиетті атаңызшы.

— Ең бірінші, мейірім керек. Адамның бәріне мейірім керек, әрине. Бірақ, дәрігерлерде оның дозасы артығымен болуы керек.

•Екіншіден, өзіне құрметі бар адам науқастың образына кіріп, түсіне алуы керек. Яғни, қарым-қатынасты дұрыс жүргізу керек.

•Үшіншіден, ізденіс. Ізденісі тоқтаған дәрігердің жүрек соғысы да тоқтайды.

— Николай Заболоцкий ақынға үш нәрсе керек: музыка, ой, образ деп айтады. Сіз үшін де солай ма? Шабыт қайдан келеді?

— Мұқағали айтпақшы,

Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта.

Шабытты қазір біз ұмытып бара жатқандаймыз. Шабыт — тылсым дүние. Қашан, қалай келетінін білмейсің. Ойлау жүйесін сопақша ми атқарады. Ойлайсың, көресің, соны қағазға түсіресің. Ой керек дегенге келісемін. Өзім реалист ақынмын. Тек көргенімді, көкейге түйгенімді қағазға түсіремін.

— Ақ халат па, ақ парақ па? Қайсысы қымбат?

— Екеуі де қымбат. Тырнақ пен етті ажырата алмайтынындай, мен де оларды бөліп-жара алмаймын. Медицина саласында жүріп, ақ халат кигеніме 11 жыл болды. Ал, ақындық қасиетім 7 сыныптан байқалған. Ақ парақпен достасқаныма 17-18 жыл болды. Екеуімен біте қайнасып жүргендіктен, өзімді ақ халатсыз да, ақ парақсыз да елестете алмаймын. А.Чехов әлемге танымал жазушы болғанымен, ол — дәрігер. Ол да өз өмірінде әдебиет пен медицинаны байланыстыра білген.

Ақындардың жаны нәзік келеді. Сезімталсыз ба?

— Бәрі кеп эмоцияға тіреледі. Алғаш мәйітті көру, ауыр жағдайларды жаныңа жақын қабылдай берсең сенен дәрігер шықпайды. Ең бастысы эмоцияны тізгіндей білсек, мамандықтың қызығын да шыжығын да көтереміз. Сезімтал адам дәрігер бола алмайды.

Сұқбатыңызға рақмет. Ісіңізге береке, шығармашылық табыс тілеймін.

Сұқбаттасқан Ақбөпе ЕРГЕШ

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика