Шымкент қаласында «Ақылды қала» жобасы аясында «Ақылды аялдамалар» пайда бола бастады. Жаңа жүйеге қосылған «Теріскей» аялдамасы жайында қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ақылды аялдама» жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылып, жеке инвестор қаражаты есебінен салынып отыр. Жоба аясында іске қосылған «Теріскей» аялдамасы толығымен жабық, оның ішінде интернет, салқындатқыш, бейнекамера, 2 дана LED экран, Wi-Fi және басқару панелі орнатылған. Ал, сыртқы бетінде антивандалды жарнамаға арналған экран қойылмақ.
Бүгінде аялдаманың басты қаңқасы, салқындатқыш, бейнекамера және сыртқы бетінде антивандалды экран орнатылған болса, автобус машрутын көрсететін LED экранды орнату ісі жүргізіліп жатыр. Қажетті қондырғылар толығымен орнатылған соң халыққа қызмет көрсете бастайды. Алдағы уақытта жоба оң нәтиже берген жағдайда, «ақылды аялдамалардың» санын арттыру жоспарланған.
Бұл аялдамалардың ерекшеліктері көп. Мәселен, көшедегі ауа температурасы -10 градус болған жағдайда жылу жүйесі бірден іске қосылады. Ал, температура -20-дан төмендеген жағдайда қосымша желдеткіштері жұмыс істейді. Жүйе «Ақылды қала» жүйесіне қосылған дейді мамандар.
С.Дүйсебайұлы
Leave a Reply