Келестік кәсіпорын балықтың жаңа түрін өсіруді қолға алды. Жыл он екі ай аптап ыстықта тіршілік етуге бейімделген «Африка жайынын» өсірген жеке кәсіпкер жылына 160 тонна жаңа балық тұқымын алуды көздеп отыр. Келес ауданының Қошқарата ауылдық округіндегі «Бижігіт-Ата» ЖШС-і ақ амур, күміс сазан, көксерке балық түрлерінің әрқайсысынан жылына 10 тонна өнім алады.
Балықты қолдан ұрықтандыру, балық өсіру және балық етін өңдеумен айналысатын жоба аясында 15 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Жалпы аумағы 600 шаршы метр жерде орналасқан кәсіпорында жылына 300 тоннаға дейін тауарлы балық өсіру жоспарланған.
«Балық өсіруді жете меңгерген және оларға кұтім жасайтын маманды Өзбекстан елінен арнайы алдырдық. Қазірде «африкалық сом клариевый» түрін өсірудеміз. Ерекшелігі олардан әр 2-3 айда уылдырық жинап отырады. Шабақтар өсіп жетілгенше, 6-7 ай бойына осы бассейнде өсіріледі. Әуіздерде ұдайы қалыпты температура сақталады. Шабақтарды есейген соң үлкен су айдынына тастаймыз. Ол көлде балықтар 3-4 ай бағылып, семіртіледі. Бүгінде балық етіне көрші елдерден 1000 тоннаға дейін тапсырыс түсуде», – дейді кәсіпкер Нұрбол Жанұзақов.
Тропикалық балықты өсіру үшін айрықша күтім қажет. Балық бағып бизнес жасап, табыс тауып отырған іскер азамат бұл жоба биылға тек тәжірибе ретінде қолға алынып отырғанын айтады.
Leave a Reply