КІТАПХАНАЛАР ҚЫЗМЕТІНІҢ МАЗМҰНЫ ЖАҢАРДЫ

Мемлекет басшысы кітапханалар жұмысын жаңашаландыру  қажеттігін атап, күнімізде қарқынды дамыған электронды форматпен қатар дәстүрлі кітапхананың ағартушылық рөлі ешқашан жоғалмайтынын айтқан болатын.

Биыл Шымкентте 10 кітапхана жаңғыртудан өтіп, олардың мазмұны заманауи қызметтермен толықты. Солардың бірі модернизациядан өтіп, заман талабына сай жасақталған Шымкент қаласындағы  көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай оқырмандар игілігіне тапсырылған нысанды қала әкімі Мұрат Әйтенов аралап көрді. Адамды жан-жақты дамытатын орта – бұл кітапхана екенін айтқан қала басшысы биыл қалада он кітапхана жаңғыртудан өткенін жеткізді. «Жаңғырту – өткеннен қол үзіп, жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде жаңғыру – қолымыздағы барымызды жаңа қырынан тани білу дегенді білдіреді. Хабарларыңыз бар, интернет дәуірі – жастарымызды әдеби құндылықтардан алыстатып барады. Ақпарат дәуірін тұмшалай алмаймыз, оған бейімделуіміз қажет. Кітапханаларды ой-сананың орталығы ретінде алға жылжытуымыз қажет. Сондықтан, олардың қызметін жаңартып, жастарды тартатын орта ретінде қызметін жандандырудамыз керек»,-деді М.Әйтенов.

Модернизациядан өткен рухани орталықтың жұмысымен танысуға  Алматы қаласы мен Жамбыл және Қызылорда облыстарының зағип жандарға арналған кітапхана басшылары да арнайы келді. Олардың айтуынша, Қазақстанда заманауи интерьермен безендірілген, барлық азаматтарға теңдей мүмкіндік жасалған осы сынды жаңғыртылған кітапхана кемде кем.

Келушілерге креативті оқу бұрыштары қойылған және электронды кітап каталогтарымен танысуға мүмкіндік бар. Конференц залдар қарастырылып, заманауи техникалармен жабдықталған, интернет байланысымен қамтылған. Сонымен бірге, балалардың қосымша білім алып, ойнап тынығуына арналған «Baby Books» залы, демалыс бұрышы мен музыка тыңдауға арналған орындар да бар. Оқырмандар қажеттілігі үшін кофе-бар қызмет көрсетіп, кітапханалық ортада ғылыми дебаттар, дискуссиялар өткізуге мүмкіндіктер ашылған. Сондай-ақ мұнда түрлі бағыттағы кездесулер, әдеби ток-шоулар, библио-аукциондар, бенефистер, практикумдар, блиц-викториналар ұйымдастыруға ұтымды орта түзілген. Кітаханада оқырмандарға арналған жазғы мезгілдегі сахна, жазғы кітап сөрелері, ересектер мен балаларға арналған әткеншектер, заманауи капсулалар және балалар алаңшасы орнатылған.

Бұл кітапхана өз қызметін 1969 жылы бастап, бүгінде 7 мыңнан астам зағип жандарға кітапханалық қызмет көрсетеді. Кітапханада «Дыбысты кітаптар шығару», «Брайль кітаптарын  басып шығару» бөлімдері мен қазақша бедерлі-нүктелі шрифтің авторы Ақан Қасымовтың атында зал бар. Аудиоформаттағы кітаптар санын ұлғайту жобасы шеңберінде биыл әдебиеттерді дыбыстау жұмыстарына қалалық театр әртістері мен мәдениет қызметкерлері жұмылдырылды. 

Арнайы кітапхананың кітап қоры 140 мыңнан астам әдебиеттен тұрады. Оның ішінде бедерлі-нүктелі әріпті, жазық баспалы, дискіде, нашар көретіндерге арналған мәтіні үлкейтілген әріптер жазылған әдебиеттер мен мерзімді басылымдар, кіші қалыптағы мүсіндер, бедерлі-графикалық құралдар қамтылған. Аудио әдебиеттер қоры 5 мыңнан астам көркем шығармалардан тұрады.

Модернизация жұмыстарынан кейін оқырман санын 14 мыңға, келушілер санын 110 мыңға, кітап берілімін 170 мыңға және кітап қорын 150 мыңға арттыру көзделуде.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика