2024-09-20

СЫН САҒАТТА ТОЙТАРЫСҚА ТӨТЕП БЕРДІ

Алаңға жиналған мыңдаған адам, барлығы дерлік «суық қаруланған». Көк түтін, өртенген, қираған  көліктер мен ғимараттар. Қарсы шығып, қорғамақ болғандардың барлығы таяқтың астына қалуда. Тіпті, құтқарушылардың өзіне құтқаруға, тілсіз жауды жоюға мұрша бермейтін тобырдың көздеріне ештеңе көрінбейтіндей. Мұның барлығы 4-6 қаңтар күндеріндегі Шымкент қаласындағы дүрбелең еді. Бұл жағдай еліміздің көптеген қалаларында орын алды. Қорқынышты. «Енді ешқашан қайталанбасыншы» деп тілейтін көрініс.

«Форма киген» кез-келген жан жау көрінетіндей. Жалындаған өртті сөндірмек болған өрт сөндірушілерге де шабуыл жасалып жатты. Дүрбелең салғандардың «Сөндірмейсіңдер! Жансын! Қирасын! Өздерің формаларыңды  шешіңдер де, біз жаққа өтіңдер!» деген талаптарына көнбеген бұл сала қызметкерлеріне өрттен бөлек, сол тобырдан да үлкен қауіп төнді. Бірақ антына адал азаматтық қорғау органының қызметкерлері еш тойтарысқа қарамастан өз міндеттерін атқарып, соңына дейін күресті.

Қалалық әкімшіліктің алдында алғашқы көлікті өртеді. Неге болса да дайын тұрған,  кезекшіліктегі өрт  сөндірушілердің  жан таласа өртті сөндіру үшін көліктерімен оқиға орнына жақындағаны  сол еді тас қарша борады. Оған да қарамай өз жұмысын атқарып жатқан өрт сөндірушілерге жан-жақтан жиналған қолдарында қарулары бар бір топ адам тап берді. Сол кезде өртті сөндіру, сондай-ақ жеке құрамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бірге жүрген басшы құрам барынша тоқтатып, келіссөзге көшті. Отқа оранған көлік әкімшілік ғимаратына тым жақын орналасқан еді. Яғни, көліктен өткен өрт көпқабатты ғимаратқа тарап кету қаупі болды. Не де болса, тілсіз жауды ауыздықтау керек еді. Оған да келіссөз жүргізе отырып, тойтарыс бере жүріп, қол жеткізілді.

Алайда, олар мұнымен де тоқтаған жоқ. Бірінен кейін бірі жеңіл көліктер, автобустар өртке оранды. Тіпті, мереке кезінде қойылған жасыл шыршаға дейін өрт қойылды. Түрлі жолдармен айналып келіп, қаншалықты қиын да, қауіпті болса да шымкенттік өрт сөндірушілер өртті сөндірумен айналысып жатты. Түрлі кедергілерді келтіріп, өртті сөндіруге мүмкіндік бермеген сәттер де болды.

Бір кезде сол алаңдағы үлкен ғимараттардың бірі «Көрме орталығы» өртке оранды деген хабар түсті. Күштер мен құралдар оқиға орнына жұмылдырылды. Сонша тығыз болып жиналған тобырдың арасынан өміріне қауіп төніп тұрса да ештеңеге қарамастан өтіп, сонау төрде орналасқан  жалындап жанып жатқан орталыққа жетудің өзі қандай қиын болды десеңізші. Жеткен кезде қолдарына қару алғандар лезде келіп, тіпті пышақ кезеніп, өртті сөндіруге жол бермейтіндерін айтты. Алайда, қалай болмасын өрт сөндірілуі қажет. Сол мезетте басшы құрам Полиция департаментінің қызметкерлеріне жүгініп, арнайы жасақ көмекке келді. Осылайша, аумағы  260 м2  құраған орталықтағы ауқымды өрт  сөндірілді.

Мұндай қиындықтар қаламызда орналасқан «Нұр Отан» және Прокуратура ғимараттарына өрт қойылған сәтте де орын алды. Бірақ, біздің өрт сөндірушілер өз өмірлерін тәуекелге тігіп, қанша қауіпті болса да міндеттерін адал атқарып шықты. Осылайша, сын сағатта да өздерінің антына адал екенін тағы да бір рет дәлелдей білді.

Қ.АРСЛАНОВ

Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы азаматтық қорғау подполоковнигі

Яндекс.Метрика