2024-09-23

Жәрдемақыны SMS арқылы рәсімдей бересіз

16 мыңға жуық қазақстандық көпбалалы отбасылар үшін тағайындалатын жәрдемақыны проактивті форматта алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өткен жылдың мамыр айынан бастап әйелдерге төртінші немесе одан да кейінгі баланы туған кезде тағайындалатын көп балалы отбасылар жәрдемақысын алу үшін ХҚО-ға жүгіну міндетті емес, мемлекеттің өзі барлығын қашықтан SMS арқылы рәсімдеуді ұсынады.

Бұдан бұрын аталған жәрдемақыны ресімдеу үшін ХҚО-ға барып, өтініш жазып, жеке куәлік, балалардың туу туралы куәліктері мен неке қию куәлігі сияқты құжаттарды ұсыну қажет еді, ал жәрдемақы өтініш берілген күннен бастап тағайындалатын.

«Отбасында төртінші немесе одан кейін тағы бала туылған жағдайда, проактивті түрде баланың туу туралы куәлігін, бала туу мен оның бір жасқа

дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақыларды ғана емес, көп балалы отбасылар үшін жәрдемақыны ресімдеуді ұсынатын SMS-хабарлама да жіберіледі. Мұнда клиенттің SMS-ке келісімі ғана керек. Қажетті мәліметтер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынады. ХҚО-ға барудың қажеті жоқ», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Әділ Қожықов.

Көп балалы отбасылар үшін жәрдемақы 2020 жылдың басынан бастап төленеді. Төлемді төрт және одан да көп бала туған әйелдер ала алады.

Қазіргі уақытта бұл жәрдемақыны 487 мыңнан астам қазақстандық отбасы алады. Оның ішінде 63 437 әйел «Алтын алқа», 138 571 әйел «Күміс алқа» иегерлері.

2022 жылы көп балалы отбасыларға тағайындалатын жәрдемақы мөлшері:

4 балаға 49 100 теңге;

5 балаға 61 383 теңге;

6 балаға 73 666 теңге;

7 балаға 85 948 теңге;

8 балаға 98230 теңге;

Келесі әр балаға +4 АЕК.

Айта кетейік, Қазақстанда 4 және одан да көп кәмелетке толмаған баласы немесе 23 жасқа толғанға дейін күндізгі бөлімде оқитын бірге тұратын балалары барлар көпбалалы отбасы болып саналады.

6 бала туған және тәрбиелеген көпбалалы аналарға «Күміс алқа», ал 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелегендерге «Алтын алқа» беріледі. 1414 нөмірінен қызметтерді проактивті түрде рәсімдеуді ұсынатын sms-хабарламаларды алу үшін телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс.

Егер әйел қандай да бір себептермен SMS арқылы қызмет ала алмаса, ол бұрынғыдай ХҚО-ға жүгіне алады.

Толық ақпаратты 1414 нөмірі бойынша білуге болады.

Педагогтарға 1,4 млрд теңгенің қаражаты қайтарылды

Былтыр білім саласындағы кәсіподақ мүшелерінен заңсыз ұсталған және төленбеген 1,4 млрд теңге қайтарылды. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің баспасөз қызметі осындай мәлімет таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстанның білім саласында 500 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі жұмыс істейді. Аталмыш салалық кәсіподақ өкілдері өткен жылдың қорытындысын шығарған екен. «Өткен 2021 жылы еңбек заңнамасының орындалуын қоғамдық бақылау шеңберінде білім кәсіподағы 1 730 тексеру жүргізді. Оның ішінде 2 797 еңбек заңнамасының бұзылуы анықталды. Оның еңбекақы төлеу бойынша – 783, еңбек қатынастарын ресімдеу бойынша – 798 және жұмыс уақыты мен демалыс уақыты режимі бойынша – 363 заңсыздық тіркелді. Мүшелік ұйымдар мен салалық кеңестің құқықтық қызметінің көмегімен заңсыз жұмыстан шығарылған 17 қызметкер жұмысқа қайта алынды», — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, кәсіподақ органдарының талабы бойынша кәсіподақ мүшелеріне 1,4 млрд теңге мөлшерінде заңсыз ұсталған немесе төленбеген ақша қайтарылған. «Құқықтық мәселелер бойынша 21141 кеңес берілді. 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сала ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 8 363 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Техникалық инспекторлар еңбек жағдайлары бойынша 3825 тексеру жүргізді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде салада жарақаттану көрсеткіші 10-нан 8-ге дейін төмендеді», — деп жазады кәсіподақ өкілдері.

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика