Шаһар көркін ашатын аялдамалар орнатылды. Бұл жолы жаңа типтегі шыны бекеттер саны артты. Автобус аялдайтын жолаушылар үшін барлық жағдай жасалды дейді жауаптылар.
Қаланы орталық көшелеріне ағымдағы жылы заманауи үлгідегі жаңа 160 аялдама қойылды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, қалған аялдамаларды қазан айының соңына дейін толығымен аяқтау жоспарланған. Шымкентте биыл қалаішілік орталық көшелерге 178 аялдама павильонын орнату жоспарланған болатын.
Айта кетейік, жаңа типтегі шыны барлық аялдамалар жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасына сәйкес орнатылады. Кешенді схеманы әзірлеудегі мақсат, елді мекендерді қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету және қоғамдық көліктердің қозғалысын қала тұрғындарының жүріп-тұруына оңтайландыру.
Жаңа аялдаманың айналасы шыныдан жасалып, жабындысы бұрыңғыға қарағанда көлемді болады. Автобус күтетін орындардың күннен, жауын-шашыннан қорғанысына басымдық берілді дейді мамандар. Жыл соңына дейін қалада жаңа типтегі аялдама орнатылып бітеді. Салаға жауаптылар жолаушыларға ыңғайлы болуы үшін арақашықтарын да жиілетіп отыр.Талаптар толықтай ескерілді деп тағы қосты.
Бекзат Молдасапаров, Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы: « Аялдамаларды орналастыру ҚР Жолаушылар көлігін тасымалдау және багаждарды реттеу қағидасына сәйкес орнатылуда. Арақашықтығы 400-800 метр аралығында орнатылып жатыр».
Жалпы, Шымкент қаласы бойынша 1886 аялдама орны бар. Оның ішінде 1336 аялдама павильоны болса, қалғаны аялдама белгілері орнатылған. 2021 жылдың қорытындысымен жаңа үлгідегі аялдамалар саны 670-ке жетті. Ал ескі үлгідегі бекеттер қалаға жаңадан қосылған тұрғын алаптарының аумағына орнатылады. Атап айтқанда, Жыланбұзған, Маятас, Қарабастау тұрғын алаптарының аялдама орны белгіленген жерлеріне қойылып жатыр.
Ия, жолаушыларға жағдай жасау мақсатында аялдамалар жаңартылып-ақ жатыр. Тіпті кейбірінің жылға жетпей тозығы жеткен. Сала мамандарының айтуынша, аялдамалардың ұзақ сақталып, қаламызды көркейтіп тұруы тек сапасына ғана емес, қала тұрғындарының жауапкершілікпен қарауына да байланысты.
Мойындау керек, бүған дейін аялдаманың түр-түрі қойылды. Темірден жасалғандары да талқандалып, «ақылды аялдамасы» білгенінен шатасты. Шынысын сындырып тастағандары да кездесті. Қоғамдық көлік күтетін орындарды қасақана жарамсыз еткен үш тұрғынға шара көрілген. Бүлінген нысандар құқықбұзушылар есебінен толықтай қалпына келтірілген. Бұл жағдай шымкенттіктерге сабақ болуы тиіс.
Айта өтейік, қаланың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 900 жаңа үлгідегі аялдама қала көшелеріне орнатылады. Өткен жылы 260 аялдама қойылса , биыл 150 орын жаңа павильонмен қамтылады. Кейінгі жылдары 300 аялдамадан орнатылатын болады. Осылайша жаңа үлгідегі аялдамалар үлесі 83,2 пайызға жетеді.
Шалғай елді мекендердегі 326 орынға орталық көшеден босаған аялдаманы демонтаж жасап, қайта орнату жоспарлануда.
Leave a Reply