Қаратау ауданының әкімі Тассайда тартылып жатқан газ құрылысымен танысты

Қаратау ауданының басшысы Рахымберді Мүлкеаманов «Тассай» тұрғын алабында жүргізіліп жатқан табиғи газ құрылысы жұмыстарының барысымен танысты. Құрылыс басталғалы тұрғындардан маза қашқан. Бірі шаң-тозаңнан терезе аша алмадық десе, енді бірі көшеде жүру мүмкін болмай тұр деген еді.

Аудан басшысы арызданушы тараппен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Еске сала кетсек, жұмыстарға тапсырыс беруші Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы, ал жауапты мердігер мекеме «Ремстрой».  Аудан әкімі аталған мекемелерге тұрғындарды алаңдатып отырған негізгі мәселелерді және құрылыс жұмыстары барысында қауіпсіздік талаптарын басты назарға алу қажеттігін ескертті.

Газ тарту құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған. Бүгінгі күнге дейін 36 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыстардың 50 пайызға жуығы аяқталды. Ішкі орамдық газ құбырын тарту жұмысы толығымен 2022 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Тассай елді мекені сапалы ауыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, кәріз жүйесімен қамту құрылысы да қатар жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесінің жалпы ұзындығы 115,2 шақырымды құраса, бүгінде оның 66,3 шақырымы орнатылып, құрылыстың 62 пайызы аяқталды. Пайдалануға беру мерзімі келер жылға өтпелі.

Айта өтейік, Қаратау ауданында  сапалы ауыз сумен қамтылған елді мекені -17. Осы жылы 6 елді мекен (Тұран, Достық, Қайнарбұлақ, Тассай, Асар-2, Нұртас), ал келесі жылы «Бозарық» елді мекенін сапалы ауыз сумен қамту жоспарлануда. Жартылай қамтылғаны – 3. Сонымен қатар, бес елді мекен кәріз жүйесімен толық қамтылса, 19 елді мекенді кәріз жүйесімен қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Кәріз жүйесі бойынша жалпы 5 жобаның (Мирас, Асар-2, Тассай, Достық, Тұран) құрылысы жүргізілуде. Ал, 2023 жылы нақты 6 жобаның (Тұран, Тассай, Асар-2, Нұртас, Достық, Ақжайық) құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарланған.

Бүгінде ауданда асфальтталып жатқан 26 нысан (19.8 км), толық асфальтталған 49 нысан (48.5км) бар. Жыл соңына дейін 14 нысан асфальттанады. Ал, 2025 жылға дейін ұзындығы 441,2 км құрайтын 466 көшенің жолдары асфальттанатын болады. Өткен жылы ауданда жарықтандыру көрсеткіші – 31 көшені құрады. Ағымдағы жылғы көрсеткішті 39-ға жеткізу жоспарда бар.

Айта кетейік, Шымкент қаласы Қаратау ауданында 2021 жылға қарағанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 10 есеге артқан. Өткен жылы 5 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биылғы жылы 26 үй ауласы жаңарып, ирригациялық арықтар салу бойынша 2 жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қоса, Сайрам шағынауданында да 10 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылады.

 

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика