2024-09-20

«New city» тұрғын үй кешенінен балалар алаңшасы ашылды

Бүлдіршіндерге тарту. Республика күні қарсаңында  Тұран шағынауданындағы «New city» тұрғын үй кешенінде балалар алаңшасы ашылды. Жаңадан ашылған балалар алаңшасы көптің сұрауы болатын.
Тұрғындар талай рет көтерген мәселе, шешімін тауып, балдырғандарды қуантты.
Балалар алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Рақымберді Мулкеманов қатысып, тұрғындарды Ұлттық мерекемен құттықтады.
Рақымберді Мулкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бүгін 25 қазан – Республика күні қарсаңында 9/3, 9/4, 9/6, 9/7 үйлердің ауласында жаңа балалар ойын және спорт алаңшасы қолданысқа беріліп отыр. Жалпы, биылдың өзінде 51 ойын және спорт алаңын салу жоспарланған болатын. Оның 41-і ойын алаңы. Мұның барлығы бүлдіршіндеріміздің игілігі үшін жасалып жатқан дүниелер. Барша аудан тұрғындарын Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын».
Жаңадан ашылған алаңшада демалуға арналған бастырма, орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері орнатылған. Ал, ересектер үшін дене шынықтырумен айналысуға да мүмкіндік бар. Жаттығуға арналған спорт тренажерлері салаутты өмір салтын ұстанушыларға сеп болмақ. Орнатылған ойын және спорт элементтерінің барлығы Шымкенттегі кәсіпорында өндірілген отандық өнім. Мердігер компания екі жылға кепілдік мерзім беріп отыр.
Қаратау ауданы аумағында жалпы 439 көпқабатты тұрғын үй 159 аулаға біріктірілген. Биыл 32 аулаға қосымша балалар ойын және спорт алаңшаларын салу жұмыстары жоспарланып, мемлекеттік акт алынды. Сонымен қатар, Бозарық шағынауданы мен Қайнарбұлақ тұрғын алабына Қаратау ауданы әкімі аппараты тарапынан мемлекеттік акт алынып, осы аталған жерлерге демеушілер есебінен ашық спорт алаңшаларын салу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.
Жалпы Қаратау ауданы аумағында бүгінгі күнге дейін 94 балалар ойын алаңшасы абаттандырылса, алдағы уақытта шамамен 15-ке жуық ауланы абаттандыру жұмыстарын жүргізу қолға алынатын болады.

Яндекс.Метрика