ҚАСИЕТ БОЙҒА ТІЛМЕН СІҢЕДІ ЕКЕН

Қасиет бойға тілмен сіңеді екен

 

Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеріп жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес екен. Оны көзімізбен көріп жүрміз. Олардан көп нәрсені үйренуге болатынын түйсініп те жүрміз. Олардың кейбірі бізден шешен сөйлейді, кейбірі төл тарихымызды бізден тереңірек біледі. Ішіңді тартасың, ойлану керек деп қаласың. Бүгін біз мақаламызға оқушылар арасындағы білім бәйгесінде оңтүстіктің атын шығарып жүрген орыс өренінің анасын кейіпкер етіп алдық. Баласының болашағын қазақ тілінен көрген, қазақ елінде өсіп азамат болуы үшін мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті деп санаған Татьяна Есикова Шымкент қаласындағы №1 қалалық емханада аға медбике қызметін атқарады. Александрдың анасының бала тәрбиесіне қатысты айтары да аз емес.

Ұлымның ой-өрісі биік азамат болып жетілуін армандап, соған жастайынан әрекет еттім. Баланың ең бірінші оқу-тәрбие алатын ортасы балабақша емес пе, Саша бақшаға көршіміздің ұлы Ерсінмен төрт жасында барды. Бір күні келіп: «Мама Ерсінге орыс тобында оқу қиын. Балабақшада тәрбиешілердің, балалардың айтқандарын жақсы түсіне бермейді. Мен оның сөзін басқаларға түсіндіріп беріп отырамын» деп тұр. Таңқалғаннан «сен қазақша жақсы түсінесің бе? деп сұрадым. –Иә, -дейді. Сенбей білетін бар қазақшамды салып сөйлесіп көрдім. Біршама түсініп тұр. Балам қазақша білу керек деген ой осыдан басталды. Содан Ерсіннің ата-анасына барып «Саша мен Ерсінді қазақ тобына өткізейік» деп ұсыныс айттым. Ұлым келісе кетті. Осылай қазақ балаларымен бірге ойнап, бірге жүріп қазақшаға судай болды, мен ширегінде қалдым.

Ашық-жарқын орыс келіншегі ұлының қазақы ортаға сіңісуінің оңай болмағандығын айтады.Ұлын облыс орталығындағы білімі сапалы саналатын мектепке өткізу үшін біраз әбігерге түсіпті.

— М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын мамандандырылған дарынды балаларға арналған №8 гимназияға оқушыларды қабылдарда өте жоғары талап қояды. Мен осы мектепке қазақ тобына баламды жетектеп барғанымда, мұғалімдер қабылдаудан бірден бас тартты. «Бізде баланың біліміне талап өте жоғары. Орыс отбасында өскен бала, қазақ сыныбының бағдарламасын игеріп кете алмайды. Оның үстіне өзіңіз де күйеуіңізде қазақ тілін жақсы білмейді екенсіздер. Ертең, балаңызға үй тапсырмасын орындауға қалай көмек бермексіздер» — деді. Мен алған бетімнен қайтпадым. Балам қазақ сыныбында оқу керек деп тұрып алдым. Өзіміз қазақша білмесекте, баламыз судай сөйлейді. Сенбесеңіздер, сөйлесіп көріңіздер дедім. Содан қабылдауда отырған ұстаздар балама: Сен қай жерде тұрасың? Отбасың, достарың туралы айтып берші дегендей сауалдарды қойды. Александр мүдірместен, тақылдап жауап берді. Содан кейін ғана мұғалімдердің жүрегі жібіді. Тіпті риза болып «мына балаңыздың еуропалық бет-бейнесі болмаса, сөзіне қарап нағыз ауылдан келген бала ма деп қаласың» деп мақтап тест тапсыруға рұқсаттарын берді. Өтсе, мектепке қабылдаймыз деді.

Тест тапсыруға келдік. Балалар қазақ және орыс сыныптарына қабылдану үшін екі қатар боп тізіліп тұр. Бір кезде бір мұғалім келіп менің баламды жетектеп орыс балаларының қатарына апарып қойды. Бақылап тұрған мен бардым да, қайтадан қазақ балаларына қосып қойдым. Жаңағы апай, қайтып келді де Сашаны сүйреп орыс балаларына қайтадан қосып қойды. Шыдай алмадым: «Сіз баланы неге, әрі-бері сүйрей бересіз? Ол қазақ сыныбына тест тапсырады» дедім. Осылай әбден әбіргерге түстім. Балам тест тапсырып шықты. Тест қорытындысы шыққанша әбден қобалжыдым. Жұмыс орным мектепке жақын болғандықтан, араға біраз уақыт салып асығып мектепке қайтадан келдім. Дәлізде плакат іліп жүрген мұғалімнен 1 сынып оқушыларының тест нәтижелері ме деп сұрасам, ол емес, бірақ балаңыздың тегін айтыңыз дегені. Есиков, — деймін. Ә, әлгі қазақ сынына тапсырған орыс баласы ма, 100% сұрақтарға дұрыс жауап беріп, мектепке қабылданды, — деді. Қуанғанымды көрсеңіз. Бұл балам екеуміздің бірінші жеңісіміз еді.

       Жолдасыңыз қарсы болмады ма дейміз біз кейіпкеріміздің әңгімесін бөліп:

       Қарсылық болды. Кешкі ас үстінде жолдасыма: «Құттықтаймын, біздің Саша №8 гимназияның қазақ сыныбына қабылданды» дедім. Ол бірден сенің бұның қалай, екеумізде қазақшаны жарытып білмейміз. Өзің білмеген нәрсені балаңа қалай үйретесің? Ертең сабақ үлгерімі нашарлап кетсе қайтеміз деп ренжіді.

       Қымбаттым, еш қамықпа. Сен жақсылап жұмыс істеп, қаржылай қолдау көрсетсең репетитор жалдаймыз» дедім.

       Репетитор күндіз-түн жаныңда емес, ата-ананың орны бөлек қой…

       Әрине, ол көндіру үшін айтқан әңгімем ғой. Өзіме оқуға тура келді. Орыс сыныптарына арналған математиканы сатып алдым. Өйткені, олардың жалпы мазмұны бірдей болып келеді. Екі кітапты салыстыра отырып, амалдап математикадан өзім көмек бердім. Мен үшін қиын мәселе қазақ тілі болды. Бұл тығырықтан шығу үшін үлкен екі сөздік сатып алдым. Бір күні мынадай қызық болды. Сөздерді орын тәртібі арқылы байланыстыр деген тапсырманы орындау үшін әрбір сөзді сөздікпен орысшасын аударып шықтым. Бәрібір тілді жетік білмегендіктен сөйлемді құрастыра алмай әбден әлекке түстім. Ақырында құрбыма телефон шалып тапсырманы орындап шықтық. Тілді білмесем де күнде баламның үй тапсырмасының орныдалуын қадағалап отырдым. Бір ғана мектеп мұғаліміне сенім артып, баланы еркіне жіберуге болмайды ғой. Әке-шешеге баламен күнделікті жұмыс істеу керек. Ана тілі, Табиғаттану сабақтарынан «Саша қане түсінігіңді айт», деймін ол айтып отырғанда кітапқа қарап отырамын ұқсас сөздерді іздеп, бірдей сөздер көп болса оқығанына сенетінмін.

       Осыншама еткен еңбек, төккен тердің нәтижесі қалай болды?

       Құдайға шүкір балам өте парасатты болып өсті. Зылиха деген қосымша дәріс беретін апайымыз болды. Саша алғаш сабағына барған күні сол кісі маған телефон шалып «осыншама ақылы көп, парасатты баланы қайдан алғансыз» деді. Ана үшін баласы туралы жақсы пікір есітуден асқан бақыт жоқ. Төбем көкке бір елі жетпей қалды.

Өткен жылы ғана көп тілді білетіндер балалар арасында өткен республикалық сайыста бас жүлдені жеңіп алды. Міне еңбегіміздің жемісі. Құдай қаласа, биыл он бірінші сыныпқа қадам басып отыр. «Алтын белгіге» үміткерлердің қатарында. Ұлым ұстаздарының сенімін ақтайды деп үміт артамын.

       Балаңызды қалай жігерлендіресіз?

       Әрбір сайыстан алған грамоталарын қабырғаға іліп қоямын. Бүгінде бір жақ қабырға тегіс мақтау қағаздарымен толып тұр. Бұл оның жетістіктерінен жігер алып, әрі қарай талпынуына жақсы септігін тигізеді деп ойлаймын.

       Александр «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 2011 жылдың сәуір айында берген сұхбатында болашақта дипломат болғым келеді депті.

       Жоқ, ол қазір мықты әскери дәрігер болуға дайындалып жүр. Оған себеп, мен бірде қатты ауырып, ауруханаға жатып қалдым. — Мама, сіз ауырмаңызшы. Өскенде мен дәрігер болып өзім сізді емдеймін деді. Содан бері дәрігер боламын деген шешімін өзгерткен емес.

       Анасына қамқор Александр үй тірлігіне де епті шығар?

       Иә, ол тіпті мен жұмыста жүрген кезде мәнтіні өзі жасайды. Тіл үйірер «пирог» пісіріп әкесі екеумізді қуантқанды жақсы көреді.

       Қазақ балаларының ортасында өскен балаңыздың бойынан, қазақ ұлтына тән қасиеттерді байқайсыз ба?

       Байқаймын. Ол қазақ тілін өз ана тіліндей қадірлейтін бала. Ол өте кішіпейіл, дандайсуды білмейді. Қарияларды қадір тұтады. Менің құрбымның анасы екеуі дос. Ол кісі Сашаны немересіндей көреді. Саша да әжесін мерекелерде міндетті түрде құттықтайды. Бірде ол кісінің туылған күнінде барлық 9 немересі әжелеріне орысша тілек білдіріп, біздің Сашаға кезек келгенде орнынан тұрып «Әже деніңіз сау, өміріңіз ұзақ болсын. Өмір жолыңыз қалыңдықты ұзатардағы ақ матадай ашық болсын» деп тілек айтқанда апа көзіне жас алып, көңілі босап қалыпты.

Ел мақтанышы болар, парасатты перзент тәрбиелеп отырған анамен арадағы әңгімеміз осылай өрбіді. Ол балаға тек қана үйрету керек емес, одан үйренуге де болады. Ол үшін баланы тыңдай білу керек дейді. Қазір Таняның өзі де қазақ тіліне әжептеуір төселіп қалған. Жұмыс барысында алдына келгендерден алдымен қазақ тілінде жөн сұрасып, саулық білісіп жатады. Ұлының жақсы қасиеттерін мақтаныш ететін ол мінезде, жақсы қасиетте адамның бойына тілмен сіңеді екен дейді. Және тәуелсіз еліміздің болашағының жарқын болатынына кәміл сенеді. Ұлымның қазақ тілін білетіндігі өзінің өміріне де зор өзгерістер әкелгенін айтады.

Әлия Ахметова

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика