2024-09-23

ҚАЙНАРБҰЛАҚТАҒЫ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ МӘСЕЛЕСІ КЕЛЕР ЖЫЛЫ ТОЛЫҚТАЙ ШЕШІЛЕДІ

Шымкенттегі Қайнарбұлақ тұрғын алабында инфрақұрылым құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бүгін шаһар басшысы М.Әйтенов аталған аумақта атқарылып жатқан жұмыс сапасын кезекті рет тексеріп шықты.
“Ескертулер еленбей қалмауы керек. Бірінші кезекте сапаға жіті мән береміз, ал нысандардың мерзімінен кешіктірілмей пайдалануға берілуі — негізгі шарт”,-деді қала әкімі тиісті сала басшыларына тапсырма жүктей отырып.  Қайнарбұлақ тұрғын алабын ауыз сумен қамту құрылысы жоспарға сай кезең кезеңімен жүзеге асуда.
Ауыз су жүйелерінің жалпы ұзындығы 329,8 шақырымды құрайды. Бүгінгі таңда 30%-ы тартылған. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады.
Ал табиғи газбен қамту құрылысы II кезең бойынша жүргізілуде. І кезең бойынша жалпы жұмыс көлемінің 25%-ы аяқталған. ІІ кезеңнің де құрылыс жұмыстары қарқынды. Тұрғындар игілігіне келесі жылы берілмек.
Сондай-ақ елді мекенді сапалы электр қуатымен қамту бойынша да жұмыстар жүргізілуде. Электр жүйелерінің жалпы ұзындығы 68, 6 шақырымды құрайды. Бүгінде оның 40%-ы аяқталды. 2023 жылдың алғашқы жарты жылдығына дейін жергілікті халық сапалы электр жарығын тұтынатын болады.
Оған қоса, көшелерді жарықтандыру мәселесі де рет-ретімен шешілуде.
Биыл Степная, Бөлешов, №125 мектеп орналасқан көшелер жарықтандырылса, келесі жылы Дружба, Фабричная, Металлург, Заводская көшелері жарықтандырылатын болады.
Абай ауданына қарасты Батыс шағын ауданында инженерлік инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Елді мекен 2021 жылғы жұмыстар нәтижесінде толық ауыз сумен қамтылған.
Қазіргі уақытта тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында мердігер мекеме тарапынан біршама жұмыстар атқарылуда. Жобаның техникалық сипаттамасына сәйкес жалпы жұмыс көлемінің 55 %-ы аяқталған. 2023 жылы құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
» Елді мекенде жалпы ұзындығы 37 шақырым болатын газ құбыры тартылып, табиғи газбен қамту жұмыстары 100 %-ға аяқталған. Бүгінгі таңда тұрғын үйлердің газ тарту дайындығын тексеру жұмыстары жүргізілуде»,-деді басқарма басшысы Б.Булатбеков
Шаһар басшысы сала мамандарына жобаны сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

Возможно, вы пропустили

Яндекс.Метрика