Шымкентте бизнесті қорғауға арналған экожүйесі іске қосылады

Шымкентте кәсіпкерлердің алдынан туындаған кедергілерді шешуге арналған салалық байланыс топтары құрылады. Бұл цифрлы экожүйе іскер азаматтарға 600-ден аса мемлекеттік қызметті «бір терезе» қағидаты бойынша алуға мүмкіндік береді. Бұл туралы үшінші мегаполисте өткен ауқымды кездесуде айтылды. Шаһар басшысы іскер азаматтарға кездескен түйткілдерді тездетіп шешуге арналған байланыс топтарын құру туралы шешім қабылдады.

Бизнеске арналған жаңа жүйе экологияға қатысты емес, тек атауы биологияға қатысты. Бұл терминді 1930-жылдары британ ботанигі Артур Тэнсли қолданысқа енгізген. Ол экожүйе деп өзара және қоршаған ортамен байланысатын ағзалардың шағын қоғамдарын атаған. Өсіп-даму үшін бұл ағзалар өзара байланыста болады әрі бәсекеге түседі. Осылайша қоршаған ортаның сынына төзіп, жетіледі. Бизнес те солай. Заман сынынан сүрінбей өтіп, даму үшін кәсіпкерге де өзі сияқты қоғаммен тығыз байланыста болуы керек.

Осылайша «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдеріне де, тұтынушыларға да пайдалы істі қолға алып, соңына дейін жеткізбек. «Кәсіпті қорғау экожүйесі», аты айтып тұрғандай, бірінші кезекте кәсіпкерлікті қорғауға арналмақ.

Кәсіпкерлікті реттеуді «жаңадан» бастау үшін міндетті талаптардың тізілімі енгізіледі. Бұл бизнеске арналған барлық талап жазылған бірыңғай база болмақ. Онда жаңа реттеу саясына қатысты талаптар ғана болады. Осылайша 2024 жылдан бастап талап осы тізілімге енгізілмеген болса, онда мемлекеттік орган бизнесті сол бойынша тексеріп, жазалай алмайды. Яғни, тізілімде талап жоқ болса – жаза да жоқ. Тізілімді қалыптастыру және жүргізуді Ұлттық экономика министрлігі «Әділет» жүйесінің базасында жүзеге асырады.

Уақыт пен ресурсты тиімді пайдалану үшін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың биылғы 5 наурызда қол қоюымен мемлекеттік реттеуді «жаңадан» ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асыруға қатысты 2022-2023 жылдарға арналған жоспар-кесте бекітілді. Бұл құжатта барлық ұйымдастыру шаралары, орындау мерзімі мен кезеңдері көрсетіліп, мемлекеттік органдар бекітілген.

Leave a Reply

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Яндекс.Метрика